Құнды жәдігерлер молынан жинақталған бұл мұражай осы аймақтағы тарихи нысандардың бірі болып есептеледі. Негізі 1920 жылы қаланған мұражай республика бойынша жәдігерлер саны, тарихи-мәдени құндылығы жағынан Астана мен Алматыдағы мемлекеттік республикалық мұражайлардан кейінгі орынды алады. Басқа облыстардағы өлкетану мұражайларымен салыстырғанда, оңтүстіктегі осы мұражай жәдігерлердің саны бойынша алда тұр.
Алайда аса құнды тарихи бұйымдарды сақтайтын орын жетіспегендіктен сол жәдігерлер қазір жертөледе жатыр.
КӨНЕНІҢ КӨЗІН... КӨК БАСЫП ЖАТЫР
Шымкенттегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Ұлы Жібек жолындағы Отырар, Сайрам, Түркістан сынды ежелгі қалалар мәдениетінен бүгінгі тәуелсіздік жылдарына ұласқан, халықтың ежелден желісі үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, өнері мен тұрмыстық бұйымдары көрнекіленіп, өлкенің 2,5 мың жылдық тарихы қамтылған.
Облыс бойынша мұражайдың Шардарада, Сарыағашта, Түркістанда, Ескі Иқанда, Сайрамда, Түлкібаста – барлығы 8 бөлімше жұмыс істейді.
– Мұражайдың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор. Ең басты қиындық – ғимараттың тарлығы. 90 жыл бұрын универмаг дүкені үшін арнап соғылған орынды кейін мұражай еткен. Осы уақыт ішінде экспонат көбейіп, қазір мұражайға сыймай қалды. Көп дүние жертөледе жатыр. Ол жер, әрине, жәдігер сақтауға мүлдем жарамайды, жиі-жиі құбыр жарылады. Ал жәдігерге ерекше бап, күтім жасалуы тиіс. Оның бәрінен жұрдаймыз, – дейді мұражай директоры Қасымбек Бейсенов.
Оның айтуынша, күтім болмаған соң жәдігерлердің біразы, атап айтқанда, теріден, киізден, матадан, жүннен жасалынған жәдігерлер бүлініпті. Керамиканың өзі мүжіліп, тіпті темірден жасалған бұйым-заттарға да әсер еткен.
– Су алғанда киізден, матадан жасалған жәдігерлерді, кілемдерді күн сайын сыртқа шығарып жайып, дезинфекция жасап, кептіріп, қайта кіргізіп, әурешілікке түскенбіз. Далаға шығарғанда қолды болып кетпеу жағын да қадағалаймыз. Әрине, мұның машақаты мен зиянды әсері өте көп. Біз өндіріс орны емеспіз, бірақ «өз қотырымызды өзіміз қасуға» тура келіп отыр, – дейді мұражай директоры.
Соңғы жылдың ішінде кілем мен тоқыма сақтайтын арнайы шкафтар жасалған екен. Жертөледе жатқан 300-ден астам көне картиналарды қоятын темір қондырғылар әзірленіпті. Ал ағаштан, темірден жасалып, жүннен тоқылған мыңдаған жылдық тарихы бар көне жәдігерлерді сақтайтын мүмкіндік жоқ.
Тағы бір қиындық – мұражайда көне суреттерді қалыпқа келтіретін реставратор-маман да жоқ. Егер өткен ғасырлардың шежіресіне айналған картиналар қайта қалпына келтіру жұмыстарынан өтпесе, жойылып кетуі мүмкін. Ал олардың құны, мамандардың айтуынша, ондаған миллион теңгені құрайды екен.
БИЛІКТЕН ҚАЙЫР БОЛМАЙ ТҰР
Мұражай басшысы заң бойынша жәдігерлерді шатырларда, жертөлелерде сақтауға тыйым салынғанын айтады. Өйткені мұндай жайларда ылғалдылық пен температураны бірқалыпты ұстау мүмкін емес. Бірақ соншама жәдігер қазіргі заманғы талаптарға еш сай емес орында жатыр.
Тарихи мұраларды дұрыс сақтау үшін желдеткіші бар қойма болуы керек. Ол жерде арнайы температура сақталуы тиіс. Талай жыл тұрған құбырлар жылда жарылып, жертөлені су алып, мұражай қызметкерлерін әбігерге салып келеді. Зәк ұрған жертөледе қазірде 70 мыңнан астам жәдігердің жартысынан көбі тұншығып жатыр.
– Оны қанша рет суретке түсіріп, қанша рет облыс басшысының назарына ұсынып, көмек сұрағанбыз. Бірақ жағдайымыз сол күйі қалды. Осыдан бес жыл бұрын Болат Жылқышиев облыс басшысы болып тұрғанда қолдау көрсетуге уәде берген еді. Бірақ кейін ол кісі кетіп қалды да, кейінгі басшылар біздің өтінішімізді көзге де ілген жоқ. Олардың беті қашан бері қарарын білмейміз, – дейді Қасымбек Бейсенов.
Осыдан бес жыл бұрын мұражайдың екі жағынан қосымша ғимарат соғу туралы ұсынысымен облыс шенеуніктерін табалдырығын тоздырған мұражай басшысы ондай жұмыстарға сол кезде бар-жоғы 208 миллион теңге (1,4 миллион доллар шамасында) қаржы жеткілікті болған айтады.
– Шынымды айтсам, басқа мұражайларға барғанда ұяттан жерге кіріп кете жаздаймын. Терізек кеткенше асығамын. Ойласам жаныма батады. Осыншама үлкен облыста бір мұражайдың жағдайын жасай алмауымыз, ұят. Осы айтудан шаршадым, – дейді Қасымбек Бейсенов.
ЖӘДІГЕРЛЕР ЖОҒАЛЫП ЖАТЫР
Мұражай басшысының айтуынша, 2002 жылы қайта құрылған мұражайдың бірінші қабатындағы көрнек жүйесінің жасақталу қисыны ғылыми талаптарға сай келе бермейді. Дәуірлеу, дәйектілік, тарихи сабақтастық қағидалары қолданылмаған. Оның үстіне тарихи-өлкетану мұражайы тек Оңтүстік Қазақстан облысының топырағында болған дәуірлерге, тарихи негіздерге тән жәдігерлерді көрнектеуге міндетті.
– Ал біздің мұражайда жәдігерлер бутикте сатылымға шығарылған зат секілді орналастырылған. Мұны жасаған адамға осы кемшілікті
Мұражай директоры Қасымбек Бейсенов Кенесары ханның қылышы жанында тұр. Шымкент, 17 қыркүйек 2010 жыл.
кезінде айтып едім, ол «мен музеовед емеспін, мен дизайнермін» дейді. Масқара болғанда, мұражайымызда Қазақ хандығы дәуірінің көрнекісі жоқ. Немқұрайдылықтың салдарынан қаншама құнды жәдігерлерімізді Мәскеу алып кеткен. Екінші қабатта террариум болған. Онда 15 метр жыланға аптасына 2 рет қоян жұттырып ақша тауып келген басшылар. Мен 48 сағатта оның көзін жойдым, – дейді мұражай директоры Қасымбек Бейсенов.Осы мұражайда сақтаулы тұрған Кенесары ханның қылышына қатысты да директордың күмәны бар. Ол 1938 жылы хан немересі Әзімхан Ахметұлы мұражайға сыйға тартқан Кенесары ханның қылышы ауыстырылып жіберілген деп есептейді.
– Хан қылышы алтынмен, асыл таспен көмкерілгені былай тұрсын, ол бағалы берік металлдан құйылуы тиіс. Ал бұл қылышты ауылдың бір ұстасы құйғандай. Темірі тот басқан. Кәдімгі темір. Бірақ ақиқатты іздеп табу қазір қиын. Оны қашан кімнің ауыстырып жібергенін анықтау мүмкін емес, – дейді мұражай директоры.
БИЛІК БӘРІНЕН ХАБАРДАР
Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мәселесінен жергілікті шенеуніктер хабардар. Бірақ әзірге қолдан келер шара жоқ дегенді алға тартып отыр.
Азаттық радиосының тілшісіне сұқбат берген мәдениет басқармасының бастығы бұл мәселеге байланысты көкейінде жүрген арманымен де бөлісті.
– Жақында облыс әкімінің алдында облыстық бюджетті қорғаймыз. Сонда осы мәселеге байланысты смета-құжаттандыру жұмыстары үшін ақша сұраймыз. Қаламызда заман талабына сай мәдени орталық қажет-ақ. Онда қазіргі жоғымыз, кітапхана да, қуыршақ театры да, мұражай да болар еді. Бұл арманды жүзеге асыру үшін, жақсы идеяны облыс әкіміне дұрыс ұсына алуымыз керек, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында барлығы 12 мұражай бар. Оларға жыл сайын облыс қазынасынан жиыны 190 миллион теңге бөлінеді.
Соның 65 миллион 122 мың теңгесі облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тиесілі. Бұл қаржының 7 миллионға жуығы көне жәдігерлерді сатып алып, экспонаттар қатарын толықтыруға жұмсалады екен.