Accessibility links

Исламшыл-содырлар Орталық Азияға дендеп енуге тағы талпыныс жасауда


Пәкістандағы Бунер ауданы маңындағы "Талибан" әскери содыры. 11 сәуір 2009 жыл
Пәкістандағы Бунер ауданы маңындағы "Талибан" әскери содыры. 11 сәуір 2009 жыл

Орталық Азияда Өзбекстан Ислам қозғалысы мүшелерімен болған қарулы қақтығыстар туралы хабарламалар жиілеп барады, содырлардың кейбіреулері сотқа да тартылған. Аймақта содырлардың іс-қимылдары жиілейді деген де қауіп бар.

ҚАРУЛЫ АДАМДАРДЫҢ ҚЫРҒЫЗСТАН ЖЕРІНДЕ ПАЙДА БОЛУЫ

Бұл 1999 жылы 5 тамызда болған еді. Қолдарына қару ұстаған адамдар Памир тауының тәжікстандық жағынан Ферғана алабымен түйіскен Қырғызстанның тау бөктеріндегі кішігірім ауылына келген.

Олардың пайда болуы Орталық Азия үкіметтерінің көршілес елдің мәселесінен аулақ болу мақсатының күлін көкке ұшырды. Ферғана алабын бөлісетін үш мемлекеттің қарым-қатынасын ұзақ уақыт бойы қиындатып келе жатқан Өзбекстан Ислам қозғалысы мүшелерінің шағын тобы болатын.

Бүгінде Орталық Азияда ғана емес, сонымен қатар Пәкістанда, Ауғанстанда, тіпті, Еуропаның орталығында да Өзбекстан Ислам қозғалысының (ӨИҚ) аты мәшһүр.

1999 жылы «босқындардың» қарулы тобы Қырғызстанға келгенде еш қауіп төндірмеген еді.

АЛДЫМЕН «ТАЛИБАН» ТАРАБЫНДА, КЕЙІН «ӘЛ-ҚАИДА» ЖАҒЫНДА

Бірақ, он жылдан кейін бүкіл Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия бойынша ӨИҚ өкілдерінің ізіне түсу басталды және де бұл ұйымның «Талибанмен» әрі «Әл-Қаидамен» байланысы бар деп саналады.

ӨИҚ-ның сол екі ұйыммен байланысы 1990 жылдардың аяғында Ауғанстандағы Амад Шах Масуд әскеріне қарсы талибтер жағында шайқасуға қатысуынан басталды.

Ол кез – араб елдерінен және постсоветтік мемлекеттерден шыққан көптеген исламшылдардың Ауғанстанға жаттығу мен баспана іздеп кетіп жатқан уақыт еді. Солардың арасында Өзбекстан Ислам қозғалысы мүшелері де бар болатын.

2001 жылғы 11 қыркүйекте болған Америкадағы лаңкестік шабуылдан және Ауғанстанға американдықтар басып кіргеннен кейін ӨИҚ мүшелері «Әл-Қаида» жағына шықты.

2001 жылдың соңында Ауғанстанның солтүстік-шығыс аудандарын Американың үстін-үстін бомбалауының барысында өзбек исламшыларының командирі Джуманбой Ходжаев (жауынгерлік лақап аты Жұма Намангани) қаза тапты.

Жаңа жетекші Тахир Юлдаш аман қалған өзбек содырларымен бірге Пәкістанға қашқан, содан бері ол әлі сол жерде деген сыбыс бар.

Соңғы кездері, Пәкістанның батыс шекарасы бойынша экстремистерге қарсы жүргізілген әскери шаралардан кейін Өзбекстанның Ислам қозғалысы Орталық Азияға аяқ басты деген сөз шыға бастады.

ӘНДІЖАН ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІНГІ ҚАТАРҒА ЖАҢАДАН ШАҚЫРЫЛҒАНДАР

Пәкістандық журналист Ахмед Рашид – үш онжылдық бойына Оңтүстік-шығыс және Орталық Азия исламшыл содырларына қатысты оқиғаларды бақылап келе жатқан жан.

Оның есептеуінше, 2001 жылы Әл-Қаидамен бірге Пәкістанға кеткен ӨИҚ мүшелері бірнеше жүз адамнан аспайды.

Ахмед Рашид ӨИҚ Ауғанстан, Иран және Түркіменстан арқылы Орталық Азияға жалғасқан инфрақұрылым жасап алды дегенді айтады.

2005 жылғы мамырда Әндіжанда болған қанды қырғыннан кейін көптеген өзбек жастары Ислам Каримов режимі тарапынан болатын қуғын-сүргіннен қашуға жол іздеген кезде исламшылдар үшін өз қатарын жаңа адамдармен толықтырып алуға мүмкіндік туған еді.
2004 жылы-ақ пәкістандық БАҚ пәкістандық әскерге қарсы исламшылдар тобын Куари Тахир Юлдаш бастағанын хабарлап жатты.

Журналист Ахмед Рашидтің ойынша орталықазиялық содырлар «Талибан» және «Әл-Қаидамен» тығыз байланысқа көшкені сондай, тікелей жалданбалылыққа ауысқан.

Пәкістандық журналистің сөзіне қарағанда соңғы екі жыл ішінде біртұтас қозғалыс бірімен бірі бақталасқан бірнеше топтарға жіктеліп кеткен. Олар бір ортақ жауға қарсы ғана емес, сонымен бірге бірімен бірі қырқысып, бір-біріне қарсы әскери шаралар жүргізіп жатады.
Пәкістандық БАҚ топтар арасындағы қақтығыстың өршуіне өзбек топтарынан басқа тәжік, түркімен және басқа да Орталық Азия елдерінен шыққан содырлардың топтары пайда болуы себеп болғанын хабарлайды.

Ахмед Рашид Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдеріндегі мардымсыз экономикалық ахуал сол барлық топтардың ықпалының айтарлықтай өсуіне негіз болуда дегенді баса айтады.

ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫСТАР

Қазірдің өзінде Өзбекстанның Ислам қозғалысы Орталық Азияға оралуда деген хабарлар жетуде.

Мамыр айының соңынан бері Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріндегі қарулы қақтығыстар ӨИҚ мүшелері ұйымдастырған арандатушылық деп саналды.

Қырғызстаннан келген содырлардың шағын тобы өзбек шекарасын кесіп өтіп шекаралық бекетке шабуыл жасады. Өзбек жағы Қырғызстанды өз шекарасын қорғауға жеткілікті күш салмаған деп кінәлады.

Маусым айында қырғыздар өздеріне тиесілі Ферғана алабын сүзіп шығу бағытында бірқатар шаралар жүргізді. Сол кезде қырғыз күш құрылымы қызметкерлерінің Өзбекстанның Ислам қозғалысы мүшелерімен қақтығысында, жоқ дегенде, арнаулы мақсаттағы бөлімшенің бір жауынгерінің қаза тапқаны ресми түрде хабарланды.

Сондай-ақ, шілденің басында өзбек содырлары кем дегенде 9 адамынан айырылды деп хабарланды.

Әскери қақтығыстар Тәжікстан аумағына да ауысты. Кейбір хабарлар бойынша мамыр айында Ауғанстан жақтан тәжік жеріне Өзбекстанның Ислам қозғалысының командир Молла Абдулла бастаған жүз мүшесі еніп кеткен.

Содырлардың тәжіктің қауіпсіздік күштерімен қақтығысы шілде айында болып өтті. Тәжіктің Ішкі істер министрлігі 5 тамызда содырлардың он бірі қаза тауып, жиырмасы тұтқынға түсті деп хабарлады. Қаза тапқандар мен тұтқынға түскендердің арасында Молла Абдулла жоқ болып шыққан.

ҮЙЛЕСТІРІЛГЕН ӘРЕКЕТ БОЛМАЙ ТҰР

Тамыздың басында Өзбекстанның Ислам қозғалысының 12 сезікті мүшесі өзбек сотының алдына әкелінді.

Тәжіктің Жоғарғы соты шілденің аяғында ӨИҚ-ның алты мүшесін соттады. Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан баяғы әдеті бойынша үйлестірілген шаралар қабылдамауда, әрқайсысы содырлармен жеке-жеке күресуді жөн көріп отыр дейді шолушылар.

Сол себепті бұл елдер көп ұзамай-ақ аймақта содырлардың белсенділігінің күшеюін жоққа шығармайды.

Шілденің аяғында Тәжікстанның ішкі істер министрі Абдурахим Квахромов Ауғанстандағы коалиция күштерінің қызу операцияларынан соң «лаңкестер және әлдебір баспана іздеушілер» тәжік, қырғыз және өзбек аумағына ену мақсатыменен шекара асуға әрекет қылады деп ескерткен.
XS
SM
MD
LG