Accessibility links

Қазақстанда жанармайдың қолдан қымбаттатылғаны анықталды


Бесінші тамыз күні әлемдік мұнай биржаларында арзандай бастаған «қара алтынның» бағасы әлі төмендеп жатыр.

13 тамыз күні Лондондағы биржада Ipe Brent Grude марклі мұнайдың бағасы 111,15, ал Нью-Йорктағы биржада Light, Sweet Crude Oil мұнайы 113, 01 долларды құрады. Бұл шілде айының басындағы бағамен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Ол уақытта әлемдік нарықтағы мұнай бағасы барлық рекордтық көрсеткіштерді бағындырып, 144-147 долларға дейін шарықтаған болатын.
Мұнай бағасының арзандауы Қазақстанның ішкі нарығына әлі әсер еткен жоқ, жаздың басында біртіндеп қымбаттай бастаған жанар-жағармай бағасы 11 пайызға дейін өсті. Содан бері бұл баға ешқандай өзгеріске ұшырамай, тұрақтылығын сақтап тұр. Қазақстандық кейбір басылымдарда жанар-жағармайдың қымбаттауын Ақтаудағы мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары басталғандығына орай, оның тоқтап қалғандығымен байланыстырған болатын. Сол уақытта тәуелсіз басылымдардың кейбірі монопалистер жанармайдың бағасын қымбаттату үшін бір-бірімен келісіп, зауыт жұмысын әдейі тоқтатты деп жазды.
Қазақстандық билік осы мәселені шешу үшін бірқатар әрекеттер жасаса да, жанармай бағасының өсуін тоқтата алмады. Мәселен, Қазақстан үкіметінің ҚР Кедендік кодексінің 8 бап, 2-тарауына орай, 2008 жылдың 1 шілдесінде қабылдаған қарарына сәйкес, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін жанар-жағармай мен дизельдік отынды сыртқы нарыққа сатуға тиым салынды. Бірақ, бұдан ешқандай нәтиже байқалмады. Өйткені, маусымның алғашқы күндері 92 теңге тұрған А-93 бензинінің литрі айдың ортасында 104 теңгеге дейін жетіп, қазір бұл көрсеткіш – 107-109 теңгенің арасында.
Осыдан біраз уақыт бұрын Бәсекелестікті қорғау агенттігінің жетекшісі Рахат Тұрсынов мұнай мен мұнай өнімдері нарығындағы қолдан жасалған қымбатшылыққа қатысы бар деген күдікпен 30-ға жуық ірі кәсіпорындардың тексеріліп жатқандығы туралы хабарлаған. Сол уақытта агенттіктің қырына Павлодар, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттары «Петро Қазақстан», «Гелиос» пен басқа да ірі компаниялар іліккен болатын. Оның артынша Энергетика және минеральды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев компания басшыларын жинап алып, осы мәселе бойынша бас қосу өткізді. Ол кезде де министр жанармайдың қымбаттауына «Гелиос» компаниясының көп үлес қосып отырған қадап айтты.
Жоғары басшылық тарапынан осындай шаралар ұйымдастырылса да, Қазақстандағы жанармай бағасы арзандамай қойды. Бұл проблеманың өзгеріссіз қала беруіне жанармай сатумен айналысатын компаниялар жоғары басшылықтың сөзін құлағына ілмеді ме, әлде тағы басқа себептер әсер етті ме, белгісіз.
Таяуда Бәсекелестікті қорғау агенттігі тексеру жұмыстарын қорытындылап, Қазақстандағы 64 компанияға қатысты құжаттарды Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне өткізді. Бұдан былай айтқанға көнбеген мекемелермен қаржы полициясы айналысатын болады. Агенттік мамандарының айтуынша, бұл компаниялар өздерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, жанармай бағасын бір-бірімен келісу арқылы қолдан өсірген.
Қазақстандағы жанармай бағасына ішкі және сыртқы факторлардың ешқайсысы да әсер ете алмай отыр
Олардың іс әрекетінде бәсекелестікке қарсы келісімдердің бар екені де анықталды. Агенттіктің тексеруіне іліккен 32 ірі субъектіні айтпағанда, кіші және орта кәсіпорындар да назардан тыс қалмапты. Тексеру жұмыстарының нәтижесі көптеген компаниялардың өз өнімдерінің бағасын көтерулеріне ешқандай себептің болмағандығын анық көрсетті.
Дегенмен, бұл тексерулер ішкі нарықтағы жанармайдың бағасына әсер етеді деп кесіп айтуға да болмайды. Өйткені, министрлік те, агенттік те Қазақстанда жұмыс істеп отырған ірі компанияларды бір емес, бірнеше рет ескертті. Одан кейін, тексеру жұмыстары басталғанда да ішкі нарықтағы жанармай отынының бағасы арзандаған жоқ.
Жылда егін орағы тақалғанда қайталанып отыратын жанармай бағасының қымбаттауы биыл да ауыл шарушылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін ауыр соққы болды. Негізі, бұл мәселенің қиыншылығын қарапайым халық барлығынан көбірек тартты. Егін егумен айналысатын диқандар «дәстүрге» айналған бұл үрдіске еттері әбден үйреніп кетсе де, қуаңшылықтың салдарынан егіндік алқаптарының біраз бөлігінің қурап кетуі жығылғанға жұдырық болды.
Астанада 11 тамыз күні өткен үкіметтің селекторлық отырысында Энергетика және минеральды ресурстар вице-министрі Болат Ақшолақов егіндікті суғару басталған уақытта айына 1 миллион мұнай өндіріліп, 300 тоннаға дейін дизельдік отын шығарылатынын айтты. Ауылшаруашылығы жұмыстарына 1 айда 130 тонна дизельдік отын керек болса, министрліктің айтып отырғаны тұтыну нормасынан 3 есе көп. Дегенмен, вице-министрдің өзі де ішкі нарықтағы жанармай бағасының бұдан да қымбаттап кетуі мүмкін екендігінен қауіптенгеннен кейін бе, жанармайды сыртқа сатпау туралы үкіметтің қаулысының мерзімін тағы да созу керектігін жеткізді.
XS
SM
MD
LG