Accessibility links

Алмарасандағы жол апаты Рахимовтар әулетіне бір күнде бес бірдей қабір қаздырды...


Машина ішінде бірге қаза тапқан 86 жасар Қарлығаш әже мен қызы Әсияның соңғы суреті.12 маусым, 2009 жыл. (отбасылық альбомнан алынды)
Машина ішінде бірге қаза тапқан 86 жасар Қарлығаш әже мен қызы Әсияның соңғы суреті.12 маусым, 2009 жыл. (отбасылық альбомнан алынды)

18 тамыз күні Рахимовтар отбасы 86 жасар ана - Қарлығаш Рахимованы, ұлы - Файзолла мен қызы - Әсия, келіні - Гүлхан және туыстары Алтай– барлығы 5 адамды соңғы сапарға шығарып салуға мәжбүр болды. Жүк көлігі келіп соғылғанда «Тойота» көлігінің ішінде жантәсілім еткен жандардың туыстары оқиғаның әділ тексеріліп, кінәлілердің тиісті жазасын тартуын талап етеді.

БЕЙБІТ КҮНДЕ АНАСЫН ЕКІ БАЛАСЫ, КЕЛІНІМЕН БІРГЕ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІНЕ АТТАНДЫРУ

Қайғылы оқиға жексенбі, тамыздың 16-сы күні кешкі сағат 6-да алматылықтардың жиі баратын – Алмарасан шатқалындағы жолда орын алған еді. Экологиялық таза аймақты білдіретін арнайы белгіге жақын тұрған «Тойота» көлігіне тау жақтан келе жатқан Қытайдың “Ховер” жүк көлігі соғылып, соның салдарынан жеңіл автомашинадағы барлық 5 адам да қаза тапқан еді.

“Тойотаға” соғылған жүк көлігі мұнан өзге аялдамада автобус күтіп тұрған тағы бірнеше адамды басып кеткен. 10 адам оқиға орнында қаза тауып, жараланған тағы бір кісі ауруханада көз жұмған.
48 жасар Файзулла Рахимов, апатқа ұшыраған "Тойота" көлігінің жүргізушісі. (отбасылық альбомнан алынды)



1961 жылы туған Алтайды туыстары Тараз қаласына алып кеткен. Ал қалған 4 бірдей адамның жаназасы Алматыдағы бір үйден шығарылды. Мұсылмандық шартымен ақ жуып, аруланған мәйіттерді ер адамдар бейіт басына алып кеткенде, ағыл-тегіл жылаған әйелдер мен балалардың даусы көшені жаңғыртып, жиналған қарақұрым халық түгелдей егіліп тұрды.

Қайғыдан қабырғалары қайысып, қан жұтып отырған жандарға өз тарапымыздан көңіл айта отырып, аз-кем болса да суыртпақап сөзге тартқандай болдық. Олар Азаттық тілшілерін аса сақтықпен қарсы алғандай еді. Ол түсінікті де... Дегенмен, мән-жайды білгеннен кейін үйдің үлкендері бізбен сұхбатқа келіскен еді.

Ғалия Төрешова – «Тойота» көлігінің рөлінде отырған Файзолланың әпкесі, өзінің орны толмас қайғыға душар болғандығын айтады.

- Біз отбасында 2 қыз 2 ұл едік. Кешегі көліктің ішінде інім мен сіңілім және анам, келінім мен тағы бір туысымыз болған еді. Бір сәтте анамнан да бауырларымнан да айырылдым (жылайды). Сіңілім жоғарғы оқу орнында сабақ беретін профессор еді. Ал інім мен келінім қаладағы алдыңғы қатардағы архитекторлар еді... Отбасымыздың бетке ұстар азаматтары еді...-дейді Шымкенттен түнде ғана жеткен Ғалия апай.

Қаза болғандарының тағы бір туысы Гүлмира да ауыр қайғыдан ес жия алар емес.

"Артикс" компаниясының бас сәулетшісі болып істеген Гүлхан Бүкібаева. (отбасылық альбомнан алынды)
- Бір дегенде 5 адамды жерлеу дегеніңіз өте қиын екен...Қазір ғана 4 адамды алып шықты, бесіншісін Таразға алып кетті. Біздің отбасымызға осыншама қайғы келеді деп кім ойлаған? Енді біз қайттық? Бұған кім кінәлі? – дейді өксігін баса алмаған Гүлмира.

Ажал айтып келмейді демекші, қас-қағым сәтте болған апат салдарынан мерт болған Рахимовтардың мәйіті Алматының жоғарғы жағындағы мұсылман қорымының біріне қойылып, бір күнде бір әулетті түгел боздатқан бес бірдей төмпешік пайда болды.

Әзірге анығы, оқиға орнында қайтыс болған «Ховер» жүк көлігінің жүргізушісі - 57 жастағы Сағидолла Нәжмеденов жол салумен айналысатын “Прогресс” корпорациясында жұмыс істеген.

Сағидолла Нәжмеденовтың туған-туыстарын немесе «Прогресс» корпорациясының өкілдерін табуды көздеп едік, еш нәтиже шықпады. Біздегі бар телефон номерлері жауап бермеді.

Белгілі болғандай, «Прогресс» корпорациясы - Алматы қаласының Райымбек пен Түркебаев көшелерінің қиылысында орналасқан, 78 арнайы техникасы оның ішінде 10 жүк көлігі бар кәсіпорын екен.

ТЕРГЕУ ІСІ ЖҮРІП ЖАТЫР...

Қайғылы оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Полициядағылар бұған қатысты екі болжам жасап отыр. Біріншісі – жүк көлігіндегі ақау, екіншісі – оның жүргізушісінің ұйықтап кеткені, не есінен танып қалғаны болуы мүмкін. Алайда оқиғаның анық-қанығын тиісті зерттеулер анықтай алады дейді Ішкі Істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов.

- Бұл істі зерттеуге қатысты арнайы көлік техникасының мамандары бар топ құрылды. Олар қазіргі таңда мән-жайды анықтау үстінде, – деді министрлік өкілі.

Қаза болған адамдардың туыстары, тергеу жұмыстарының әділ әрі тиянақты жүргізілуін талап етуде.

- Біз бұл істің анық-қанығын білгіміз келеді. Бізге жүк көлігінің тежеуіші істен шыққан деді, алайда жүргізуші мас болуы да мүмкін деген болжамдар да бар...Біз бұл істе расында да кінәлі адамды білгіміз келеді. Әрине, ол біздің туыстарымызды тірілтпейді...дегенмен бізге шынайы болған жағдайды айтып берсін деген талабымыз бар, - дейді қайтыс болғандардың туысы Гүлмира.

Туыстары «Тойота» көлігінің жүргізушісі Файзолла Рахимовтың өте ұқыпты жүргізуші болғандығын айтады. Сондықтан олар бұл істе өз бауырының еш кінәсі жоқтығына сенімді.

ТӘЖІРИБЕЛІ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІ ТЫҢДАСАҚ

Бір күнде бес адамынан айрылып қалған Рахимовтар отбасынан қайтып келе жатып, орын алған жайтқа қатысты жүргізушілердің пікірін білуді жөн көрдік.

20 жылдан аса жүргізушілікті кәсіп еткен Нұрлан есімді Алматы тұрғыны бұл істе кінәліні анықтау оңай емес екендігін айтады.

- Қазір полицейлер түрлі болжамдар жасап жатыр ғой. Дегенмен, меніңше бұл жерде мынадай бірнеше факторларға назар аудару қажет. Біріншіден, жүргізушінің жасы – 57 жас дегеніңіз аз емес, ол дегеніңіз кем дегенде 20-30 жыл рульде отырған адам. Екіншіден, Алмарасан шатқалында гаражы орналасқан болса, жүргізуші 30 тонналық жүк көлігімен күнделікті қалай жоғары көтеріліп -түсіп жүр екен... Ол жолдың таулы жер екендігін, кіші-гірім көтеріліп түсетін дөңдерінің бар екендігін барлығымыз білеміз. Сондықтан «өзі жоқтың көзі жоқ» деп бар кінәні жүк көлігінің жүргізушісіне арту, меніңше, дұрыс емес, - дейді Нұрлан.

- Біздегі жолдардың барлығы соңғы кездері өте сапасыз болып кетті. Әсіресе, Алмарасан сынды адамдар көп баратын жерлердегі жолдар көліктердің көптеп жүруіне бейімделмеген. Сондықтан мұнда ең алдымен қала басшылығының кінәсі болуы мүмкін деп ойлаймын. Әрине адами факторды да жоққа шығаруға болмас, - дейді ендігі бір сөзге тартқан Азамат есімді жүргізуші.

ЕШТЕН КЕШ ЖАҚСЫ...

Полициядағылар бұдан бұрын жүк көлігінің салдарынан жол апаттарының талай болып тұратынын айтады. Бірақ дәл мынадай қайғыға апарып соққан оқиға бұрын-соңды болмаған екен.

Осыған орай, Ішкі істер министрлігі тамыздың 17-нен бастап республикада аутокөлік мекемелеріндегі жол ережелерінің сақталуына қатысты және Еңбек кодексінде көрсетілген талаптардың орындалуына байланысты жаппай тексеру шараларын бастаған.
XS
SM
MD
LG