Мұндай жаңалық 5-ші тамыз күні белгілі болды. Әлемдегі ең ірі лондондық InterContinetal Exchange биржасында – IPE Brent Crude маркалы мұнайдың бір баррелі – 117,70 долларға бағаланса, Нью-Йорктағы New York Mercantile Exchange биржасында – Light, Sweet Crude Oil маркалы «қара алтынның» бағасы 119,17 доллар болды. Бұл мамыр айындағы мұнай бағасының ең төменгі көрсеткішінен де төмен. Ол уақытта күн санап қымбаттап жатқан қара алтынның әлемдік нарықтағы құны 120 долларға жетіп, жығылған еді.
Өткен аптаның соңында 144 долларға жетіп, рекордттық көрсеткішке жеткен «қара алтын» бағасының күрт арзандауына, нақты бір себептердің әсер еткені белгілі. Сарапшылардың бұл жөніндегі пікірі де әр түрлі. Олардың ішінде дамыған мемлекеттердің мұнайға деген сұранысы төмендеді деушілер де, АҚШ президенттігіне кандидат Барак Обаманың мұнай бағасын арзандату үшін мемлекеттің стратегиялық қорынан 70 миллион баррель мұнай алу туралы айтқан ұсынысы бұған себеп болды деп сәуегейшілік жасаушылар да бар.
Өткен аптада әлемдік нарықтағы мұнай бағасының бір баррелі 500 долларға дейін жетуі мүмкін деген болжамдар жасалған. Мұндай мәлімдемені әлемге әйгілі Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) жасады. ОПЕК өткен аптаның ортасында АҚШ тарапынан Иранға жасалып жатқан қысым тоқтамаса, мұнай бағасының 500 долларға жететінін ескерткен-тұғын..
Бұл ұйымның айтуынша, Иран күніне 3,85 миллион баррель мұнай шығарады. Оның Еуропа елдеріне экспортталатыны 850 мың баррель. Сондай-ақ, ОПЕК егер АҚШ Иранға деген көзқарасын өзгертсе, мұнай бағасының 70-80 долларға дейін төмендейтіндігін де айтқан.
Дегенмен, қара алтын бағасының көтерілетініне байланысты түрлі болжамдардың жасалғанына қарамастан, арада бірнеше күн өткен соң, ең ірі биржалардағы мұнайдың бағасы 146 доллардан, 119,17 долларға бір-ақ түсті. Мексика шығанағындағы мұнай өндірісін тоқтатып тастауға қауқарлы, әрі кен орындарындағы жұмыстарға кедергі жасауы мүмкін «Эдуард» дауылының жақындауы да «қара алтынның» бағасын ұстап тұруға әсер етпеді. .
Ал Халықаралық Энергетика Агенттігі (ХЭА) Испанияның Мадрид қаласында болған Бүкіл әлемдік мұнайшылар конгресінде, 2011 жылдан бастап, мұнайға деген сұраныстың жылына 1 миллион барреллге төмендеп отыратындығы туралы болжам жасап, шикізат экспорттаушы мемлекет өкілдерінің көңілін құлазытты. Және, олар 2013 жылға қарай, ОПЕК-ке мүшелікке енбеген елдерде мұнайдан түсетін табыстың ең төменгі көрсеткішке дейін құлдырайтындығын да жасырған жоқ.