Accessibility links

Қолайсыз сайттар Батыста пікірталас туғызса, Қазақстанда тосқауылға тап болады


Ауғанстандағы соғыс туралы деректер жариялаған Wikileaks сайтының көрінісі. 26 шілде 2010 жыл.
Ауғанстандағы соғыс туралы деректер жариялаған Wikileaks сайтының көрінісі. 26 шілде 2010 жыл.

WikiLeaks сайтына байланысты оқиғалар кез-келген биліктің интернетке бақылауды күшейте түсуге ұмтылып отырғанын көрсетеді. Бірақ Батыстың ғаламторды ауа жайылу мен жауапсыздықтан сақтауға бағытталған ізденістері мен кейбір постсоветтік елдердегі тыйымдардың айырмасы жер мен көктей.


ВИРТУАЛДЫ ӘШКЕРЕЛЕУ

Адам құқығы құрметтелетін демократиялық елдерде билік қандай да бір шектеулер мен тыйымдарды оңай жасай алмайды. Әсіресе, бұқаралық апарат құралдарына келгенде - қиынның қиыны. Мәселен, батыс билігі әлемді өрмекшінің торындай шырмап алған интернетке бір емес бірнеше рет тұсау салмақ болды. Бірақ бұл әрекет заңға томпақ келгендіктен оны қоғам да қабылдамады, өре түрегелді.

Жалпы жұртшылыққа кеңінен танымал WikiLeaks сайты төңірегінде орын алған соңғы оқиғалар бұған нақты мысал болады.

Ұдайы қоғам назарындағы WikiLeaks сайтының мақалалары талайдың шымбайына батып жүр, тіпті АҚШ билігі тарапынан да сын садағына алынғаны белгілі.

2007 жылы сайт жетекшілері өздерінің компьютерлік серверлерін Америкадан Швецияға ауыстыруды ұйғарды. Сөйтіп әшкерелеуші ақпарат бұлақтарын АҚШ заңдарына қарағанда біршама тәуір қорғайтын осы елдің жергілікті заңдарын пайдаланбақшы еді.

Алайда жақында сайтқа әлдебір құдыретті күштің қара бұлты төнді. Оған маусым айының соңында сайт бетінде жарияланған Ирактағы соғысқа қатысы бар Американың 76 мың құпия құжаты себеп болды.

Қауіп бәрінен бұрын Америка Құрама Штаттарындағы ең қуатты лоббист – Пентагон тарапынан төнді. Әрине, президенттің өзі қолдамаса, АҚШ қорғаныс министрлігі WikiLeaks сайтына қарсы дәл бұлай белсенді шабуылға шыға алмас еді.

Пентагон жария болған құпия материалдарды дереу жойып жіберуді талап етті. Олар WikiLeaks сайты бұл құжаттарды Америка заңдарын бұза отырып қолға түсірген, сондықтан оны жариялаудың өзі де заңға қайшы деген уәждерін алға тартты.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙ

Екі тараптың арасындағы мұндай айтыс-тартыс, кейбір елдер үшін, мәселен Қазақстан үшін ақылға сыймас дүние.

Мысалы, Астана бұл сайтпен пікірталастырып, бас қатырмақ түгілі, мақала жарық көрген сәтте-ақ оны сөзге келмей жауып тастар еді. Қолайына жақпаған кез-келген сайтқа тосқауыл қою - бұл елге түк емес.

Мұны жүзеге асырушыларға мемлекеттік құпиялар туралы, ар-ождан бостандығы мен жеке өмірге қол сұқпау туралы заңдар таптырмас желеуге айналды. Қылмыстық жауапкершілікке дейін тартуды көздейтін бұл заңдар бір жылдан бері интернетте жарияланған ақпараттарға да қатысты қолданылатын болды.

ОРДЕРІН ҚАЙТЫП АЛДЫ

Ал WikiLeaks сайты Пентагонның қоқан-лоқысына қарамастан өздері қажет деп санаған материалдарды жариялай беруді ұйғарды.

Сайт төңірегіндегі күтпеген оқиғалар Вашингтоннан Стокгольмға ауысты. Осыдан бірер күн бұрын швед прокуратурасы WikiLeaks сайтының негізін салушы Джулиан Ассанджды қамауға алу жөнінде ордер берді. Оған айналасы бірер күнде екі әйелді зорлаған деген айып тағылғаны айтылды.

Бұл жөнінде бас кейіпкер Джулиан Ассандждың өзі: «Бізді қиялда жоқ қитұрқы әдістермен қорқытпақшы. Қазір соның алғашқы тәсілін көріп отырмыз» деді.

Арада бірер сағат өтер-өтпестен швед жағы ордерін қайтып алды. Швецияның Бас прокуроры Ева Финне «Джулиан Ассандж әйел зорлады» деп күдіктенуге ешбір негіз жоқ деп мәлімдеді.

Сайт пен оның иесінің басындағы шырғалаңның аяқ астынан бұлайша құбыла қалуы қазақстандық билік үшін таңғаларлық дүние. Өйткені, елдің кез-келген қаласында, Астанада, Шымкентте, мейлі Қарағандыда болсын, Джулиан Ассандждың түсіне де кірмеген айыптарды асқан әбжілдікпен үйіп-төге салу түк те қиын емес еді. Оның жанында «әйел зорлады» деген айыбыңыз баланың ойыны болып қалуы мүмкін.

Мәселен, «Отанын сатты» не болмаса «шетел мүддесіне тыңшылық жасады» деген сияқты кісі тұқыртатын ауыр айыптардан Джулиан Ассандж құтыла алар ма еді? Құтыла алмайды. Ал ең бастысы, Джулиан Ассандж Қазақстан құқық органдарының құрығына ілінсе, баяғыда-ақ Шымкенттің бе, Қарағандының ба, әйтеуір бір қаланың түрмесінде құнжыңдап дәретхана тазалап жүрген болар еді. Жалғыз емес, әрине. Тобымен. Топ болғанда да, WikiLeaks сайтындағы бүкіл әріптестерімен бірге.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий осыған дейін «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының Украин және Түркімен редакцияларының директоры болып жұмыс істеген. Бұл мақаладағы аутордың жеке пікірі мен пайымдары Азаттық радиосының ұстанымдарымен сай келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG