Түрік полицейлері бұрынғы советтік елдердің кейбір жоғары лауазымды шенеуніктері мен бизнесмендері бас қосқан элиталық бордельдің үстінен түскеннен кейін Ататүріктің аңызға айналған осынау кемесі әлемдік ақпарат құралдарының назарына іліккені мәлім.
Түрік баспасөзі ұсталғандардың арасында бизнесмен Александр Машкевич те бар, ол кемені жалға алу ақысын төлеген деген хабар таратты. Интернет-сайттарда тағы бір қазақ министрінің аты-жөні аталғанымен, оның кемеде немен шұғылданғанын көрсететін нақты дәлел болмады.
Haberturk түрік басылымының тілшісі Жемал Доган жазғандай, порт қызметкері Бехлул Яшар Караджа қыркүйектің 28-і күні кемені тексерушілердің арасында болған. Кеме үстіндегі жын-ойнаққа қатысқан деген күдікпен 14 шетелдік бизнесмен дәл сол күні ұсталған еді. Арада алты күн өткенде Бехлул Яшар Караджа жұмбақ жағдайда қаза тапты.
«Мотоцикл мінген Бехлул Яшар Караджа тас жолда аса жоғары жылдамдықпен жүріп келе жатқанда жол жағасындағы тас қоршауға соғылып, жардан төмен қарай құлаған. Бұл оқиға қазанның 4-і күні түнгі сағат екілердің шамасында, Ортачиге таяу жерде Мутла мен Фетхие елдімекендерінің арасында болған», – дейді Жемал Доган полиция деректеріне сілтей отырып.
Оқыс оқиғаны байқап қалған әлдебір азамат жол апатын полицияға хабарлаған. Оқиға болған жерге әскери полицейлер келіп, марқұмның денесін жақын госпитальдардың біріне жеткізген.
Haberturk басылымы Бехлуха Яшар Караджаның отбасы мен адвокаты марқұмның мойнының оң жағында кесілген іздер, беті мен басында жарақат орындары және денесінде толып жатқан ісіктер бар екендігін хабарлайды. Алайда мотоциклде сырылған, жырымдалған жер жоқ, тіпті фарлары да сынбаған. Түрік газеті бұл жайтты «күмәнді өлім» деп атап отыр.
Басылым Караджа өлерден біршама уақыт бұрын оның белгісіз үш адаммен сөйлесіп тұрғанын көрген адамның сөзін жариялады. Куәгердің сөзіне қарағанда, олардың арасында жанжал болғанға ұқсайды, өйткені бір-біріне дауыс көтеріп ұрсысқандары да естіліп тұрған.
Газет Бехлул Яшар Караджаның отбасы мен адвокаты Караджаның өлімі жөніндегі істі қайта қарауды талап етіп отыр деп жазады. Олардың айтуынша, куәгерге сұрақ қойылмастан, қыркүйектің 28-інен кейін Караджаның қалта телефонынан шалынған қоңырауларды да тіркеместен істі асығыс жауып тастаған. Осыған орай оның отбасы денені қабірден қайта алып, сараптама жасауды талап етіп отыр.
Сонымен қатар Бехлул Яшар Караджаның отбасы прокуратурадан денені неге бірден ашып, сараптама жасалмағанына, жерлеу үшін тез арада отбасына денені бере салғанына, алайда киімдерін алып қалғанына жауап беруін сұрайды. Марқұмның отбасы қаза болған адамның киімдерінің жыртылған тұстарының тізімі бар ма және олар заттай айғақ ретінде сақталды ма деген сұрақтарға да жауап алғысы келеді деп жазады түріктің Haberturk басылымы.