РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ АЙТУЫНША, ПРЕЗИДЕНТ ОНЫ ӨЗ ЖАЙЫНА ҚАЛДЫРҒАН
Лермонтов атындағы орыс драмалық театрында Шекспирдің шығармасы «Король Лирдің» қойылымы өтіп жатыр. Әрине, бәрі де қазақстандық шындықтың кескініне жақындаудан сақтанып бағуда, бірақ оларынан түк шығар емес.
Шекспирдің ұлылығы да сонда емес пе, жұрт айтылмауға тиіс шындықты сахнадан көріп, сыпсың-сыпсың сыбырға көшеді, сахнада әрбір сөз айтылған сайын көрермен өзін ыңғайсыз сезіне береді. Ұлы ағылшын драматургі 17-ғасырда тұрып, сиқырлы айнадан болашақта не болатынын көріп алған секілді.
Елдегі ахуал турасында граф Глостер айтқандай: «…жер-жерде бауырлар арасындағы өзара қырқысқу... ата-ана мен бала арасындағы отбасылық байланыс үзілуде ...патшамен үзілгендей. Енді бір жерде әкесі туған баласына қарсы шығуда...»
Мен скайп арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы жақын туысы, қызының бұрынғы күйеуі, Венада сергелдеңде жүрген Рахат Әлиевпен кезекті рет сөйлесіп отырмын. Сөйлескенде де, мен өзімді журналист есебінде емес, өткен өмірімде Ленинградта істегенімдей – театр режиссері есебінде ұстаймын.
Онымен саясат жайында сөйлескім келмейді. Ол тақырып өткен сұхбаттарымызда молынан қозғалған. Мен негізінен президенттің үлкен отбасы жайында сөз еткім келеді. Балалар жайлы. Немерелер жайлы.
Күні кеше ғана, қуғынға түспес бұрын, Рахат Әлиев сол үлкен отбасының бел ортасында жүрді. Ішкі сырын жақсы біледі. Оның берген үздік-создық жауаптарынан-ақ отбасының өмірі аса шұғылалы болмағаны, тіпті, өте күңгірт болғаны аңғарылады.
Отбасының өмірі өкініш-күйінішке толы болған, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз көңіліне де, ағайын-туысының көңіліне де түскен сызат көп-ақ. Сол сызатты тіпті, азат Қазақстанның тұңғыш президенті болып атқарған тарихи-мемлекеттік еңбегі де ұмыттыра алмайды. Сол сызат пен өкініш-күйініштің көп себебі Рахат Әлиевке келіп тіреледі.
Мен одан: өзіңнің бұрынғы әйеліңді көргің келе ме деп сұраймын. Бұрынғы әйелі дегенімнің себебі, мемлекет оларды өз еріктерінен тыс ажырастырған. Пәрменді бұйрық арқылы. Рахат Әлиев мұның бәріне әйелінің жүйкесі қалай шыдап жүргенін елестете де алмайды. Ұлдарының біріне Англияға кетуге мұрсат берілгені бекерден бекер емес шығар. Рахат Әлиев, сырт көзге жақсы сияқты болыл көрінгенімен, отбасында бәрі ойдағыдай еместігін сезіп-біліп отыр.
Қыздары туралы король Лирдің өзі айтқандай:
Не дегенмен, сен менің қанымсың, тәнімсің, қызымсың,
Шынтуайтына келгенде, тәнімдегі сызатсың
Шамасы, дертім де, жарам да сенсің,
Әлде, ісіксің, іріңді қанымдағы аққан …
Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның үш баласы бар. Әке балаларын көргісі келеді. Оларды көргісі келетінін маған ашық мойындайды. Әсіресе, кенже қызын.
Рахат Әлиев өз балалары мен бұрынғы әйелінің, оның әкесімен арадағы болған жағдайды біржақты қабылдамайтынына сенімді. Жағдайдың балаларды күйзелтетіні анық. Нұрсұлтан Назарбаев та мұны жақсы біледі. Ол балалармен кейде кездесіп тұрады. Сол уайым-қайғы бүкіл ағайынның сезімін қоздатады.
Шекспир корольдің жан жарасын былай сипаттайды:
Ол үнемі ұяттан күйіп-жанады,
Оны сондай өкпелеткен:
Батадан ада қылып...
Кесіп айтқанда, Назарбаевтар отбасындағы ауыртпалық уақыт өткен сайын жеңілдеп келе жатқан жоқ. Рахат Әлиевтің айтуынша, президент Рахатқа қарсы еш қастандық ойламайтынын, яғни оны жайына қалдырғанын айтып, ағайын-туыстың уайымын сейілткісі келеді.
РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ АНАСЫМЕН СӨЙЛЕСУГЕ – ОН СЕКУНД УАҚЫТ
Әйткенмен, қайсыбір мән-жайларға қарағанда, веналық қашқын үшін тыныштықтың ауылы әлі алыс. Рахат Әлиевке Қазақстанда еңбегі сіңген әрі танымал академик және бұрынғы министр әкесін көп машақатпен, үлкен әурешілікпен, әйтеуір Венаға алдырудың сәті түсті. Бірақ, кепілдікте Рахат Әлиевтің анасы қалды: оның паспортын тартып алып, мемлекет оны жіті бақылауында ұстап отыр.
Екеуара әңгімені саясаттан бұрғым келді. Әңгімеміздің тек отбасының өмірі жайында болғанын қаладым. Бірақ, олай болмады. Расында, тіпті ұлы Шекспир де сөйтпек болғанымен, ол ниеті орындалмаған: король Лирдің де жеке, отбасылық өміріне биліктің былығы араласқан.
Жасырын қаскөйліктің нысанасы болып
Жарқылдағаннан гөрі, аласталған жақсырақ.
Төменге қарай құлдырағандарға
Тағы өрлеуге тура келер, одан әрі құларға жер жоқ.
Қауіп-қатер жоғарыға үйір.
Осы айтылғандай, бүгіндері қауіп-қатердің қалың бұлты күйеуі мен балаларынан жырақта, Қазақстанда жалғыздықтың тар қапасында отырған Минавар Қадышқызының, Рахат Әлиевтің анасының басына үйірілді. Оның өмірі өзін қадағалауға қойылған күзетші-бақылаушылардың қасында өтіп жатыр. Бұл Жарқылдағаннан гөрі, аласталған жақсырақ Назарбаевтың отбасы тармақтарының біріндегі қасіреттің тағы біреуі.
Оның немерелері президентке де ортақ қой. Мен Рахат Әлиевтен анасымен байланысқа шығып сөйлесуіме бола ма, ол ісіммен анасына зияным тиіп кетпей ме деп сұрадым. Жағдайдың әбден ушыққанын айтқан Рахат Әлиев маған анасының телефон нөмірін берді.
Анасына Лондоннан телефон шалдым. Аты-жөнімді айттым. Ол кісі қанша тырысқанымен өзін ұстай алмады. Жүйкесі көтермейді. Жылай береді. Әңгімені кейінге ысыруды сұрады. Сөйлесіп үлгере алмадық. Бірақ, алғашқы қимыл-қарекетіне қарағанда, оның жағдайы өте қиын тәрізді.
Екі сағаттан кейін қайта телефон соқтым. Қоңырау барып тұр, бірақ тұтқаны ешкім көтермеді. Бір сағаттан соң тағы соқтым. Үн жоқ. Бәлкім, Минавар Қадышқызы менімен сөйлеспеуді жөн көруі де мүмкін деп ойладым. Не болса да және бір рет талпынып көрейін деп, келесі күні тағы хабарластым. Ол кісі телефон тұтқасын алды. Телефонның күні бойына өшіріліп тасталғанын, таңертең ғана қосқандарын айтып үлгергені сол еді, әңгімеміз тағы үзілді, телефон қайтадан үнсіз қалды. Бар сөйлескеніміз жаңағы болды.
Мен бұлай болады деп ойламап едім. Ондай заман әлдеқашан өткен деп ойлаған аңғал басыма, мына мысал жағдайдың әлі солай екенін аңғартты. Айтып-айтпай не керек, Рахат Әлиевтің анасымен бір күннен кейін тағы да байланысқа шықтым, бұл жолы да әңгімеміз он секундтан аспады. Амандасып қана үлгерістік. Биліктің бізге берген мүмкіндігі осы ғана.
Елдегі бірінші отбасының қасіреті саясат ауылынан алыстап кетер емес. Түйіндей келгенде, оның ең басты отағасы осы отбасылық қасіреттің ең үлкен кепіл тұтқыны секілді.
Король Лир нөкерлерінің ішіндегі ең тапқыр аңғарымпазы — оның сайқымазағы айтпақшы:
…Атты басынан байлайды,
Ит пен аюды – мойынынан.
Маймылды – кеудесінен көлденең,
Ал, адамды – аяғынан.
Кім аса ұшқыр болса,
Соның аяғына кигізіледі ағаш шұлық...
…Назарды бас бармаққа емес,
Рухқа аудару керек,
Әйтпесе сүйел түн ұйқыңызды төрт бөліп,
Түймедей нәрседен азап шегушіге айналасыз.
(Журналист Александр Народецкий бұл мақаласында өзінің көзқарасы мен байламын айтады. Ол Азаттық радиосының позициясымен сәйкес келмеуі мүмкін.)