Accessibility links

Дүниежүзілік банк Орталық Азиядағы отбасыларға дағдарыс салдары ауыр тиеді деген болжам айтады


Қала көшесінде жеміс сатып отырған саудагерлер. Ақтөбе, қараша, 2008 жыл.
Қала көшесінде жеміс сатып отырған саудагерлер. Ақтөбе, қараша, 2008 жыл.

Дүниежүзілік банк өз баяндамасында дағдарыс салдарынан 2009-2010 жылдары Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда 35 миллиондай адам кедейлер қатарын толықтыратын болады деп жазады.

КЕДЕЙЛЕР ҚАТАРЫ ОНДАҒАН МИЛЛИОН АДАМҒА КӨБЕЙМЕК

«Синьхуа» агенттігі желтоқсанның 2-і күні Дүниежүзілік банк баяндамасында айтылған болжам туралы хабарлады. Аталған құжатқа сүйенсек, өткен он жыл ішіндегі кедейлікпен күресте қол жеткізілген оң нәтиженің 20 пайызға кему қаупі туындаған екен.

2010 жылға қарай Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аумағында жарлылар саны тағы 10 миллион адамға өспекші. Бұған қоса, «орташа тап қатарына енді ғана ілікті» деп саналып келген 25 миллион адам да қайтадан кедейленіп кеткелі тұр. Оларға баспанасынан, жұмысынан және негізгі қызмет көрсету түрлеріне қол жеткізу мүмкіндігінен айырылу қаупі төнеді деп хабарлайды өз баяндамасында Дүниежүзілік банк.

«Дағдарыс отбасыларына соққы боп тиюде – Еуропа мен Орталық Азиядағы отбасы бюджеттері үшін ауыр сынақ» деп аталатын жаңа баяндамада бүкіләлемдік қаржы дағдарысының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аумағындағы жекелеген отбасылардың өмір сүру деңгейіне қалай әсер ететіндігі туралы айтылады. Баяндама мәтініне қарағанда, аталған аймақтағы отбасылардың мойнына несие нарығындағы дағдарыс, тауарлар мен қызмет бағасының өсуі, жұмыссыздықтың артуы үлкен салмақ салып отыр.

Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азиядағы істер жөніндегі департаментінің кедейлікті азайту мен экономикалық менеджмент жөніндегі бөлімінің директоры Люка Барбоненің айтуынша, бүкіләлемдік қаржы дағдарысы өткен бірнеше жыл ішінде қол жеткізілген Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі өмір сүру деңгейін жақсартудың оң нәтижесінің толықтай күшін жойып, бейтараптандырып жіберу қаупіне алып келген.

«Дағдарыстың ең бір аянышты салдары сол, таяуда ғана ауыр жағдайдан құтылған кірісі орташа деңгейлі елдерге соққының ең ауыры тиіп жатыр. Осы аймақтағы әр елде жұмыссыздық деңгейі өсті, ал экономикалық белсенділік күрт төмендеп кетті. Кедейлер саны әлі де өсетін болады. Отбасылар бюджетіне үлкен қысым түскелі тұр», – деп хабарлайды Люка Барбоне.

Баяндамаға қарағанда, валюта айырбасы бағамы мен пайыздық деңгейдің құбылуы себебінен пайда болған макроэкономикалық тауқымет өзінің қарызын қайтаруға қауқарсыз шаңырақтар санын көбейте түспек. Сонымен қатар, жаңадан азық-түлік пен отын дағдарысының пайда болу қаупі және бар.

БАНКТЕРДІҢ ТӨЛЕНБЕГЕН ТӨЛЕМІ МЕН ҚОРҒАНСЫЗДАР ТАУҚІМЕТІ

Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аумағындағы табысы төмен елдерде жарлылар шаңырағында жеке отбасылық бюджет шығысының 70-80 пайыздайы азық-түлік алуға жұмсалады. Осы себепке байланысты қоғамның ең жарлы топтары жетіспеушілік пен мұқтаждықтың тепкісіне қайтадан түсетін болды делінген Дүниежүзілік банк баяндамасында.

Ресейдегі 1998 жылғы дағдарыстан 2006 жылға дейінгі өткен уақыт ішінде Еуразиядағы қарастырылып отырған аймақта кедейлік құрсауынан 50 миллионнан астам адам құтылған екен. Алайда, дағдарыстың ықпалы жарлылар үшін ауыр боп, мемлекеттердің кедейлікпен күресу мүмкіндігіне де үлкен сынақ болар түрі бар деп ескертеді Дүниежүзілік банк.

Кетеуі кетіп, үсті-үстіне нашарлай түсіп отырған бүкіләлемдік экономикалық ахуал аталған аумақ елдерінің кедейлікпен күрес барысында қол жеткізген әжептәуір жетістіктерін қожыратып, жалпы саны 160 миллиондай адамның берекесіне қауіп төндіріп тұр.

Олардың 40 миллиондайы қазірдің өзінде жарлы, ал 120 миллиондайы кедейліктің табалдырығына кеп тіреліп отыр, деп атап көрсетеді Дүниежүзілік банк. Баяндамаға сай, табысының көлемі жан басына шаққанда орташа боп есептелетін ТМД елдері енді өздерінің экономикасының өсуіне қатысты жасаған болжамдарды қайта қарастыруға мәжбүр боп отыр.

Осы аумақтағы өткен дағдарыстар уақытша экономикалық тауқыметтің адами дамуға ұзақ ықпал ететіндігін көрсетіп берді. Себебі, банк дағдарысы мен айырбас бағамының құбылуына жауап ретінде отбасылар өзінің білім алу мен денсаулық сақтауға жұмсайтын қаржысын азайтуға мәжбүр болады, делінген баяндамада.

Шығыс Еуропа мен ТМД-дағы бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстың әсері экономиканың өсуіне айтарлықтай кері ықпал етті әрі өткен онжылдықта қол жеткізілген көптеген жетістіктен айыру қаупін төндіруде, деп мәлімдейді Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) өкілдері.

БҰҰДБ, Халықаралық еңбек ұйымы, ЮНИСЕФ (БҰҰ жанындағы балаларға көмек беру төтенше қоры) және ФАО (БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) бірігіп, желтоқсан айының 7-8 күндері Алматыда Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Түркия мемлекеттерінің жоғары лауазымды өкілдерінің конференциясын өткізбекші. Онда аталған аймақтар елдері үкіметтерінің дағдарыстың салдарымен күресте қолданып жатқан шараларының тиімділігі қарастырылатын болады.

Таяудағы макроэкономикалық түзелуге қарамастан, деп хабарлайды БҰҰДБ сайты, аталған аймақтың мемлекеттерінде дағдарыстың әлеуметтік теріс әсері терең сезілетін болады. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне қарағанда, жұмыссыздық әлден күрт өсіп кетіп отыр: 2009 жылдың бірінші жарты жылдығында Ресейде 45 пайыз, ал Түркияда 43 пайыз мөлшерінде артып кеткен.

Дүниежүзілік банк биылғы жылдың сәуір айында, дағдарыстың салдарынан Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы елдерде 2009-2010 жылдары 35 миллиондай адам қайтадан кедейленуі мүмкін деген болжам жасайды. Ал бұл дегеніңіз, өткен он жыл ішінде кедейлікпен күресте қол жеткізілген оң нәтиженің үштен бір бөлігі толығымен жоққа шығатынын білдіреді.
XS
SM
MD
LG