Accessibility links

Барак Обама Түркияда. Түркия Армениямен шекарасын ашуы мүмкін бе?


АҚШ президенті Барак Обама мен Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 6 сәуір, 2009 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама мен Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 6 сәуір, 2009 жыл.

“Армениямен арадағы шекара ашылуы мүмкін” деген қаусет қазір Түркияда қаулап тұр. АҚШ президенті Барак Обаманың сапары ол сөздерді одан әрі өршіте түскендей. Бүгін АҚШ президенті Стамбулда түрлі дін өкілдерімен және дінбасыларымен кездесті, ол кешегі сөйлеген сөзінде "АҚШ Исламға соғыс ашқан жоқ" деп атап көрсетті.

Осыдан 16 жыл бұрын Түркия Армениямен шекарасын жауып, дипломатиялық байланыстарын үзген болатын. Себеп- Армения әскерін Әзірбайжанның Таулы-Қарабақ ауданынан шығаруын ресми Анкараның талап етуі.

Дей тұрғанмен, өткен жылғы Ресей-Грузия жанжалдарынан кейін Түркияның Кавказдағы бұл көршісімен байланысында жылымық басталғандай болды. Ереванда екі ел жасақтары футбол ойынын өткізіп, оған президент Абдулла Гүл қатысқан болатын. Бұл жерде Әзірбайжан тарапының қызығушылығы кері ысырыла түскендей.

“Хуриет” газетінің бас редакторы Барчин Инанчтың пікірінше, Армениямен байланысты жақсарту барысында Әзірбайжанмен қарым-қатынастар жайын да естен шығармау керек. Ресеми Баку талап етіп отырғандай, жер дауы проблемасы әлі сақталып отырған тұста Түркияның Армениямен шекарасын ашқысы келуі - Әзірбайжанды ренжітері анық.

Осы “Хуриет” газетінде 6 сәуір күні жарияланған хабарда аталған өзгерістің болу мүмкіндігіне Әзірбайжан президенті Илхам Алиевтің айрықша алаңдаулы екендігі жазылған. Тіпті Алиев сәуірдің 7-де Стамбулда болатын “Өркениеттер одағы” атты форумға қатысудан қашқақтауда. Түркия президенті Абдулла Гүл жұма күні Алиевті арнайы шақырған екен.

Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон аталған саммит барысында Алиевтің Обамамен кездесуіне уәде еткен болатын. Алайда Алиев райынан қайтар емес.
Бұл жерде саяси, экономикалық саудаласулар жүріп жатқандай. Себебі Әзірбайжанның мұнайы Набукко құбырын толтыру үшін қажет. Яғни, бұл-ЕуроОдақ пен АҚШ-тың қызығушылығы боп табылады. Сондай-ақ Набукко өз жерінен өтетін Түркия үшін де ресми Бакудың қырын қарағаны қолайсыз болмақ.

Соңғы онжылдықта өз көршілерімен арасындағы проблемаларды біртіндеп жойып келе жатқан Түркия сонымен бірге аймақтық деңгейде дипломатия саласында арағайындық рөл атқарып келе жатқан еді. Армения үшін Түркиямен шекарасының жабылуы Ереванның сыртқы әлеммен байланысын тұйықтап тастаған болатын.

“Түркия 1915 жылы армян ұлт өкілдеріне геноцид жасады” деген айыптауды тұжырымдау үшін армян диаспорасы ықпалының әлем бойынша өсе түскенін ескерер болсақ, ресми Анкараның бұл жолғы қадамдары айқындала түсетіндей.
Оның үстіне АҚШ президенті Барак Обаманың сапары да проблеманы өткірлей түсуде.

Еске түсірер болсақ, 2008 жылдың қаңтарында өзінің сайлауалды науқанында, Барак Обама армян ұлт өкілдеріне геноцидтің жасалғаны тарихи деректермен дәлелденген дей келіп, президент болған жағдайда геноцидтің барлық түріне пәрменді түрде жауап беруге уәде еткен еді.

Енді міне, Обама мырза Түркия президенті Абдулла Гүлмен Анкарада, сәуірдің 6-сы күнгі өткізген баспасөз мәслихатында: “Менің көзқарасым бұдан бұрын айтылған, ол пікірімді өзгерткен жоқпын. Армения және Түркия арасындағы ұзақтан бері жалғасып келе жатқан мәселелерді шешіу үшін келіссөздер тізбегінің президент Абдулла Гүлдің басшылығымен өткізіліп отырғанын мен қызу қуаттаймын. Оның ішінде аталған мәселе де бар,-" деді Обама.

Сәуірдің 24-і- Арменияның геноцид құрбандарын еске алу күні.

Ал, мәселені Обаманың жоғарыдағы уәдесінің орындалуына жеткізу -АҚШ-тың да, Түркияның да аса қаламайтын қадамы.
XS
SM
MD
LG