БИЛІК ЖОСПАРЫ
Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласының билігі маусым айында 350-ден аса адамның өмірін қиған этникалық қақтығыстың қайталанбауы үшін тұрғындарды қайта қоныстандырып, біріктіруді жоспарлап отыр. Бірақ жергілікті тұрғындар оларды өз үйлерінен тар пәтерлерге мәжбүрлі түрде көшіре ме деп алаңдайды. Бұл аймақ әлі де ұлтаралық араздықтан арылмаған. Ел үкіметінің оңтүстікке бақылауы шамалы ғана болып отыр.
Биылғы маусым айында Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында болған этникалық қақтығыс кезінде азшылық өзбектердің үйлері жермен-жексен етіліп, жергілікті қырғыздардың баспаналарына көп зақым келмеген болатын.
Енді Ош қаласын қалпына келтіру жұмыстары қолға алына басталғанда, қала әкімі Мелис Мырзакматов алда қақтығыстар шықпау үшін өзбек пен қырғыз тұрғындарды аралас қоныстандырғысы келетінін айтты:
«Қақтығыс кезінде аралас аудандарға ештеңе болмады. Сол себепті біз бітеқайнасқан, ауласында түрлі этникалық топтардың балалары ойнап жүретін, адамдары өзара араласып, достықта өмір сүретін аудандар құрғымыз келеді».
Мұндай пікірін шілде айында білдірген Мелис Мырзакматов қала әкімшілігі қақтығыс кезінде өртенген үйлерге өрт сөндіруші көліктер өте алмаған ескі көшелерді күреп тастайды деп ескертті.
Оның айтуынша, бұл ақырындап жасалатын процесс қақтығыстан жапа шеккендердің биік ғимараттарға немесе жаңа көршілері бар үйлерге көшуіне әкеледі:
«Әрине, қақтығыстың салдары қайғылы болып отыр. Адамдар үй-мүлкінен, жақын адамдарынан айрылды. Сондықтан біз оларға өте абайлап қайрылып, барлық мүмкіндіктерді жасауға тырысып отырмыз».
Ош әкімі Мелис Мырзакматов қаланың жоспары туралы ақырғы шешім тұрғындардың қатысуымен болады деді. Бірақ осы аптаның алдында әкімнің орынбасары Таалай Сабиров Азаттықтың қырғыз қызметіне берген сұқбатында, қаланың жоспары жасалып қойды, енді билік өз үйлерінде қалғысы келетіндермен жеке жұмыс жүргізіп жатыр деген:
«Біз оларға қаламыздың мүддесі үшін көшулері керектігін айтып жатырмыз. Егер олар өз пәтерлерін тастағысы келмесе, біз оларға жер беретін боламыз. Бірақ олар өздерінің ескі мекендерінде қала алмайды, себебі қаланың жоспары жасалып қойған».
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАР ПӘТЕРГЕ БАРҒЫСЫ ЖОҚ
Десе де жергілікті тұрғындар өздеріне ешкім келіп кеңеспегенін айтып, өз үйлерінен мәжбүрлі түрде шығарыламыз ба деп қорқып отыр. Ош қаласының тұрғыны, этникалық өзбек Мамлакат Емилова одан да өзінің жеке үй салып алғысы келетінін айтады:
«Мен пәтерде тұрғым келмейді. Біз қазір шатырда тұрсақта осы жерде қалғанды жөн көреміз».
Сарапшылар этникалық өзбектер мен қырғыздардың бөлек аудандарда тұрғаны жағдайды қиындатқанымен келіседі. Саяси сарапшы Марс Сариев өзбек отбасылары өз дәстүрлері бойынша бәрі бірге бір үйде тұратынына тоқталып отыр:
«Олар оқшауланған қауымдастық болып, көрші аудандармен байланыспай тұрып жатқандықтан - бұл проблема. Осы тұрғыдан алғанда, бұл жоспардың мәні бар сияқты».
Сариев сондай-ақ өзбектерге қаланың жаңа жоспары не себепті ұнамайтынын түсінетіндігін айтып, олар ғасырлардан келе жатқан дәстүрлерінен айрылғысы келмейді дейді.
Адам құқын қорғаушы Азиза Абдурасулова да этникалық топ тұрғындарының арасындағы алшақтық сенімсіздік тудырады, келесі текетіресті болдырмау үшін оларды біріктіру маңызды деп біледі:
«Мен адамдардың құқы бұзылғанын қаламаймын. Бірақ таяудағы қақтығыс жүздеген адамның өліміне әкелген үшінші жанжал болды. Біз бір ұйғарымға келіп, адамдарды бейбіт көршілер ретінде өмір сүріп, бірігуге үйретуіміз керек».
Абдурасулова биліктің халықты өз жерлерінен мәжбүрлі түрде көшіруіне қақысы жоқ деп біледі. Бірақ Оштағы өзбектер арасындағы алаңдаушылық басылмай отыр. Кейбіреулері көбісі қырғыз ұлты болып отырған жергілікті билік қайта құру жоспарын жүзеге асыру үшін маусым қақтығысын пайдаланып отыр дегенді айтады.
Тағы бір этникалық өзбек Салтамат Файзуллаева қақтығыс кезінде қираған аудандар бұзылуға жатқызылып қойған дейді:
«Ешкім де бізге қайта құру жоспарын түсіндірген жоқ. Өзбек пен қырғыздар бір кішкентай пәтерлерге сыймайды. Біз өз жерімізде қалғымыз келеді».
ШЕШІМІ ҚИЫН ТҮЙІН
Осындай алаңдаушылықтар Қырғыз елінің оңтүстігінде жағдайды қиындата түспек. Бұл аймақ бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің бақылауында болған. Ош қаласының әкімі Мелис Мырзакматов те кезінде Бакиевтің жақын одақтасы болған.
Оштағы көп адам әлі Бакиевті қолдап, көбіне өзбектер жаңа үкіметті жақтап отыр. Аймақтағы екі топ арасындағы жағдай онсыз да орнықпай отырғанда, Ош әкімі оңтүстікті бақылай алмай отырған жаңа үкіметке үлкен бір проблема тудырып отыр.
Қала әкімі жақында ЕҚЫҰ-ның қарусыз полиция жасақтарын оңтүстікке енгізу жоспарына қарсы наразылық шараларын ұйымдастырды. Сарапшы Сариев бұл жағдайлар арқылы Ош әкімі ел үкіметіне үлкен қауіп-қатер төндіріп тұр деп есептейді:
«Осындай әрекеттерден жікшілдік белгілері байқалады. Маусым оқиғаларынан кейін оңтүстікте өз дала қолбасшыларын белгілеп алған элита қалыптасты. Орталық үкімет бұл мәселені әкімшілік жағдаймен бақылай да, күшпен реттей де алмайды. Олар шынайы жағдаймен санасулары керек болады».
Қазан айындағы парламент сайлауына дейін ел президенті болып отырған Роза Отунбаева демократиялық парламенттік жүйе үшін жаңа негіз құратынын айтады. Бірақ дәл қазіргі уақытта Ошты қайта құру жоспарына байланысты дау аймақтың тұрақтылығына жаңа қауіптер төндіріп тұр.