Он жылға созылған дау
1997 жылы «Тұзды шөгінділер қабатындағы мұнайгазконденсаттары кенін анықтау тәсілі» деп аталатын патентін Ресей Федерациясында, кейіннен Қазақстанда тіркеуден өткізген ғалым сол кездегі ОКИОК (қазіргі AGIP) компаниясына өзі барып, жаңа технологиясын ұсынған екен.
- Олар жаңа жұмыс жасай бастаған уақытта мен ОКИОК-тың бас менеджері Пол Джеффримен арнайы кездескен едім. Оған технологиямды көрсетіп, қыруар ақшаны желге шашып, кез-келген жерге босқа бұрғы сала бермеу үшін қай жерден бұрғылау керек екенін де айттым. Олар мені әріптес болуға шақыратындарын айтып шығарып салған. Ал 2000 жылы AGIP -тің сол мен көрсеткен жерден аса ірі кен орынын тапқанын естідім. AGIP-тің ғылыми жаңалығымды қолданғандарына күмәнім болған жоқ. Өйткені мен 20 жылдан астам уақыт осы салада геолог болып жұмыс істеген адаммын. Бұл ғылыми жаңалық та сол Батыс Қазақстан экспедициясының геофизикалық зерттеулер жөніндегі бас геологы болып істей жүріп көрген, жинақтаған тәжірибелер қорытындысына негізделген болатын. Содан бері менің әртүрлі инстанциядағы соттарға жүгірісім жалғасып келеді. Осы уақытқа дейінгі сот шешімдерінің бәрі менің пайдама шығарылған емес. Әділеттілік іздеп Жоғары Сотқа дейін бардым. Жоғары Сот менің патентімнің ҚР қорғалатын заңды құжат екенін нақтылаған шешім шығарды, - дейді Құрбанов.
Шығыс Қашағаннан кейін Аджип осы аралықта басқа да Оңтүстік Батыс Қашаған, Қайран, Ақтоты тәрізді шағын кен орындарын ашты.
Патент дауынан саясаттың да исі шыға бастады
Жалпы қазір Құрбановтың қойып отырған талабы біреу: не AGIP тиісті геологиялық карталарын көрсетіп, нақты айғақтармен өз технологияларымен кеніш мұнайын игеріп отырғандарын дәлелдесін,не болмаса интеллектуалдық жекеменшікке қол сұққаны үшін айыппұл төлесін.
AGIP компаниясының басшылығы бұл даулы мәселе жайлы ресми түрде түсініктеме айтпайды. Тек сот процестері барысында компания Қашаған кен орынын өз технологияларымен ашты деген жалаң сөзбен шектеліп отыр. Қашаған мұнайын өз тәсілімен анықтағанын дәлелдейтін геологиялық-геофизикалық карта-материалдарын әкелуді сұраған атыраулық соттар талаптарын AGIP мүлде елеп отырған жоқ. Оның орнына сол кезде кеніштің геофизикалық зерттеулерімен айналысқан «Шлюмберже» компаниясы мамандарын қазір іздеп табу мүмкін болмай тұр деген сылтауды көлденең тартатын көрінеді.
Ал соңғы сот отырыстарының бірінде AGIP мүддесін қорғап келген халықаралық «Саланс» заңгерлік компаниясының заңгері Қ.Сқақов «Құрбановтың талабы ҚР ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді және Қашаған жобасын жүзеге асыру барысында шетелдік компаниялармен мен мемлекет арасындағы есепке зиянын тигізеді» деген мәлімдеме жасады.
AGIP неге үндемейді?
Дегенмен кейбір көне көз геологтар AGIP үнсіздігін басқаша жорамалдайды. Олар Құрбанов ОКИОК-ке барғанға дейін олардың қолында ақпарат болды деп санайды. Одақ ыдырай бастаған 90-шы жылдары өздерін «консалтингтік компания» деп атаған Қазақстанға қарай ағылған шетелдіктер легі қазба байлықтары жайлы ғалымдар ақпаратын жаппай сатып ала бастағанын айтады. Мұны «Казпромгеофизика» АҚ компаниясының бас геофизигі Әділов Амантұрлы да растайды.
-Біз ол кезде Батыс Қазақстан экспедициясы құрамында геофизикалық зерттеулермен айналысып жүрген едік. Жоғары жақтан барлық есептеріңді жіберіңдер деген нұсқау алдық және сол нұсқау бойынша барлық мәліметтерді Алматыға қарай жөнелттік. Мұны сол кездегі Каспий теңізіндегі ірі кен орындары жайлы ақпараттан құлағдар азаматтарымыз істеп отырғанын да білеміз. Өйткені олар шетелдік компаниямен өзара келісімге отырды, ел дәулетін сырттай саудалау арқылы аса үлкен мансап пен байлыққа қол жеткізді деп есептеймін. Оны сол кезде белгілі болған Теңіз, Қарашығанақ тәрізді аса ірі кен орындарымен қатар ашылған ұсақ кеніштердің сұранысқа ие болмай, тек қомақтыларына шетелдіктердің мықтап қол салғанына байқауға болады, - дейді Амантұрлы Әділов.
1999 жылдары ОКИОК пен Құрбанов арасындағы сотта ОКИОК мүддесін қорғаған адвокат Юрий Болотов та бұл әңгімені құптайды.
- Мұндай жағдайдың болуы мүмкін екендігін теріске шығармаймын. Бірақ, менің қолымда бұл мәселені анықтайтындай айғақ болған жоқ. Мен тек сол жылдары Құрбановтың қолында Қазақстан патенті болмағандықтан, ОКИОК ешкімнің құқын бұзып отырмағандығын дәлелдеп шыққанмын. Ал қазір ОКИОК та жоқ әрі Құрбановтың қолында Қазақстанда тіркелген патент бар. Сондықтан, бұл ұзақ дәлелдеуді қажет етеді, – дегенді айтады «МакГуайерВудс Казахстан» ЖШС заңгері.
Құрбанов өз талабынан қайтпай отыр
Әзірге істің немен аяқталары белгісіз. Бірақ Н.Құрбанов алған бетінен қайтпайтыны айтады. Оның ойынша әңгіме осыншама қомақты сома жайлы болғанда AGIP -тің уысын қыса түсері сөзсіз.
- Соттан ҚР №11754 интеллектуалдық жекеменшік ретінде берілген патенттің бұзылуын тоқтатуды және AGIP-тен заңсыз әрекеті үшін 8 триллион 640 миллиард теңге көлемінде ақшалай өтемақы алып беруді талап етемін. Бұл соманы көкке қарап жаза салып отырғаным жоқ, - дейді профессор Құрбанов.
AGIP ресми түрде 2002 жылдың 28 маусымында Қашағанның коммерциялық қоры жайлы алынуға тиісті мұнай көлемі 9 млрд., ал геологиялық жалпы қоры 34 млрд. баррель деп жариялаған еді. AGIP болашақта 40-тан астам бұрғы салуды жоспарлап отыр. Ендеше шамамен алғанда 2020 жылға қарай мұнайдың алынатын коммерциялық қоры 40 млрд. баррель болады деген сөз.
Ғалымның айтуынша, Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарының геологиялық құрылымы бірі біріне өте ұқсас. Олардың барлығы да тұз асты шөгінділері қабаттарында орналасқан. Сондықтан да ол кеніштерден мұнай барлау мен алу тәсілі - тек осы Құрбанов тәсіліне сәйкес жүргізілген. Ал Құрбановтың әмбебап технологиясының басты мағынасы сол, алғашқы салынатын терең ұңғылар жер асты тұздары қабаттарындағы ангидридттердің жылдам азаятын қалыңдықтарында, яғни 0-ден 55 метрге дейінгі аралықта бұрғылануы керек. Осы көрсеткішке көз жеткізгеннен кейін ғана алдымен сол шағын ауданда барлау жұмыстары басталуы керек деп түсіндіреді ғалым.
Атыраулық геолог Коннектикут, Нью-Йорк және Вашингтондағы адвокаттар коллегиясына да хат жазуда. Қазақстандағы сот процесі оңды нәтижесін бермесе БҰҰ-на шағымданатын айтады.