“БІРЖАҚТЫ ТЕРГЕУ”
Мамырдың 31-де Израиль әскері Газаға өтпекші болған қайырымдылық жүгін тасушы алты кемеге тексеру жүргізіп, мұның соңы қанды қақтығысқа ұласқан еді. Израиль осы әрекетіне қатысты БҰҰ жасаған тергеу қорытындысын “біржақты әрі бейтарап емес” деп қабылдаудан бас тартты.
Ұйымның адам құқықтары жөніндегі кеңесі израилдік күштер Газаға бара жатқан қайырымдылық флотилиясына рейд жүргізгенде халықаралық заңдарды бұзған деп танып отыр. Онда жәрдем көрсетуге шыққан кеменің ішінде болған сегіз түрік белсендісі мен бір америкалық түрік қаза тапқан.
Израиль өзінің жасақтары кемедегілер шоқпар, темір соққылар мен балтамен қаруланып алып алған соң еріксіз оқ атты дегенді айтады.
Кемедегі белсенділер израилдік әскердің шабуылынан кейін өздерінің қорғанып әрекет еткенін алға тартты. Кемеде болғандар түгел ұсталып, кейін Израиль оларды қайтарған.
Израиль күштерінің бұл рейдіне қатысты халықаралық ауқымда жаппай сын айтылды. Осы оқиғадан соң Израилдің мұсылман еліндегі одақтасы болған Түркиямен қарым-қатынасы нашарлады.
БҰҰ ЕСЕБІНЕ 100 АДАМ ТАРТЫЛҒАН
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 56 беттік есебінде, Израиль әскерінің әрекеті “асыра сілтеушілік”, әрі “қатыгездіктің ең сорақы түрі болды” деп айтылған.
Халықаралық заңгерлер тобы кемеде бірқатар адам төзгісіз қылмыстар болғанын тергеуге алатындай айқын дәйектер бар деді. Және олар Израилдің Газаға блокада қоюы заңсыз болды, себебі "Хамас" жетекшілік ететін аймақта гуманитарлық дағдарыс болып жатқан еді деп отыр.
Бұл есепті Гаагадағы халықаралық қылмыстар сотының бұрынғы судьясы Карл Хадсон Филипс, Сьерра Леоне соғыс қылмыстары трибуналының бұрынғы бас прокуроры британдық Десмонд де Сильва және малайзиялық әйелдер құқығын қорғаушы адвокат Мария Дайриям жасаған. Олардың тергеу баяндамасы қыркүйектің 27-де кеңесте талқыланады деп жоспарланып отыр.
БҰҰ-ның заңгерлер тобы Британия, Иордания, Швейцария және Түркиядан 100-ден аса адамды куәлік жасауға тартқан.
Сонымен қоса Израиль бұл оқиғаны өздерінің тәуелсіз түрде өз бетінше зерттеп жатқанын айтты. Бірақ, сыншылар израилдік тергеу комиссиясының құрамына екі шетелдіктің ғана енуі өте аз дейді.
Израиль рейдке байланысты БҰҰ-ның тағы бір тергеуіне қатысып отыр. Жаңа Зеландияның бұрынғы премьер-министрі Джеффри Палмер мен Колумбияның бұрынғы президенті Альваро Урибе жетекшілік ететін ол топтың тергеу қорытындысы әлі жариялана қойған жоқ.
БҰҰ ЕСЕБІНЕ СЫРТ АДАМДАРДЫҢ БЕРГЕН БАҒАСЫ
Израиль үкіметі әскерлерінің өздерін қорғауға тырысқанын айтып, Газаға блокада қоюға хақысы болғанына тоқталған.
Израильдің сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде, Адам құқықтары жөніндегі кеңесі оқиғаға саясиланған, біржақты әрі шетін баға беріп отыр делінген.
Палестиналық Хамас тобы болса, БҰҰ-ы Адам құқықтары кеңесінің есебін қоштап отыр. Хамас өкілі Фаузи Бархум бұл есепке ілінген израилдік әскери қолбасшыларды жасаған қылмысы үшін жауапқа тартуға шақырды.
БҰҰ-ның есебін Түркия да оң қабылдап отыр. Түрік сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглы бұл есепті “өте бейтарап” жасалған тергеу қорытындысы деген.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі маусым айындағы қарарында Израилдің рейд жүргізгенін сынаған болатын.
Женевада орналасқан бұл кеңес төрт жыл бұрын БҰҰ-ның Адам құқықтары комиссиясының орнын басқан. Ол кездегі комиссияның әлем алдындағы беделі түсе бастаған. Өйткені кейбір мүше елдер өз елдеріндегі адам құқықтарының бұзылған жағдайын басқалардан жасырып қалып отыратын.