«ҚҰПИЯСЫ КӨП МИНИСТРЛІКТЕР»
Қазақстан Журналистер одағы мен «Әділ сөз» қоры мұрындық болған «Ақпаратқа қол жеткізу» деп аталатын байқау алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Конкурстың өзіндік ерекшелігі – заң тыйым салмайтын жолмен қоғамға жетуі тиіс ақпараттарды журналистерге бермеген, және сол арқылы журналистің заңды құқығын бұзған министрліктер, мемлекеттік және жекеменшік мекемелер, лауазымды тұлғалардың тізімдері жасалып, оларға арнайы жүлделер, дипломдар мен естелік заттар сыйлыққа беріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурстың мақсаты – Қазақстандағы ақпарат беруден ат-тонын ала қашатын көптеген мемлекеттік мекемелер мен лауазымды тұлғалардың заңды белшесінен басып отырғандығы жөнінде қоғамдық пікір тудыру.
Конкурс бес аталым бойынша, Қазақстанның аймақтардағы және ірі қалаларындағы журналистердің қандай мекемеден, қандай лауазымды адамнан ақпарат ала алмағаны жайлы жіберген нақты фактілері бойынша жүргізілген.
Конкурстың «Құпиясы көп министрліктер» аталымы бойынша, төрт министрлік «жеңімпаз» атанды. Алайда, дәл осы аталымға енген Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметкері Айгүл Тілеубайқызы конкурс нәтижесімен келіспейтіндігін айтады.
- Кез келген мәселеге байланысты әрбір журналистің сұранымына уақытылы жауап береміз. Тіпті, кеңседен де жауап алып береміз. Осыған дейін министрліктен қандай бір жағдайға байланысты журналситердің мәлімет ала алмай қалған кезі болған жоқ. Біз қоғам үшін қашанда ашықпыз. Кез келген сауалға жауап береміз. Өйткені, бұл – біздің жұмысымыз,- деді Айгүл Тілеубайқызы
«Құпия министрліктер» аталымына енген министрліктердің бірі Ауылшаруашылық министрлігінің баспасөз хатшысы Талғат Толыбайұлы аталған министрлік ақпарат беруден журналистердің қолын қақпағанын жеткізді. Оның ойынша, конкурстың нәтижелері қоғамдағы пікір алуандығын көрсетеді.
- Кейбір журналистер сандық деректерді бұрмалап беріп жатады. Біз оларға қайта хабарласып, айтамыз. Бірақ, олар өз дегендерінен танбайды. Біз, ең бастысы, айтып парызымыздан құтылдық деп есептейміз. Ал, одан кейін ондай журналистерге деген сенімсіздік пайда болады, - деді Талғат Толыбайұлы.
"ОЗА ШАУЫП БӘЙГЕ АЛҒАНДАР"
«Құпиясы көп министрліктер» аталымына ІІМ, Білім және ғылым министрлігі, Ауылшаруашылық министрілігі енген. Аталған министрліктер журналистерден келіп түскен материалдар негізінде ақпарат беруде сараңдық көрсетеді деп танылған.
Екінші, номинация «Мен бастық болсам, сен...» деп аталады. Бұл аталымға Алматы қалалық мәслихатының депутаты Абылхан Саматдин, Батыс Қазақстан облысы әкімшілігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Қалиолла Қарағойшин, Қарағанды қаласының жұмыспен қатму орталығының бастығы Мария Құсайынова, «Вагонсервис» АҚ Қарағандылық бөлімшесі директорының орынбасары Қазбек Тынысбеков, Орал қаласы әкімінің жетекшісі Азамат Айтуевтар енген.
Үшінші, «Үндеместер зонасы» аталымына Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарының және Қостанай қаласы әкімшіліктері мен Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер басқармасы енген.
Төртінші, аталым «Баспасөздің қас досы» деп аталады. Бұл аталымға Қарағанды қаласының әкімшілігі мен іскер Асқар Құлыбаев енген.
Қазақстан - "Kazenergy" қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев Астанадағы энергетикалық форумда. Астана, 25 қыркүйек, 2009 жыл.
Бесінші, «Маңына жуытпайтын тұлға» деген аталымды «Самұрық қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасының орынбасары, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Құлыбаев жеке дара иеленген.
Ал, арнайы дипломдармен ақпарат және байланыс министрлігінің ақпарат және мұрағат комитеті «Ақылға сыймайтын жауапкершілігі үшін» және Петропавел қаласының әкімшілігі «Бұрын-соңды болмаған шапшаңдығы» үшін марапатталды.
«Ақпаратқа қол жеткізу» конкурсын ұйымдастырушылардың дерегіне қарағанда, 2010 жылдың қаңтар және сәуір айларының аралығында түрлі редакциялармен журналистерге төрт рет шабуыл жасалған. Журналистерді қорқыту әрекеті үш рет болған. 12 сайтты пайдалануға шектеу енгізілген. Және де 17 шенеунік, алты заңды тұлға, тоғыз қарапайым азамат БАҚ-ына қарсы арыз түсірген.