ТҮРМЕ МОНИТОРИНГІ
Бірнеше күн бұрын бірқатар халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың жүргізген жұмысының нәтижесінде Түркіменстан тарихында сирек кездесетін оқиғалардың бірі болды – елдегі қамау орындары туралы зерттеудың қортындысы жарияланды.
Бұл зерттеу жұмысы «Адам құқықтарына қатысты түркімендік бастама» атты адам құқықтарын қорғау ұйымының, Түркіменстанның тәуелсіз адвокаттары ассоциациясының, «Ашық қоғам» институтының және Демократия үшін АҚШ Ұлттық қорының қатысуымен атқарылды.
Осыдан бірнеше ай бұрын дәл сондай зерттеуді «Халықаралық дағдарыс тобы» ұйымының сарапшылары Қазақстандағы абақты жүйесіне қатысты жүргізген болатын.
Осы екі елде жүргізілген зерттеуде де ортақ тұжырымдар жетіп жатыр, бірақ, айтарлықтай маңызды айырмашылықтар бірден көзге ұрады. Дегенмен, әңгімені Түркіменстандағы жағдайдан бастайық.
Бүгінгі таңда Түркіменстандағы ахуалды бақылап отырған халықаралық шолушыларды, әртүрлі елдің мамандары мен саясаткерлерін қилы сұрақтар алаңдатуда: Түркіменбашы диктатурасынан ел қаншалықты басын арашалап жатыр және жаңа басшылықтың елді өзгертуге деген табанды ұмтылысы қандай дәрежеде?
Түркіменстан президенті Гурбанқұлы Бердімұхамедов сыртқы көріністі ғана өзгертетін жеңіл-желпі жаңалық енгізгеніне тоқмейілсіп, Сапармұрат Ниязовтан мұраға қалған режимнің негізін сол қалпы ұстап отырған жоқ па?
Негізінде Ниязовтың кеткеніне үш жыл өтсе де бұл сұраққа нақты жауап әлі күнге айтылмай келеді. Елде жаңа заңдар қабылдануда, ел басшылығы қазіргі кезеңді «Қайта жаңғыру дәуірі» деп әлемге жар салып отыр. «Мемлекет адамға қызмет ету керек» деген қағиданы ұран қылып алған билік мұнысын қайта-қайта дабыра қылуда.
2009 жылы Гурбанқұлы Бердімұхамедов Ниязовтың тұсындағы бассыздықтың әр қырын әйгілейтін бірнеше шешім қабылдады. Яғни, операны қалпына келтірді, ескі білім жүйесін қайтадан орнықтыра бастады, жабылып қалған Ғылым академиясын қайта ашты.
Тіпті, «қасиетті» орынға да қол салып, Түркіменбашының алтын ескерткішін орнынан алып тастады. Ол түгілі, бірнеше күн бұрын президент оппозициялық партия құруға қарсы болмайтындығын жария түрде мәлімдеді.
Бір қарасаңыз, осыншама өзгерістер жасалып жатқан ел демократиялық бағытқа бет түзеп жатқан болып көрінеді, бірақ, шын мәнінде билік бұрынғы режимнің іргетасын, әсіресе идеологиялық және күш құрылымдарына шаң жуытпай, сол қалпында қалдырып отыр.
АБАҚТЫДАН АМАН-САУ ШЫҚҚАНДАРДЫҢ ҮНСІЗДІГІ
Осы тәрізді шаң жұқтырмастардың қатарында қалып отырған ең жабық жүйелерде, әлбетте, ешқандай өзгерістің нышаны жоқ. Түркіменстандағы пенитенциарлық мекемелер жүйесі елдегі өмір ағымынан біржола қалыс қалған, бүкіл әлем үшін де, өз отандастары үшін де ең құпия жүйе күйінде қалып отыр.
Ниязовтың билігі ол жүйені жабықтықтың үлгісіне айналдырды. Әлі күнге сол күйінде қалып отыр. Ниязовтың режимі түркімен түрмелерін қоғамға ашық қылуға шақырған халықаралық қоғамдық ұйымдардың үндеулерін әрдайымда үзілді-кесілді қабылдамай келді.
Дәл сондай бүгіндері жасалған әрекеттерден де ешқандай пайда болмай тұр. Колония, түрме және уақытша қамау орындарының ішкі өмірі туралы мәлімет жоқтың қасы. Сыртқа қандай да бір мәлімет шығып жатса, ол тек қамаудан бостандыққа шыққандардың шым-шымдап айтуымен ғана жететін. Қамау мерзімі аяқталып, бостандыққа шығатын адамдарды тіліне ие болмаған жағдайда қайта жазаланатынын айтып қорқытып, ешкімге тіс жармауға міндеттеп жібереді.
Қамау орындарының жай-күйіне қатысты халықаралық ұйымдар жасаған зерттеу жұмыстары елдегі осынау томаға-тұйық жүйенің айтарлықтай сұрықсыз сипатын ашады. Ал осы жүйенің жекелеген мән-жайлары жаһанға жария болған кезде не себепті ол құрылымның әлемнен жабық жағдайда ұсталатыны өз-өзінен түсінікті болмақ.
ТУБЕРКУЛЕЗ БЕН ПАРАҚОРЛЫҚТЫҢ ПАТШАЛЫҒЫ
Түркіменстанның заңдылықты сақтауға, халықаралық демократиялық қағидалар мен стандарттарды ұстануға деген ұмтылысын насихаттайтын барлық дабыра үндеулер мен мемлекеттің ұранын елдегі жекелеген жайттар бекерге шығарады.
Зерттеу нәтижесі бойынша, 100 мың адамға шаққанда қамауда отырғандар саны бойынша Түркіменстанның түрмелік индексі әлемдегі ең жоғарғы индекстердің қатарына жатады. Түркіменстандағы бұл индекс 534-ті құрайды. Бұл жағынан Түркіменстан өзінің ең жақын көршілерін де басып озған.
Қазақстанда ондай индекс 348-ге тең. Қырғызстанда – 285. Ал, еуропалық елдермен салыстырғанда арасы тіпті алшақ, олардағы индекс 80 мен 90 аралығында.
Жаншу-жазалау қағидасы бойынша Түркімен режимі халықаралық стандарттардың қай-қайсына болмасын, тіпті елдің өз заңдарын да аяқ асты қылады.
Қамау орындары әлгіндей көп адамға есептелмегендіктен, әдетте түрмелер мен колонияларда ішкі ережеде белгіленген шамадан үш-төрт есе көп тұтқындар отырады.
Қамауда отырған адам саны жағынан ең үлкен болып саналатын жалпы режимдегі колония Лебап уәлаятында - тура шөл далаға орналасқан. Колония сотталған 2100 тұтқынға есептелген. Бірақ, онда 5700 адам қамауда отыр. Адам санының шектен тыс көптігінің өзі санитарлық-гигиеналық жағдайды мүлдем нашарлатып жіберген.
Қамау орындарында неше түрлі індет шығып, жұқпалы аурулар көбеюде. Кеңінен етек жайған індеттің бірі – туберкулез. Сондықтан қамаудағылардың бұл жерден мүгедекке айналмай, бостандыққа аман-сау шығудан үміттері аз.
Барлық дерлік қамау орындары секілді мұнда да парақорлық ете жайған, ақысын берсең барлық нәрсені сатып алуға болады. Жақын-жуығы қамаудағы адамға қандай да бір жағдай жасау үшін түрме бастықтарының немесе басқа да қызметкерлердің «қалтасын майлайды».
Бұл тәсіл Орталық Азияның барлық елдеріне тән. Әсіресе, Қазақстанда ерекше етек жайған.
Қазақстандағы пенитенциарлық жүйеге қатысты жүргізілген зерттеу анықтағандай, түрмеде болуы мүмкін емес, ақылға сыймайтын нәрселерді пара беру арқылы шешуге болады. Мәселен, параның көмегімен тұтқынды түрмедегі немесе лагерьдегі аурухананың анағұрлым тәуірлеу орындарына жайғастыруға, не болмаса басқа түрмеге не лагерьге ауыстыруға болады.
Қазақстанда, тіпті, ірі мөлшерде пара беріп, қамаудағы адамды жаза мерзімі аяқталмастан-ақ бостандыққа шығарып алуға болады, мұндай оқиғалар жиі кездеседі.
КЕЗЕКПЕН ҰЙЫҚТАУ
Зерттеуде түркімен пенитенциарлық жүйесінің тағы бір қыры нақты мысалмен көрсетілген. Дашогуз қаласында жаманаттылығымен әйгілі әйелдер колониясы бар. Ол сонау совет заманында, 1967 жылы 700 адамға есептеліп салынған. Бірақ, түркмен билігі ол түрмедегі қамаудағылар саны бойынша өзіндік «рекордқа» қол жеткізген – қазір онда сотталған 2010 әйел отыр.
Төрт адамға арналған бөлмеде 12-14 әйел кептеліп отыр. Ол колонияның камераларында бір ғана бос орын – ашық унитаз және бір жуыну қауызы бар.
Орын жетіспейтіндіктен қамаудағы әйелдер кезектесіп, үш ауысыммен ұйықтайды. Мұндай колонияда әртүрлі аурулардың, оның ішінде жұқпалы аурулардың етек жаюы ешкімге таң емес. Колонияда өлім-жітім өте көп, орта есеппен алғанда жылына 15 адам көз жұмады.
Бірақ қамаудағылардың көретін қорлығы мұнымен ғана бітпейді. Адам төзгісіз жағдайға қоса, колония қызметкерлерінің тұтқындағы әйелдерді ұрып-соғып, зорлауы секілді оқиғалар жиі қайталанады.
ЕҢ СОҢҒЫ «ЗАҢДЫ ҰРЫ»
Түркіменстандағы және Қазақстандағы пенитенциарлық жүйеге жасалған зерттеудің анағұрлым анық айырмашылығы екі фактордың айқындылығында жатыр.
Қамау орындарының ішкі өміріне қылмыс әлемінде беделді адамдардың ықпалы мен түрмеде отырған исламшыл радикалды ұйымдар өкілдерінің күшейіп келе жатқан ролін ескермей қазақы жүйені толықтай саралау мүмкін емес. Қазақстан түрмелерінің әкімшіліктері түрмедегілерді басқару мен ықпалдылықты осындай екі түрлі адамдар санатымен бөлісуге мәжбүр болуда.
Ал, Түркіменстанның қамау орындарында мұндай билік бөлінісі атымен жоқ. Қоғамның басқа салаларындағыдай, бұл жүйеде де жалғыз мемлекеттік биліктен басқа билік жоқ.
Ел тәуелсіздікке енді ғана ие болған кезде президент Ниязовтың режимі қылмыс әлемінің беделді адамдарының көзін түгелдей жойып жіберді. Мәселен, Түркменстандағы қылмыс әлеміне танымал тұлға – «заңды ұры» («вор в законе») деп аталатындардың соңғыларының бірі, атышулы Айлидің жаны жәһаннамға жұрттың көзінше аттандырылды.
Өзінің жағдайына масаттанған Айлидің аузынан кейде «елдегі кез-келген істі, тіпті, президентті ауыстыруға дейін барлық мәселені шеше аламын» деген сөз шығып қалып жүрді. Ал, Сапармұрат Ниязов ондайды кешірмейтін адам болатын.
Түркіменстанның қамау орындарындағы исламшылдардың ықпалы туралы да ешқандай әңгіменің болуы мүмкін емес, өйткені елдің діни өміріне де мемлекет үстемдік орнатқан.
«БҮКІР» ТҮРМЕ
«Адам құқықтарына қатысты түркімендік бастама» ұйымының мұрындық болуымен жүргізілген зерттеуде Түркіменстандағы «түрме патшалығының» ең құпия әрі аңызға толы жақтарының бірі қозғалмаған. 2002 жылы жабық та шұғыл өткен сот үкімі бойынша, Сапармұрат Ниязовқа қарсы сөз байласты деген айыппен билік жүздеген түркіменді темір тордың арғы жағына тықты.
Олардың арасында бұрынғы сыртқы істер министрі Борис Шихмурадов бастаған көрнекті оппозиция белсенділері бар еді. Онымен қоса Шихмурадовтың туыстары мен достарының, жақтастарының қатарынан көп адам абақтыға қамалды.
Осылайша, Сапармұрат Ниязов бір-ақ соққымен оппозиция атаулыны түп-тамырымен біржолата шауып тастамақ болды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, негізгі айыптылар деп танылғандарды ел астанасы Ашхабаттан 90 шақырым қашықтықта жатқан елдің ең жабық түрмесіне аттандырған. Содан бері олардан ешқандай хабар жоқ.
Бұл түрмені халық «бүкір» түрме деп атап кеткен. Оның құрылысына Түркіменбашының өзі жетекшілік жасаған. Халықтың оны «бүкір» түрме дейтіні – оның кейбір камераларының биіктігі 120 сантиметрден аспайды. Ондай бөлмеде адам бүкіреймей жүре алмайды. Бұны енді Ниязовтың сәулетшілік қабілетінен шыққан туынды деуге болады.
(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Украин және Түркімен редакцияларының директоры болып қызмет атқарған. Аутордың бұл мақалада білдірген жеке ой-тұжырымы Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)