Accessibility links

Жағажайдағы көшпелі «Ай парк» аттракционында төрт кісі жарақат алды


Қалалық саябақтағы «Шайтан доңғалағы» аттракционы. Қостанай, 3 қыркүйек 2009 жыл.
Қалалық саябақтағы «Шайтан доңғалағы» аттракционы. Қостанай, 3 қыркүйек 2009 жыл.

Тамыз айының соңғы күні Қостанайдағы жағажайда орналасқан көшпелі аттракционда болған апат салдарынан төрт адам ауруханаға жеткізілді. Олар отырған шағын вагон рельстен шығып кетіп, барлығы да жерге құлап, әртүрлі жарақат алған.

ДЕМАЛУҒА БАРЫП, ОҚЫС ЖАҒДАЙҒА ТАП БОЛҒАНДАР

Қостанай қалалық ауруханасының дәрігер-травматологы Төленді Бекеновтың айтуына қарағанда, апат салдарынан екі жас жігіттің аяқ-қолдары сынып, денелерінің басқа жеріне де зақым келген. Олар аурухананың хирургиялық бөлімінде жатыр. Ал басы жарылып, миы шайқалған тағы бір адам қазір нейрохирургия бөлімінде емделуде. Төртінші зардап шегушінің оларға қарағанда жағдайы жақсы, алайда, ол да амбулаториялық ем алып жүр.

Аяғы сынып жатқан Сұлтан Қосмағамбетов демалыс саябағына әйелі мен балаларын ертіп барған екен. Абырой болғанда, олар карусельге отырмаған.

– Мен көп ұзамай жазылып шығармын, бірақ, отбасымның сәтін салып жаңағы аттракционға отырмағанына қатты қуанып, шүкіршілік қылып отырмын, – дейді Сұлтан.

Сол күні аттракционда қатты жарақат алған Николай Галкин есін ауруханада жиған.

– Не болып, не қойғанын білмеймін, тек жерге құлап бара жатқаным есімде, – дейді ол.

Жағажайда орналасқан «Ай парк» аттракционы. Қостанай, 3 қыркүйек 2009 жыл.
Аттракционда оқыс оқиға болған күні сол маңайда болған Серік Сағынтаев әзірбайжандық «Ай-парктегі» әлгі аттракционда билет құны 500 теңге болғанын, сондықтан да оған кісілер аз мінгенін айта келіп, егер билет арзан бағамен сатылғанда, зардап шегушілер бұдан да көп болуы мүмкін еді дейді.

«Ай-парк» аттракционы жағажайға осыдан бір ай бұрын келіп орналасқан екен. Оның директорымен сөйлесудің реті келмеді. Ал сол маңайдағы парк қызметкерлері: «Апат техникалық ақау салдарынан болған, әкімшілік зардап шегушілердің емделуге кеткен барлық шығынын төлейміз деп отыр», - деді.

Қостанай қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Андрей Байтұрсынов бұл аттракциондарды орнатуға байланысты құжаттардың өздерінің мекемесіне түспегенін айтып, «бірақ, оларға рұқсатты қала әкімдігі беруі мүмкін, ендеше кездейсоқ ақша табушылар бұл жерге қалай келген деген сауалды соларға қойған орынды» деген пікірін білдірді.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатқанын, бірақ, зардап шегушілердің ешқайсысынан полиция органдарына шағым түспегенін хабарлады.


ҚАЛАДАҒЫ ӨЗГЕ АТТРАКЦИОНДАР


Облыс орталығындағы саябақта тұрған аттракциондардың көбінің тозығы жеткен. Осы жолғы оқыс оқиғадан кейін олардың жағдайы қандай күйде деген сауалдар тұрғындар тарапынан айтыла бастады.

Орталықтағы аттракциондардың директоры Леонид Трахтенберг: «Қостанайда қала күні қарсаңында бірнеше әткеншек жаңартылды, сонымен бірге жаңадан «Тікұшақ» деп аталатын итальяндық аттракцион орнатылды, олардың сапасы жақсы, сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ» - дейді.

Орталықта қоңыр күзде серуендеушілер саны көп. Әсіресе, оқушылар дәл осы мезгілде түрлі әткеншектерге құмар. Келешекте «Шайтан доңғалағы» («Чертовое колесо») деп аталатын аттракционды да жаңалау жоспарланыпты. Әзірше бұл доңғалақ жұмыс істеп жатыр. Бірақ, оған мінушілер саны енді күрт азайып кеткен.

Бізбен пікірлескен тағы бір тұрғын Сейітбаттал Ахметов: «Негізінде әткеншектер мен алтыбақан, спортпен айналысатын, балалар ойнайтын алаңдар әр ауданда, тұрғын үйлердің жанында болғаны жақсы еді. Қазіргі уақытта тұрғын үйлер маңайында бос жер қалмады, балалардың ойнайтын жері тарылып кетті» - дейді.
XS
SM
MD
LG