ӘУЕЖАЙДАҒЫ КЕЗДЕСУ
Одан бері 23 жыл өтіпті. Азаттық радиосының тілшісі сол бір оқиғаның басты кейіпкерлермен кездескен еді. Бүгінде олар Ақтөбе қаласында тұрады.
Кейіпкерлердің бірі Болат Арынғазиев оның достарымен бірге мұндай қадамға баруына не себеп болды деген Азаттық тілшісінің сұрағына «өте бір мықты азаматпен танысып, араласуым ұзақ жылдарға есімде қалды. Ол бүкіл менің өміріме төңкеріс жасады» деп жауап берді. Болат одан ата-анасы айтпаған талай жағдайды естіген екен.
– 1986 жылдың маусым айында мен Қостанайға мектеп оқушыларының спартакиадасына барып, әуежайда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ер адаммен таныстым. Қостанайда біз қонақ үйдің екі кісілік люкс нөмірінде бірге болдық. Журналист елдің солтүстік өңірлерінде қазақ мектептерін ашу қамымен жүр екен. Ол кездері республиканың солтүстік өңірлерінде қазақ мектептері жоққа тән еді. Ол бұның барлығын бейбіт жолмен жасау керек деп айтты, – дейді Болат Арынғазиев.
Болаттың айтуынша, анасының әулеті совет өкіметі кезінде кәмпескеленген екен. Әкесі 1981 жылы қайтыс болған. Атасы Аллаға сеніп, намаз оқыған адам болған. Мүмкін осы себепті жақын адамдарым маған барлық шындықты айтпаған болар, дейді ол.
– Жүйе жақындарымды жаншып тастауы мүмкін еді. Сол себепті олар мен журналистен естіген жайларды маған айтқан емес. Бұл кездесу менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті, – дейді Болат Арынғазиев.
ҚАБЫРҒАЛАРДАҒЫ ҰРАНДАР
Болат Арынғазиевтің айтуынша, ол 1986 жылдың 20 желтоқсанында достары Берік Тайбөкенов және Болат Төлеуовпен кездескен.
– Біз Алматыдағы оқиғаларды талқылай бастадық. Біздің ұлттық намысымыздың тапталғанын сездік. Ғимараттардың қабырғасына бояумен «Қазақтар, біз қорландық! Ұлттық кадрлар қайда?» деген ұрандар жаздық, – дейді ол.
Болат Төлеуов, 1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы қазақ жастарының наразылығын қолдау шарасына қатысушы. Ақтөбе, 10 желтоқсан 2009 жыл.
Осыдан кейін Болат таныс журналистің визиткасын, оны анықтауға боларлық барлық деректерді жойған. Оларды КГБ қызметкерлері іздеп келгенде ол достарымен бірге жарыста жүрген.– Бізге жарыстарға қатысуға мүмкіндік берді. Содан соң үш автокөлікке бір-бірден отырғызып алып кетті. КГБ тергеушілері бізбен сыпайы сөйлесті, қысым жасап, күш көрсеткен жоқ, – дейді Болат Арынғазиев.
Кейінірек КГБ қызметкерлері оның үйінде тінту жасаған. Тергеу кезінде жігіттер чекистерден «Гастроном» дүкенінің витринасында жазу болғанын біледі. Биліктегілер ұранды таң атқанша өшіріп тастауға тырысқан. Халық ол жазуды көрмеген.
Болат Арынғазиевті антисоветтік бап бойынша екі жарым жылға соттаған. «60-бап бойынша бізге барынша көп мерзім берді, бізді соттаған төрешілердің үшеуі де қазақ еді», – дейді ол.
Оны 1987 жылы Берік Тайбөкеновпен бірге этаппен Оралға жіберген.
– Зонада отряд командирі капитан Сазонов, «барлығы өтіп кетеді» деп мені жұбатып, адамша қарады. Бұл бір жағы. Екінші жағы, түрмеде қорлық пен жаман сөздерді мен өз қазақтарымнан естідім. Механикалық цехта ең ауыр жұмыстарды атқардым. Біртіндеп үйреніп, бейімделіп кеттім, – дейді Болат Арынғазиев.
ТҮРМЕДЕН СОҢ
Оның айтуынша, түрмеден келген соң жұмысқа тұру қиын болған. Жұмыс іздеп барған барлық жерде бұрын сотталағандығын бетке басып, жұмысқа алудан бас тартқан.
– Анам қатты уайымдады. Туыстарыма да өте қиын болды. Өз басын қатерге тіге отырып мені мектепке жұмысқа алған спорт мектебінің директоры Самат Сәрсенбаевқа алғысым шексіз. Одан соң спортты тастап, бизнеспен айналыстым. Бокс күн сайын түсіме кіретін. Он жылдан соң боксқа қайтып келіп, қазір олимпиадалық резерв мектебінде бокстан балаларды жаттықтырамын, – дейді Болат Арынғазиев.
Алғадағы қарсылық шарасының екінші қатысушысы Болат Төлеуов қазір мемлекеттік қызметші болып жұмыс істейді. Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатта ол үш дос осыдан 23 жыл бұрын бокспен айналысқандарын, бірге жұмыс істегендерін айтты.
– Алматыдағы оқиғалар жайында естігенде, біз екінші сортты адамбыз деген сияқты қорлану, ұлт үшін зәбірлену сезімі пайда болды. Мәскеудегілер бірінші басшылыққа Қазақстанда лайықты адам жоқ деп есептеді. Бір нәрсе жасағымыз келді. Ол кезде жағдай тыныш емес болатын. Алматыдағы көтерілісті басқан соң Мәскеу кішкентай қалашықтан мұндай оқиға шығады деп ойлаған да жоқ, – дейді Болат Төлеуов.
Өзінің айтуынша, Болат Алматының түбіндегі Заречный кентіндегі түрмеде екі жыл үш ай отырып шыққан.
ЕСКЕ АЛУҒА АУЫР ЕСТЕЛІКТЕР
Үшінші кейіпкердің де тағдыры ауыр. Берік Тайбөкенов сол кезден бері журналистерге сұхбат бермеген. Ол сотталған соң өмірден ең жақын, қымбат адамы кетті: анасының жүрегі бұл ауыртпалықты көтере алмады. Ол ұзақ жылдар бойы осы үшін өзін кінәлі сезініп жүрді.
Берік Тайбөкенов Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында сол кезде олардың отбасылары, балалары болғанын, бокспен шұғылданып, жұмыс істегендерін айтты.
– 1986 жылғы желтоқсан айының кешінде біз кездесіп, Алматыдағы оқиғаларды қызу талқылай бастадық. Барлығы аяқ астынан болды. Ұран жазу туралы идеяны Болат Арынғазиев пен Болат Төлеуов көтерді. Мен олардың идеясын қолдадым. Ғимараттарға ұрандар жаздық, – дейді Берік Тайбөкенов.
Содан соң, оның айтуынша, тұтқындаулар, тергеулер болған. Оның айтуынша, КГБ-дағылар олармен сыпайы, аты-жөндерін атап сөйлескен. Қызметкерлер тарапынан кемсіту, қорлау болмаған.
– Екі жыл Орал түрмесіне отырып шықтым. Түрмеде пробемалар болды, онсыз болмайтын да еді. Үйге қайтып келген соң өзіме-өзім келе алмай жүрдім. Өткенді есіме алу маған ауыр тиетін, – дейді Берік Тайбөкенов.
Бүгінде ол отбасымен кәсіпкерлікпен айналысады. Табысты бизнес жақын адамдарың үшін өмір сүріп, жұмыс істеуге көмектеседі дейді ол.
– Мен балаларды өте жақсы көремін. Әйелім екеуіміз екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірдік. 2006 жылы «Дарын» балабақшасын аштық. Балаларым көмектеседі, төрт немерем қасымда, – дейді Берік Тайбөкенов.
Алға қаласындағы көшелердің бірі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрметіне Желтоқсан көшесі деп аталған.