Accessibility links

Баспасөзге шолу 02.08.2008 жыл


Сенбі күні шыққан басылымдарда 4 қазан күні Сенат депутаттарының сайлауы өтетіндігі айтылыпты. Сондай-ақ, кеше «Нұр Отан» партиясының Алматыдағы ғимаратының алдында 100 жуық адамның пикет өткізгені жазылыпты.

«Айқын» басылымында Айхан Шәріптің «Сайлау сақал сипағанша...» деген мақаласында, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың парламент Мәжілісінің уақытынан бұрын таратылмайтындығы туралы мәлімдеме жасағаны айтылыпты. Одан әрі қарай, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы «қазіргі депутаттардың өкілеттілігінің конституциялық мерзімі 2012 жылы ғана аяқталады. Басқасының барлығы – қауесет!» деп айтқаны жазылыпты. Сондай-ақ, кеше ОСК басшысының Сенат үшін сайлау науқаны басталғандығын жария еткені сөз болыпты.
«Егемен Қазақстан» газетінде де алдағы уақытта болатын Сенат сайлауына баса назар аударылыпты. Мақалада, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1-ші тамыз күні өткен отырысында, Сенат депутаттарының кезекті сайлауы үстіміздегі жылдың 4 қазан күні өтетін болып бекітілгені жазылыпты. «Сонымен қатар, отырыста парламент Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу және өткізу бойынша іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді», деп жазады мақала авторы. Кандидаттарды ұсыну 2 тамыз бен 3 қыркүйек күндері аралығында жүріп, кандидаттарды тіркеу 13 қазанға дейін созылады. Ал тіркелген кандидаттардың сайлауалды үгіті 14 қыркүйек күні басталып, 2 қазан күні аяқталатыны тілге тиек етіліпті.
«Время» басылымында кеше «Нұр Отан» партиясының Алматыдағы филиалының ғимаратының алдында 100 жуық адам, «басқарушы партия бір жылдың ішінде тұрғын үй мәселесіне байланысты қандай іс шараларды жүзеге асырды деген сұрақтың жауабын талап етіп, пикет өткізгені жазылыпты. Партия ғимаратының алдына «Шаңырақ 5», «Красный Трудовик», «Әйгерім-2», «Қарасу» ықшам аудандары мен даулы жатаханалардың тұрғындары барған.

Мақала авторы Мадина Айымбетованың жазуынша, полицейлер пикет өткізушілердің транспаранттарын тартып алмаса да, Алмалы ауданының прокуроры Гүлнәр Ахмадиева жиналған адамдарға заңсыз митинг өткізгендері үшін жауапқа тартылатындықтарын айтып, ескерткен. Мақалада, қалалық филиалдың төрағасы Тоқмұхамед Садықов халыққа басу айтып, оларды ғимараттың ішінде әңгімелесуге шақырған соң ғана, пикеттің аяқталғаны жазылыпты.
«Литер» басылымында Ауылшаруашылығы министрлігінің таяуда өткен коллегиялық бас қосуында, биылғы астық қорының мөлшері туралы әңгіме қозғалғаны жазылыпты. Автор Владимир Катковтың айтуынша, Ақмола облысындағы 40 пайыз егістіктің бүгінгі жағдайы өте нашар деп бағаланған. Бір гектардан 8 центнер ғана астық алу жоспарлануда. Ал Қостанай облысында бұл көрсеткші 9,5 центнерге жеткен. Тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана бір гектар егістіктен 13-15 центнер жинау көзделуде. Онда да барлығы ауарайына байланысты. Өйткені, 1987 жылы қыркүйек айы толығымен жаңбырлы болып, тұтас бір облыс 90 пайыз астықтан айырылған екен.
XS
SM
MD
LG