Accessibility links

Полиция 16-желтоқсанда Алматыда ұстаған жастардың арасында «нашақорлар» болғанын айтады


Күләш Байсейітова көшесі мен Абай даңылығының бұрышында тұрған полицейлер. Алматы, 16 желтоқсан 2009 жыл.
Күләш Байсейітова көшесі мен Абай даңылығының бұрышында тұрған полицейлер. Алматы, 16 желтоқсан 2009 жыл.

Алматыда 16 желтоқсанда ту ұстап, әнұран айтып келе жатқан жастарды көшеде ұстаған полиция «олар тәртіп бұзып, кейбірі есірткі қабылдаған» деп отыр. Жастар болса өздерін Республика алаңына жеткізбей ұстаған полициядан таяқ жегендерін айтады.


23 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ШЕРУДІҢ ІЗІМЕН


16-желтоқсан күні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына бара жатқанда ұсталғандардың бірі – Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 3-ші курс студенті Аршын Нұрбақытұлы, Азаттыққа берген сұхбатында, сол күні өздерінің заң бұзатындай ешқандай өрескел іс-әрекет жасамағандығын айтады.

– Біз жол ережесін сақтап жүрдік. Жолдағы көліктер ең көп дегенде жарты немесе бір минутқа ғана тоқтап қалған шығар. Бірақ, Абылай хан даңғылымен жүріп Бөгенбай көшесінен жоғары өрлеген кезде бізді полицейлер қоршай бастады. Оны да елемей туымызды көтеріп, еліміздің әнұранын айтып, заңға қайшы келетін ешқандай әрекетке бармай келе жаттық. Абай даңғылына шыққан кезде оңнан да, солдан да, алды-артымызды орап, полицейлер қаумалап алды. Бізге: «Қайтыңдар!» деді. Біз қайтпадық. Олар қоршауды қысып, әй-шәй жоқ ата жауына атылғандай ту ұстап келе жатқан жастарды ұра бастады. Қалғанымыз жан-жаққа қаша жөнелдік. 20-дан астамымызды сол жерде ұстап әкетті. Полицейлер әдейі жол ережесін сылтауратып, бізді алаңға жібермес үшін тоқтатты, – деді Аршын Нұрбақытұлы Азаттық радиосына.

Аршынның айтуынша, ол содан бір күн бұрын өзі тұратын жатақханадан қалада тұратын туыстарының үйіне баруға сұранып шыққан
Жандос Бердімбетов 2009 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстанның туын ұстап Республика алаңына келе жатқанда өзін полиция ұстап әкеткенін айтады. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.
екен. Ал өзге балалар сол күні жатақханадан шыға алмай қиындыққа кезіккен, кейбіреулерге тіпті жатақханадан қашып шығуға тура келді, дейді студент жас.

Ал 16-желтоқсан күні Қазақстан Республикасының туын көтеріп жүріп ұсталған 29 жастағы тағы бір азамат Жандос Бердімбетов жастарды полицейлер бөлімшелеріне апарып ұрып-соғып, күш көрсетті дейді.

– Олар қолына ілінгендерін жерге сүйреп тұрып ұрды ғой. Мені де ұстап алып, апарып қамап тастады. Сосын жеке бөлмелерге апарып, тепкілеп ұрды. Туды ұстағаным үшін: «осы бәрін бастаған, осының көзін құрту керек» деп балағаттады, – деді Жандос Бердімбетов Азаттық тілшісіне.

Ешқайда жұмыс істемейтін Жандостың айтуынша, ол сол күні Талғардан Алматыға келіп, Астана алаңында болып жатқан мерекелік шараларды қызықтаған. Түстен кейін сол жерден бір топ жас әнұран айтып, орталық алаңға беттегенін көріп соларға қосылып кете барыпты.

«ОЛАР ТӘРТІП БҰЗЫП, КЕЙБІРЕУІ ЕСІРТКІ ҚОЛДАНҒАН»

Алайда полиция жастардың бұл айтқандарын толықтай жоққа шығарып отыр.

Алматы қаласы бойынша ішкі істер департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Абай Тұрысбеков:

– Олармен Алматы ІІД бастығы генерал-майор Ерлан Тұрғынбаевтың өзі сөйлесіп, мән-жайды түсіндіріп барып, босатты. Олар
Абай Тұрысбеков, Алматы қаласы бойынша ішкі істер департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі. Алматы, 17 желтоқсан 2009 ж.
ұйымдасқан түрде Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Абай көшелерінде жол ережесін бұзды. Көліктер тұрып қалды. Ешкім де соққыға жығылған жоқ, – деді желтоқсанның 17-күні Азаттық радиосына.

Сондай-ақ, полиция полковнигі шерулеткен жастардың кейбірі есірткі қабылдаған деп отыр.

– Оған қоса олардың араларында наркомандар да бар болып шықты. Үшеуі есірткіге мас күйі жүргендігі анықталды, – дейді ол.

Алайда, ІІД Қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары есірткі қабылдағандардың кімдер екендігін, оларға қандай шаралар қолданылатындығын айтқан жоқ.

Алаңға бара жатқанда ұсталған жастар өздерін енді әкімшілік жазаға тартуы мүмкін дейді.

Сол оқиға болған күннің ертесінде, 17-желтоқсанда, тағы бірнеше студентті полиция алып кеткені жайлы жастардың арасындағы айтылып жүрген әңгімені Алматы полицейлері жоққа шығарды.

Сәрсенбі, 16-желтоқсан күні түстен кейін Алматыдағы Астана алаңынан Республика алаңына, осыдан 23 жыл бұрынғы аға буынның ізімен, Қазақстанның мемлекеттік туын ұстап, әнұранын шырқап бармақ болған жастарды Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысында полиция тоқтатып, күшпен тарқатып, кейбіреуін алып кеткен еді.

Сол күні көше тәртібін бұзған 29 жастың ұсталғандығы туралы кейінірек Азаттыққа Алматы қаласының әкімі Серік Сейдуманов мырза хабарлаған болатын.

Алматыда қазақ жастарының Мәскеудің саясатына қарсы бас көтергеніне биыл 23 жыл толды. 1986 жылы желтоқсанның 17-18 күндері Алматыдағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңына шыққан жастар Қазақстанды басқаруға республикадан тыс жерден – Ресейдің Ульянов облысын басқарған – Геннадий Колбинді жіберген Кремльдің шешіміне наразылық танытты.

Совет өкіметі жастар толқуын милиция мен әскердің күшімен аяусыз басып-жаншыды. Оған қатысқандарды қуғын-сүргінге салып қатал жазалады.

Сол кездегі советтік ақпарат-насихат құралдарында Алматыдағы жастар толқуы «коммунистік жүйеге жат пиғылдылар мен маскүнем-нашақорлардың басбұзарлығы» деп сипатталды.
XS
SM
MD
LG