Accessibility links

Оппозициялық газеттер ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында өздеріне қысым күшейгенін мәлімдеді


«Азат» газетінің редакторы Нәзира Дәрімбет (оң жақта) пен «Голос Республики» басылымының редакторы Татьяна Трубачева. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.
«Азат» газетінің редакторы Нәзира Дәрімбет (оң жақта) пен «Голос Республики» басылымының редакторы Татьяна Трубачева. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.

Қазақстандағы оппозициялық бес басылым редакторлары өздері басқаратын газет редакцияларының жиынтық табысын жүз миллион теңге деп көрсеткен салық органдарының есебімен келіспей, бұны ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында өздеріне жасалып отырған қысым деп бағалады.


Сәрсенбі, қазанның 27-сі күні Алматыда «Азат», «Алға», «Взгляд», «Моя республика» және «Голос республики» тәуелсіз басылымдарының редакторлары жиналып, Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінің қарсаңында тәуелсіз басылымдарға билік органдары тарапынан қысым жасалып жатқандығын мәлімдеді.


«САММИТКЕ ДАЙЫНДЫҚ»

Салық органдары дүйсенбі күні барлығына бірдей ондаған миллион теңге көлемінде айыппұл салынған акт тапсырған. Редакторлардың
Солдан оңға: адвокат Сергей Уткин, «Взгляд» газетінің редакторы Игорь Винявский және «Голос Республики» газетінің редакторы Татьяна Трубачева. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.
сөзінше, ең қызығы, редакцияларда іс жүзінде ешқандай тексеріс жүргізілмеген екен.

– Бізге жіберілген айыппұлдың көлемі ақылға қонымсыз. Олар біздің табысымыздың негізінде ғана акт толтырып отыр. Біздің ай сайынғы толтыратын декларациямызды ала салған да сол сомадан салықтың көлемін санаған. Ал ол табыстың ішінен қызметкерлердің жалақысы, газетті шығарудағы төлем сияқты өзге шығындарды алмаған. Инспекторлар іс жүзінде ешқандай тексеріс жүргізген жоқ – біздің құжаттарды қарамады, бухгалтерияны тексермеді, – дейді «Взгляд» басылымының бас редакторы Игорь Винявский.

Ол өзіне келген салық актісінде айыппұл көлемі 38 миллион теңге деп көрсетілгендігін айтады. Ал бұл сома Қылмыстық кодекстің бабына дәл келеді дейді бас редактор.

– Мақсат бір – бізді салық төлеуден жалтарды деп түрмеге отырғызбақ. Осылайша саммит алдында тәуелсіз басылымдардан құтылмақ, – дейді Игорь Винявский.


САЛМАҒЫ 14 КЕЛІ ТАРТАТЫН ГАЗЕТ

Тәуелсіз басылымдардың мүддесін қорғаушы, адвокат Сергей Уткин «бұрын-соңды мұндай бассыздықпен кездеспегендігін» айтады.

– Осы жазда аталған тәуелсіз басылымдарға жаппай тексеру өткізу туралы ескерту келген. Заң бойынша тексеру жылына бір рет
Адвокат Сергей Уткин. Алматы, 27 қазан 2010 жыл.
өткізіледі. Ал басылымдарда жыл басында ғана тексеру жүргізілген болатын. Осының негізінде біз сотқа шағымдандық. Қазір сот ісі жүріп жатыр. Оның шешімі шықпайынша салық органдары қайта тексеру жүргіздік деуі бассыздық. Себебі, соттың шешімін елеп отырған олар жоқ, – дейді адвокат.

Сергей Уткин салық органдарының тәуелсіз басылымдарға тағып отырған айыптауы негізсіз екендігіне тіпті «соттың өзі күлетінін» айтады.. Дегенмен биліктен түскен тапсырма болған соң шешімді өзгеріссіз қалдыруға мәжбүр дейді адвокат.

– Мен соңғы бір жылдан бері «Комета-S» басылымына қатысты істі жүргізіп келемін. Ондағы салық инспекторларының дәйектері мүлдем ақылға қонымсыз. Мәселен, олардың пайымдауынша, бір газеттің салмағы 14 килограмм көрінеді. Баспаханадағы қаржыны санай отырып олар осындай тұжырымдама жасады. Біз сотта газетті өлшеп, оның салмағы 14 килограмм емес 100 грамм болатындығын дәлелдедік. Судья онымен келісті, бірақ шешімді өзгертпеді, – дейді адвокат Сергей Уткин.


САЛЫҚ ОРГАНЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Азаттық радиосы бас редакторлардың ісіне қатысты қалалық салық басқармасына хабарласқан еді. Басқарма өкілі Ерғанат Нұрбайдың Азаттыққа жауабы тым қысқа болды.

– Бұл кезекті тексеру. Бұл жерде біз ешқандай түсініктеме бермейміз. Біз тексеру өткіздік, оның қортындысын тапсырдық, – деді Ерғанат Нұрбай.
XS
SM
MD
LG