ЕУРОПАҒА ТӨТЕ ҚҰБЫР
Еуропа Одағының бақылауындағы Набукко газ құбыры жобасы қайта жандана бастады.
Каспий теңізі мен Таяу Шығыстың 31 миллиард текше метр болатын көгілдір отынын орталық және оңтүстік Еуропаға жеткізетін Набукко жобасы Ресейдің табиғи газы мен құбыржолы тасымалына тәуелді еуропалық аймақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұл жоба қаржыландыру мен тасымал мәселелеріне қатысты бірнеше кедергілерге тап болып келген. Бірақ қазір оның бірінші газ тасымалы 2014 жылы басталады деп межеленген мерзімі орындалуға жақын қалды.
Жобаның алға жылжи бастаған бір тұсына тоқталсақ, наурыздың 4-күні Түркия парламенті Набукко тасымалына байланысты үкіметаралық келісімді мақұлдады. Түркия бұл Набукко құбыржолы өтетін бес елдің бірі. Енді 3300 шақырымға созылған Набукко жобасын қалған тасымал елдер Австрия, Болгария, Венгрия және Румыния да мақұлдауы керек.
АНКАРА МЕН БАКУДІҢ КЕЛІСІМІ
Набукко жобасының атқарушы директоры Рейнхард Митчек Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында, Түркияның бұл келісімді мақұлдауы маңызды қадам болды деді:
«Бұл үкіметаралық келісім шынымен де маңызды құжат. Өйткені бұл бес ел бойына тасымал тәртібін заңдастыратын болады. Ол деген Набукко құбыржолы тасымалы үшін өте маңызды. Аталмыш құжат келісім тұрғысында жасалып, бес елдің заңдары арқылы мақұлданады. Оның ұзақтығы 50 жылға созылады, сондықтан ол тараптарға ыңғайлы, қауіпсіз әрі сенімді инвесторларды қамтамасыз ететін болады».
Түркияның бұл келісімді бекітпес бұрын сенімсіздік танытуы Әзірбайжанмен келіссөздеріне байланысты болуы мүмкін. Набукко құбыржолы Әзірбайжаннан бастау алады.
Анкара мен Баку аймақтық одақтастар, бірақ Әзірбайжаннан келетін газ бағасына байланысты келіссөздері ұзаққа созылып кеткен.
Рим университетінің геосаясат пен энергетикалық мәселелер бойынша баяндаушысы Федерико Бордонаро Түркия мен Әзірбайжан арасындағы соңғы келісім Анкараның үкіметаралық келісімді бекітуіне әкелді деді:
«Осының алдында түріктер мен әзірбайжандықтар арасындағы баға келісім-шартында не айқын болмады. Менің түсінуімше, Анкара енді тасымал салығын енгізеді, бірақ Әзірбайжанның Шах Деңізінен Түркияға, одан Балқан аймағы мен Еуропа Одағына өтетін газ үшін кіріс жарнасы болмайды. Қазір ең бір назар аударатын мәселе әзірбайжан мен түріктердің салық, басқа түсімдер мен бағаларға қатысты жазылған келісімі бар. Сол себепті қазіргі таңда Набукко жобасы үшін заңды негіз бар әрі Еуропа Одағының дәлізі заңды тұрғыда әрекет ете алады».
ЕУРОКОМИССИЯ ҚАРЖЫСЫ
Набукко құбыржолы жобасы үшін тағы бір үлкен жаңалық наурыздың 10-ы күні аталмыш жобаның үлескерлерінің бірі Германияның RWE ірі энергетикалық компаниясы Әзірбайжанмен түсіністік меморандумына қол қойды. Ол келісім бойынша Каспий теңізіндегі Нахичеван кенішін дамыту қолға алынады.
Германиялық RWE өткен жылы Түркменстанмен Каспий жағалауындағы оффшорлық кенішті дамыту жөнінде келісім жасаған. Түркменстан мен Әзірбайжан Набукко жобасындағы негізгі екі газ жеткізуші болып отыр.
Сонымен қоса Набуккоға қатысты тағы бір жаңалық Еуропалық комиссиядан келді. Наурыздың 4-күні Түркия парламенті бұл жобаға қатысты үкіметаралық келісімді бекітіп жатқанда, Еуропалық комиссия Набуккоға 2,3 миллиард еуро бөлді.
Өткен жылғы қыста болған Ресей мен Украина арасындағы газ бағасы дауынан кейін еурокомиссия одақтың энергетикалық инфрақұрылымын жақсарту жобаларына 1,5 миллиард еуро белгілеген. Оның 200 миллион еуросын Набукко иеленген.
Набукко жобасының жетекшісі Рейнхард Митчек жобаға қосымша қаржының келгеніне қуанып отыр. Ол Набукконың бірінші тендері осы жазда басталады деді. Митчек сондай-ақ Набукко құбыржолы жобасы өз уақытында дайын болады деген сенімін білдірді.
«Иә, мен біз өз уақытымен келеміз деп айта аламын. Біздің жылымыз өте белсенді болып отыр. 2010 жылы бәрін дайындаймыз: ашылу мерзімі, қаржыландыру, техникалық жағдайлары сияқтылар. 2011 жылы біз алдын-ала белгіленіп болжанғандай, құрылысты бастаймыз.сосын 2014 жылдың аяғында бірінші газ тасымалы Еуропаға ағылатын болады», - дейді ол.
Сөйтіп, наурыз айы оқиғаға толы берекелі ай болып отыр деген Митчек Набукко жобасының жақсылыққа үміт артуына негіз бар деп санайды.