Accessibility links

30 жыл шетелде тұрып келген әл-Барадей Египеттің ұзақ жылғы басшысына бақталас болмақ


МАГАТЭ ұйымының бұрынғы басшысы Мохамед әл-Барадей. Теһран, 4 қазан 2009 жыл.
МАГАТЭ ұйымының бұрынғы басшысы Мохамед әл-Барадей. Теһран, 4 қазан 2009 жыл.

МАГАТЭ ұйымының бұрынғы басшысы Мохамед әл-Барадей Египетте алдағы жылы өтетін президент сайлауына түсетінін мәлімдеді. Оның мәлімдемелері мен бастамалары Египетте кең қолдау табуда.


ЖАСАСЫН РЕВОЛЮЦИЯ?


Сонау XIX ғасырдың басында ел билеген Мұхаммед Әли секілді, президент Хосни Мүбәрак та Египетті ұзақ жылдар бойы басқарып отыр. Сонымен қатар, ол бүкіл араб әлеміндегі халқын ең ұзағырақ билеп келе жатқан әміршінің бірінен саналады.

Бүгінде саны 80 миллионнан асып кеткен Египет халқы қоғамды жайлаған жұмыссыздық пен өмір сүру деңгейінің төмендігінен қиындық көруде. Президент Мүбәрак билікке келген кезден бері елде негізінен саяси емес, билік жүйесіне тиіспейтін экономикалық реформаларды іс жүзіне асырумен болды. Енді мұндай заман кетіп, ахуал біртіндеп түбірінен жаңаруға бет алған сыңайлы.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бұрынғы төрағасы Мохамед әл-Барадей келер жылғы Египет президенті сайлауында осы елдің қазіргі президенті Хосни Мүбәракпен бақталастырып, сайлауға қатыспақ ниеті барын білдірді, деп жазады «Таймс» басылымы.

Сөйтіп, Мүбәрак 29 жыл бойы үздіксіз билеп келе жатқан Мысыр мемлекетіндегі тыныштықты бұзып, әл-Барадей елді дүр сілкіндірді. Ұзақ жылдар шетте жүріп, өткен аптада Отанына оралған Мохамед әл-Барадейді туған елінде қошеметпен қарсы алды.

Шетелде өткізген 30 жыл өмірінің соңғы 12 жылында ол Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басшысы боп қызмет атқарды да, бұл лауазымнан өткен қараша айында кетті. Нобель сыйлығының иегерін оған қолдау білдірген жұртшылықтың қалың тобы қарсы алып, әуежайда тіпті елдің көптігінен аяқ алып жүрер жер болмады, деп атап көрсетеді газет.

Иін тіресе өзімен қауышпаққа ұмтылған жұрттың көптігі сонша – әл-Барадей әуежайдың тек қосалқы қақпасы арқылы ғана сыртқа шығуға мүмкіндік алған. Әл-Барадей әлі өзінің президент тағына үміткер екенін ресми түрде жариялауы тиіс. Отанына оралғаннан бері ол теледидар арналары арқылы жұртқа таратылған бірнеше сұхбат беріп үлгірді және бұл сұхбаттар барысында ол Египеттегі саяси әрі
Египет президенті Хосни Мүбәрак. Мәскеу, 2 қараша 2006 жыл.
қоғамдық ахуалды қатаң сынға алды.

Сейсенбі, ақпанның 23-күні әл-Барадей бүгінде жасы 81-ге келген президент Хосни Мүбәрактың кандидатурасына балама ретінде өзінің кандидатурасын ұсынбақ ниеті барын мәлімдеді.

Ел ішінде танымал ток-шоуды жүргізетін тележүргізуші Мона әл-Шазли жексенбінің кешінде көрсетілген хабарда оған египеттіктердің көпшілігі Мүбәрак режимінің «тұрақтылығының жемісін көріп отыр» дегенде, әл-Барадей: «Өзімізді өзіміз алдамайық. Егер адамның ішерге асы, киерге киімі, емделуге қаржысы әрі білім алуға мүмкіндігі жоқ.болса, осының өзі (бұл елде) еш тұрақтылықтың жоқ екенін көрсетіп отыр емес пе», – деп, мәселені төтесінен бір-ақ қойған.

ЖАЛҒЫЗДЫҢ ҮНІ

Әл-Барадейдің ақырып теңдік сұраған дара белсенділігі ел көңілін өзіне аударып үлгірді. Оның жақтасының кейбірі тіпті «вирустық маркетинг» тактикасының айла-тәсілін қолдануға да кірісіп кетіпті. Мәселен, өткен аптада екі жас саяси белсенді қайраткер тұтқындалған, олар ғимараттар қабырғаларына әл-Барадейді қолдауға үндеу тастайтын сөздер жазған.

Ал тағы бір мейрамхана қожайыны өз кәсіпорнының қызметіне төлемақы ретінде қабылдайтын ақша басып таратып, онда ел басшылығына бағынудан бас тартқан жаңа көсемге қолдау білдіру туралы ұран жазыпты.

Әл-Барадейдің кандидатурасына қолдау білдірген Facebook интернет-торабының араб тілді тобы да осы виртуалдық қауымдастықтың ондаған мың мүшелері арасында осы мәндес мәтіндер мен хат-хабар таратқан.

Египеттіктердің көбісі осы бір БҰҰ-ның бұрынғы шенеунігі жайлы аз біледі. Дегенмен, президент Мүбәрак билігін өз ұлы Гамаль Мүбәракка мұраға тастап кеткелі жатыр деп сенетін олардың көпшілігі әл-Барадейді әлдеқайда артық балама деп санайды.

Оппозициялық «Демократиялық майдан» партиясының жетекшісі Осама әл-Ғазали Харб әл-Барадейдің мұнысына қолдау білдірді. Ол әл-Барадейдің істері өлім құрсап, өмірі үзіліп бара жатқан Египеттің саяси тіршілігіне жаңа рух пен шабыт берді деп есептейді.

«Саясат Египет қоғамдық өміріне қайта оралды. Азаматтар саясатқа өздерінің еркі бойынша араласып, белсенділік танытуда. Олар мұны үкімет мекемелері не билеуші партияның мәжбүрлеуінсіз істеп жатыр», – деп жазды Осама әл-Ғазали Харб күн сайын жарық көретін «Әл-Масри әл-Йаум» басылымында.

Әйтсе де, әл-Барадей өз кандидатурасын белгілі бір шарттар орындалғанда ғана ұсынатынын мәлімдеді. Ал дәл бүгін ондай шарттардың Египетте орындала қояры күмәнді.

Әл-Барадейдің қойып отырған талабының арасында сайлаудың еркін және әділ өтіп, оны халықаралық бақылаушылардың бақылай алатындығына жазбаша түрде кепілдік беру туралы айтылған. Сондай-ақ, Әл-Барадей сайлауға кандидатурасын ұсынған тәуелсіз үміткерлердің жолын кес-кестеп тұрған бөгеттердің күшін жоятын конституциялық түзету қабылдауды да талап етіп отыр деп жазады «Таймс» басылымы.

«Егер мен тәрізді адамдардың өзі президент боп сайлану үшін дауысқа түсу мүмкіндігіне ие бола алмаса, бұл нағыз сорақылықтың өзі болады. Қалайша елдегі Ата заң адамдардың 99 пайызына өздерінің кандидатурасын ұсынуға тыйым сала алады?» – деп мәлімдеді ол жексенбі күнгі Мона әл-Шазли жүргізетін жұртшылыққа танымал ток-шоуда.

2005 жылы қабылданған Ата заңға енгізілген түзету бойынша, елде сайлау баламалы негізде өтіп, оған әртүрлі үміткерлер қатыса алады. Сонымен қатар, ол түзету тәуелсіз тұлғалардың сайлауға қатысу мүмкіндігінің аясын айтарлықтай тарылтты. Яғни, сайлауға түсетін үміткер ресми тіркелген саяси партияның басшысы қызметінде кемінде бір жыл жұмыс істеуі тиіс.

Әл-Барадей мұндай шартты өзінің құптамайтынын айтты. Өзінің кандидатурасын тәуелсіз үміткер ретінде ұсынуы үшін, ол парламенттің қос палатасындағы 250 депутат пен муниципалдық кеңестердегі депутаттардың қолдауына ие болуы қажет. Ал оларда президент Хосни Мүбәрак жетекшілік ететін билік басындағы Ұлттық демократиялық партияның өкілдері басым көпшілік дауысқа ие болып отыр.

ИСЛАМ ӘЛЕМІНЕ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ КЕЛЕРІ ДАУСЫЗ

Мохамед әл-Барадей өзі ұсынып жүрген үміткерлердің кандидатурасына қатысты шарттардың орындалуы өте қиын шаруа, тіпті мүмкін емес болатынын мойындайды.

Шынтуайтында ол мән-жайды сырттай бақылап, үгіт жүргізер тұлғаның рөлін ойнап жүргендей әсер қалдырады. Ол өзінің халықаралық атағы мен беделін пайдаланып, Египет үкіметін құқықтық реформа жүргізуге көндіруге тырысып жатқандай көрінеді.

«Мен қазір Египетті бұдан әлдеқайда демократиялық әрі мөлдір режимге бастап апарар тұлға болғым келеді, – деп мәлімдеді ол өткен айда «Форин полиси» журналы тілшісіне. – Егер мұның сәтті түссе, онда мен өзімді бақытты адаммын деп сезінер едім. Себебі біз, араб әлеміндегі қоғамдар, демократияға жетуге тиіспіз».

Египеттің тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары әл-Барадейдің мұндай ерекше белсенділігіне қолдау көрсетіп, жұртшылыққа оның мән-жайын кеңінен әрі толықтай баяндап жатыр. Ал үкімет бақылайтын баспасөз оның маңында болып жатқан оқиғалар жайлы жүрдім-бардым ғана сөз етіп, жарытып ештеңе айтар емес.

Өткен аптаның соңында, елдегі әрбір тәуелсіз басылым өзінің бірінші бетінде әл-Барадейді жұрттың әуежайда қалай күтіп алғаны жайлы көлемді мақала жариялап жатқанда, үкіметтің ең басты газеті – «Әл Ахрам» басылымы бар болғаны тоғыз жолдық қысқа ғана ақпаратты жариялаумен шектелді.

Дегенмен, сырттай қараған адамның назарына мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының стратегиясындағы бұл өзгеріс бірден шалынады. Өткен күзде, әл-Барадей өзінің ой-пікірін алғаш рет ашықтан-ашық айта бастағанда-ақ Египеттің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары оған қарсы бағытталған жала жабу науқанын бастап жіберген болатын.

Үкіметтің айтағымен жұмыс істейтін жорналшылар сол кезде оны Отанынан қол үзіп, жат елге кірме боп сіңіп алған, тыныш жүрмей, біреудің ісіне киліге беруге жаны құмар беймаза сорлы кісі етіп көрсетпек болды.

Сонымен қатар, ол жасырын түрде өзіне шетел азаматтығын алып қойған-мыс деген қауесет де таратылды. «Әл Ахрамның» бас редакторы Осама Сорайяның мақаласында, әл-Барадейдің жалғыз-жарым жүріп реформа талап еткен науқаны «конституциялық (яғни мемлекеттік) төңкеріспен барабар» деп сипатталды.

Қайр қаласында туған Мохамед әл-Барадей 1978 жылы Израильмен бейбіт реттеуге қол жеткізу жөнінде Кемп-Девидте келіссөз өткізіп, мәмілеге келген топтың мүшесі болған еді.

Президент қызметі үшін сайлауға түссе де, түспесе де ол әлден-ақ ерекше суырылып алға шығып, жұрттың назарын өзіне аударды.

Әл-Барадей осы уақытқа дейін Мысыр қоғамында құлақ сарсытқан неше-түрлі дақпырт әңгімеге негіз болған президент Мүбәрактың өз ұлына президент тағын мұраға қалдыруы жөніндегі жобасының іс жүзіне асуына кедергі болатын күрделі мәселеге айналып отыр, деп атап көрсетеді «Таймс» газеті.
XS
SM
MD
LG