Accessibility links

Тікұшақ апатында қаза болғандардың екеуі жерленді


Қыркүйектің 9-ында Шымкентте содан бір күн бұрын тікұшақ апатында қаза болған екі офицерді - полковник Руслан Закиев пен майор Дәулетбек Сұлтанбековті жерлеу рәсімі өтті. Ал ресейлік бір компания Қазақстанның әуе саласына қатысты сыни мәлімдеме жасады.

ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ ҮШ КҮН АЗА ТҰТАДЫ

Оңтүстік Қазақстанда болған апатта қаза тапқандарды еске алу мақсатында, шекара қызметінің бөлімшелерінде сәрсенбіден бастап үш күн қаралы күн ретінде жарияланған.

Ал апатқа ұшыраған тікұшақта болғандардан тірі қалған үш азамат қыркүйектің 9-ы күні Алматының әскери госпиталіне жеткізілді. Дәрігерлер олардың аяқ-қол, омыртқа, жамбас сүйектері сынғанын айтып, жағдайын орташа деп бағалап отыр.

Апат оқиғасына қатысты Қазақстанда ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылып, оқиға болған жерде апаттың себеп-салдарын анықтауға кіріскені хабарланды. Соңғы ақпарат бойынша, мұнда апатты жағдай кезінде ұшқыштардың әңгімесін жазып алатын құрал («қара жәшік») табылған. Қазақстан әскери прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 10 адамның өліміне әкеп соқтырған әскери тікұшақтың құлауы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

8 қыркүйекте Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасының «Арлан» барлау-іздеу тобының Ми-8 ұшағы қазақ-өзбек шекарасының маңындағы Өгем шатқалында апатқа ұшыраған еді. Апат салдарынан тікұшаққта болған 13 адамның 10-ы қаза тауып, 3 кісі жарақат алған.

ӨЗБЕК ЖАҒЫНАН ӨТПЕК БОЛҒАНДАР ТУРАЛЫ ҚАРАМА-ҚАЙШЫ АҚПАРАТ

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі директорының орынбасары Амангелді Абылқановтың айтуынша, апат құрбандары болған жағдай туралы алғашқы ақпараттарды жеткізіп үлгерген.

«Олар ұшып бара жатқанда белгісіз бес азаматты байқап қалған. Топтың бастығы тікұшақты қондыруға бұйрық берген. Қону кезінде бір нәрсе болған, апаттың орын алуына да сол себеп болған», – деді Амангелді Абылқанов.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өкілдері тікұшақты тауда да, түзде де ұзақ жылғы тәжірибесі бар ұшқыш басқарған дегенді алға тартып отыр.

Қыркүйектің 9-ы күні «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысында апатқа ұшыраған тікұшақтың ішіндегі шекарашылар Өзбекстан түрмесінен тұтқындардың қашуына байланысты мемлекеттік шекараны қорғауды күшейтумен айналысқан деп хабарлады.

«Өзбекстанның Шекара қызметінен 6 адам Қазақстан жаққа қарай шекараны заңсыз түрде қиып өтуі мүмкін деген ақпарат болған. Сол мақсатпен ұшырылған тікұшақ бұл. Ол адамдар өтпеуі де мүмкін, өтпеген де шығар, өткен болса осы уақытта ұсталған болар еді ғой», – деген еді ҰҚК баспасөз қызметі басшысының орынбасары Мұхтар Анарбеков Азаттыққа қыркүйектің 8-і күні.

Алайда Өзбекстан тарапынан өз аты-жөнін атағысы келмеген полиция қызметкері Азаттық радиосының өзбек қызметіне берген сұхбатында, Өзбекстан түрмесінен тұтқындардың қашқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

«Егер тұтқындар қашып кететін болса, ерекше шаралар қолға алынады ғой. Түрмеден ешкім қашқан жоқ», – деді өзбек полициясының қызметкері.

РЕСЕЙЛІК КОМПАНИЯНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстандағы әскери тікұшақ апаты болған күннің ертесінде әуе көліктерін двигательмен жабдықтаумен айналысатын ресейлік «Климов» компаниясының атқарушы директоры Александр Ватагин ТМД елдері арасында, сонымен қатар Қазақстанда да әуе қозғалыстарының қауіпті болып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның мемлекеттік және авиациялық билігіне үндеу жолдады.

Аталмыш компанияның сайтында жарияланған үндеуде, ТМД аумағында болатын ұшақ апаттарының саны тіпті Еуропа мен Солтүстік Американың көрсеткішін әлдеқайда басып озғаны айтылған.

«Негізгі теріс факторлардың бірі – авиакомпаниялардың заңсыз сатып алынған бөлшектерді пайдалану мен онымен айналысуға құқығы жоқ, көңілге күмән ұялатқан фирмалармен жұмыс істеуі. Кейбір авиакомпаниялар қаржы үнемдеу үшін осындай қадамдарға барады. Өкінішке қарай, мұндай фактілер «болғаны болып, бояуы сіңген соң» яғни, түзеуге келмес жағдайлардан соң ашылады» делінген үндеуде.

Сонымен қатар Александр Ватагин Ми-8 маркалы тікұшақтарды Қазақстанда қолданып отырған компанияның атына сын айтады.

«Республикада Ми-8 тікұшақтардың паркін қолданушы «Евро-Азия-Эйр» компаниясы 2008 жылдан бастап аталмыш тікұшақтың двигателі мен редукторларының жөндеу жұмыстарының мерзімінің тақалғанына қарамастан заңсыз созып келеді. Бұл жұмыстарды Ми-8, Ми-17 сияқты тікұшақтарды жөндеуге рұқсаты жоқ, тиісінше құқығы да жоқ фирмалар жүргізіп келеді» дейді Александр Ватагин. Ол сөзінің соңында аталмыш компанияның өз жолаушыларының басын қауіпке тігіп отырғанын ескертеді.

«ЕВРО-АЗИЯ-ЭЙР» КОМПАНИЯНЫҢ ҚАРСЫ УӘЖІ

Александр Ватагиннің үндеуінде аталған «Евро-Азия-Эйр» компаниясының вице-президенті Талғат Амантайұлы өздерінің атына айтылған сынға байланысты Азаттық радиосына былай деді:

«Ресейде ұшақ жабдықтаумен тек «Климов» компаниясы қана айналыспайды. Жыл сайын біздің техникаларымыз Новосибирскідегі зауыттан арнайы жөндеуден өтеді. Олардың көздеп отырған нәрсесі – қаржылық мүдде, яғни бізбен келісім-шарт жасасу. Ал олар тым қымбат қызмет көрсетеді. Сондықтан, олардың айтқаны мүлде шындыққа сәйкес келмейді. Олар бұған дейін біздің үстімізден қаржы полициясына да, бас прокуратураға да арыз түсірген болатын. Талай тексеріс болды. Барлығы заңға сәйкес жүргізілуде».

Осы мәселеге байланысты Азаттық радиосы тәуелсіз сарапшыны да сөзге тарқан еді. Өмірбек Кеңесбаев, ұшқыш:

«Біздің азаматтық авиация мықты мамандарға зәру. Халықаралық ұйымдардың қорытындысында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүйесінің әлсіздігі сыналып жүр. Басты мәселе онда штаб жоқ. Жеке авиакомпанияларда қызмет ететін ұшқыштардың жалақысы жоғары. Олардың жалақылары шамамен екі мың АҚШ долларынан басталса, біздің азаматтық авиация комитетіндегі ұшқыштар 300-400 доллардың төңірегінде жалақы алады. Енді ойлап қараңызшы, қандай мықты маман азаматтық авиация комитетіне барады?! Сол себепті комитет өзіне мықты мамандарды жинай алмай жатыр».

Қыркүйектің 9-ы күні 19 сағат 9 минутта ресейлік «Бугульминские авиалинии» әуе компаниясының ЯК-40 ұшағының Ақтөбе әуежайының ұшу-қону алаңына апатты жағдайда келіп қонған. Қазақстанның Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, «Қазан-Ақтөбе» бағытында ұшып шыққан ұшақтың дөңгелегіндегі ақау болған.

Ұшақта болған 8 жолаушы мен экипаждың 4 мүшесінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ деп хабарланды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG