Accessibility links

Қызылжарлықтарды қайран қалдырған Қайрат


Жас әнші Қайрат Нұртастың концертіне шақырған жарнама. 24 желтоқсан, 2008 жыл.
Жас әнші Қайрат Нұртастың концертіне шақырған жарнама. 24 желтоқсан, 2008 жыл.

Петропавлға жас әнші Қайрат Нұртас келе жатыр деген хабар елді елегізітіп қойып еді. Желтоқсанның 24-інде, концерт болатын күні, «Метро» ойын-сауық орталығына жиылған жұрт аң-таң болып, сан соғып қалды. «Тәтті сезімнің» соңы ащы өкінішке ұласты.

Алдымен кешкі сағат 7-де басталуы тиіс концерт 45 минутқа кешікті. Халықты зарықтырып, Қайрат Нұртас ақыры сахнаға шығып еді, бірақ «Аққу», «Сағыныш», «Қос жүрек», «Туған күн» және «Жаным» деген бес әнін орындағаннан кейін, тағы жоқ болды. Басқа жергілікті әншілер халықтың көңілін аулап, екі-үш ән тарту еткеннен кейін, тағы үзіліс. Жүргізуші «Қайраттың асығыс шаруалары болып жатыр, қазір бірнеше минуттан кейін сахнаға шығады» деп ақталумен болды.

Бір кезде жүргізуші сахнаға да шықпастан, шымылдықтың ар жағынан «Қайраттың денсаулығы күрт нашарлап, «Жедел жәрдем» ауруханаға алып кетті» деп хабарлады. Сонымен көптен күткен концерт тәмам. Жұрт «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» күй кешіп қала берді.

«Шериф» агенттігінің орталықты күзететін қызметкері, аты-жөнін атағысы келмесе де: «Қайраттың ауырып қалғанын да, ешқандай «Жедел жәрдемнің» келгенін де көрген жоқпын. Осы жерде өздері костюмдерін алып, абыр-сабыр болып жүрді де, жоқ болды» деді.
Көрермен Күлбаршын Бағрамова:
- Бүйткен концерті құрысын. Қаңтар айында тағы келем дейді, ол кезде Қайрат Нұртастың концертіне енді ешкім де келмейді ғой. Мысалы, өз басым енді оны сыйлаудан қалдым, - дейді. Мұғалім Сәулет Мұқанова да осылай дейді.
Қызжібек Уәлиева:
- Меніңше, бұл – Қайрат Нұртастың өзі емес. Өзі болса, осылайша беделін құлдыратпас еді, - деп ой бөлісті.
Концертке жиналған шамалы ғана халықтың дені жастар болғанымен, арасында бірен-саран орта буын өкілдері де бар. Солардың бірі Алма Көшербаева:
- Мен, ең алдымен, осыған бола бір мың теңгемді шығындағаныма өкініп тұрмын. Оған қоса, қаншама уақытым кетті. Енді тым болмаса, мына «Метро» орталығы ақшамды қайтарар ма екен? – деп, ақшасынан дәмелі.

«Метро» ойын-сауық орталығының директоры Жақсылық Сейітбаев сол жерде өзін қаумалап алған халықтан:
- Менің бұл концертке мүлдем қатысым жоқ. Ұйымдастырушысы мен емеспін. Мен тек мына залды ғана жалға бергем, бітті, - деп сытылып құтылды.
Бізге берген сұхбатында ол:

- Мұндай болады деп кім ойлаған? Өзім де ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Олар «Метро» ойын-сауық орталығының беделін түсіріп кетті. Бастапқыда екі концерт қоймақшы болған, кешкі 5-те және 7-де. Мен оларға екі концерт өзін ақтамайтынын, жұмыс күні кешкі концертке ғана халық жиналатынын, оның үстіне дәл осы күні Петропавлға Роза Рымбаева келіп жатқанын айтып, бір-ақ концерт қоюға кеңес бергем. Соның өзіне 300 билет қана сатылды. Соны ұғынып, мен де залды жалға беру ақысын 80 мың теңгеден, 40 мың теңгеге дейін түсіргем. Оның сыртында жарық қоюшыға 10 мың теңге, дыбыс режиссеріне 50 мың теңге төледі.. Концертті өздері ұйымдастырған. Қайрат әлі жас бала, қасында нөкерлері көп, ол солардың ығына жығылып кетуі мүмкін. Концертке халық аз жиналғандықтан, осындайға барған шығар, - деді.
Концертті ұйымдастырушылардың бірі Олжасқа телефон арқылы хабарласқанымызда, ол бірден ашу шақырып:
- Қайрат ауырып қалды. Қазір Петропавлдың маңайында ауруханада жатыр, - дегеннен басқа ештеңе айтпады. Одан Қайрат Нұртастың қай ауруханада екенін де біле алмадық.
Қайрат Нұртастың продюсерімін деген жігіт - Мәдиге хабарласқанымызда, ол:
- Қателік кетті, бұл қателігімзді міндетті түрде басқа жолы жуып-шаямыз, - деп бірден ақтала жөнелді.
- Қателік кеткенін мойындап тұрсаңыз, Қайрат Нұртастың ауырып қалғаны өтірік болғаны ма? – деген сұрағымызға:
- Қайрат ауырып, оны кеше «Жедел жәрдем» алып кетті. Қазір ауруханада жатыр. Бүгін Астанадан әкесі келе жатыр.
- Күзетші «Метроға» «Жедел жәрдем» келмегенін айтқан болатын.
- Жоқ, Қайрат далаға шығып кеткеннен кейін, есінен танып құлап түсті. Сол кезде ғана шақырдық «Жедел жәрдемді». Оны күзетші көрмеген де шығар. Қайрат Петропавлға келіп, алаяқтық жасады деген әңгіме шығып жүрмесін. Ауырып қалғаны рас. Әдейі істеген жоқ. Қай ауруханада жатқанын айтпаймыз, есін жисын. Келесі жолы басқа бағдарламамен жақсылап келеміз, халықтың алдындағы қарызымызды өтейміз. Осы жолы кассадан 85 билет қана сатылды. Ал жыртылғаны – 153 билет. Сонда біразы тегін таратылғаны ғой. Билеттен түскен ақша біздің шығынымзыды да жаппады. Залды жалдағанға 50 мың, дыбыс режиссеріне 50 мың теңге төледік. Концерттің кеш басталғаны да сол дыбыс режиссерінің кінәсінен: «Есеп айырыспайынша, концерт бастамаймын, деп қасарып отырып алды. Ақшаны есептесек, не залға, не музыкантқа төлеуге жетпейді. Сөйтіп, өз қалтамыздан ақша шығарып, шығынға баттық» деп ақталды.
Мына дағдарыс заманында концертті ұйымдастыруға көмек сұрап, ешкімге қолқа салмағандарын да жеткізді. Әнші - Қайрат Нұртастың өзі деп ант-су ішті. Елге Қайрат Нұртас туралы жаман ақпарат тарап кетіп жүрмесін деп қайта-қайта өтінді. Қателіктерін түзетуге уәде берді.
Не дегенмен, жас жұлдыз Қайрат Нұртастың қызылжарлықтардың көз алдында омақасып, беделден жұрдай болғаны рас. Оған өкпелі жұрт «Метродан» бірден кетіп қалмай, бір сағаттай реніштерін бөлісіп, шер тарқатып алғаннан кейін ғана тарасты.
XS
SM
MD
LG