Accessibility links

Баспасөзге шолу 24.07.2008 жыл


Бүгінгі газеттерде Астананың жанындағы «Нұрсұлтан» ауылын полицейлердің қиратқандығы және «Қазақстан темір жолының» бұрынғы басшысына қарсы қозғалған қылмыстық істің аяқталғаны баяндалыпты.

Экспресс К» газетіндегі Ләззат Шүленованың «Ағаң болмаса сен қоқымсың» деп аталатын мақаласында Қостанай қаласында Экономикалық қылмыс және жемқорлықпен күрес департаменті қызметкерлерінің, Заречный селолық аймағының әкімі Мерсайыт Құсайыновтың коммерциялық кәсіпорын директорынан 220 мың теңге пара алып жатқан кезінде ұсталғаны жазылыпты.
Мақала авторының айтуынша, "Нұрсұлтан" ауылының керегесін құлатып, шаңырағын ортасына түсірген полицейлер тұрғындардың біразын қамап тастаған
«Время» басылымы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевтің үстінен қозғалған қылмыстық істің аяқталғанына баса назар аударыпты. Онда экономикалық қылмыс және жемқорлықпен күрес агенттігінің оған қарсы қосымша тағы төрт қылмыс бойынша айып таққаны сөз болыпты. Оның біреуі 100 мың доллар көлемінде пара алғандығы, ал қалған үшеуі қызмет бабын асыра пайдаланғандығына байланысты көрінеді.
«Жас Алаш» газетінде Астананың бұрынғы әкімі Асқар Мәминнің Тілендиев даңғылынан 6000 жер телімін беремін деп айтқан уәдесін орындамаған соң, тағаты таусылған халықтың бос жатқан жерге өз еріктерімен қоныстанып алғаны айтылыпты. Кереге керіп, шаңырақ көтерген тұрғындар жаңа ауылды «Нұрсұлтан» деп атап, оның салтанатты ашылуына әкімдер мен «Нұр Отан» партиясының өкілдерін шақырған екен. Мақала авторы Перизат Әмір «Нұрсұлтан» ауылының ашылуына шақырылғандардың біреуі де аяқ баспай, олардың орнына Тілдерді дамыту департаментінің бастығы А. Асанғазы мен Сарыарқа ауданының әкімі С. Мұстафинаның полиция қызметкерлерімен келіп, ауылдың ойран-топанын шығарып, кіре берістегі «Нұрсұлтан» деген жазуды құлатып тастады» деп жазыпты. Мақала авторының айтуынша, «Нұрсұлтан» ауылының керегесін құлатып, шаңырағын ортасына түсірген полицейлер тұрғындардың біразын қамап тастаған.
«Айқын» газетіндегі редакциялық мақалада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен астық жинау науқаны бойынша кеңес өткені хабарланыпты. Кеңес барысында астық өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, биылғы астық жинау науқаны мен өзге де агроөнеркәсіптік кешеннің мәселелері талқыланыпты. Осы отырыста астықты облыстардың басшылары өз аймақтарындағы астық жинаудың дайындығы, ауылдардың жанар-жағармай өнімдері мен техникамен қамтамасыз ету мәселелері туралы есеп беріпті.
XS
SM
MD
LG