Accessibility links

«Теңізшевройл» төңірегіндегі дауды АҚШ келісім жолымен реттегісі келеді


Астанада журналистер алдында АҚШ-тың Еуразия аймағындағы энергетикалық мәселелер бойынша арнайы өкілі Ричард Морнингстар осындай ой айтты. Шілденің ортасында қаржы полициясы «Теңізшевройл» мұнай компаниясына қарсы заңсыз мұнай өндіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.


«ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» БЕДЕЛДІ КОМПАНИЯ»

Сәрсенбі күні Астанада АҚШ-тың Еуразия аймағындағы энергетикалық мәселелер бойынша арнайы өкілі Ричард Морнингстар журналистер сұрақтарына жауап бере келіп, Америка «Теңізшевройл» төңірегіндегі мәселені келіссөздермен реттеу ниетінде деп мәлімдеді.

Ричард Морнингстар Астанаға сапары барысында Қазақстан премьері Кәрім Мәсімовпен, мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевпен, басқа да үкімет мүшелерімен кездесіп, келіссөздер жүргізгендігінен журналистерді хабардар етті.

«Біз түрлі мәселелерді талқыладық, оның ішінде «Теңізшевройл» да бар. Менің ойымша Қазақстан билігі мұнай-газ компаниялары саласында алаңдаушылық таныта бастады. Дегенмен бәрі де бұрынғыдай оң нәтижеде шешілеріне сенімдімін».
АҚШ арнайы өкілі Ричард Морнингстар. София, 24 сәуір 2009 жыл

«Теңізшевройл» төңірегіндегі даулы мәселені жоғары дәрежеде талқылай отырып, барлық жайтты келіссөздермен екі тараптың өз еріктерімен шешуге болады деген қорытындыға келдік. Енді мәселе Қазақстан үкіметі мен компанияның арасында шешілуі тиіс деген көзқарасын білдірді арнайы өкіл.

Морнингстар «Теңізшевройлдың Қазақстан үкіметі алдындағы беделі жақсы дей келе компанияның Қазақстан мен АҚШ заңдарына сай жұмыс істеуі тиістігіне де назар аударды.

«Қалай болғанда да келіссөздер өзара сенімділік тұрғысында, оң нәтижеге бағытталған ауанда жүргізілгені дұрыс. Егер де дәл осылай өтсе, барлық мәселе шешіледі де, Қазақстанның инвестклиматына көлеңке түспейтін болады»,- деген ол, Теңізшевройл компаниясы төңірегінде қалыптасып отырған жайттың дұрыс шешілеріне сенімді екенін шегелеп айтты.

Ричард Морнингстар «бізде барлық қимыл-әрекет заң талаптарына жауап береді» деген Теңізшевройл компаниясы басшыларының ұстанымымен таныс екендігін де аңғартып өтті.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд жақында Қазақстан үкіметінің шешімімен мұнайды экспорттауға экспорттық кеден салығы енгізілгенін еске салды.

«Бұл бір соншалықты көп сомадағы салық болмаса да, ол мұнай экспорттаушы компанияларға ұнамауы мүмкін, бірақ та олар бұл шешімге мойынұсынбайды деген сөз емес»,- деп атап өтті елші.

«КОМПАНИЯ ЗАҢСЫЗ МҰНАЙ ӨНДІРДІ»

Қазақстан үкіметі ТШО-ны мұнайды заңсыз өндірді деп айыптап отыр. Шілденің орта шенінде Қазақстан қаржы полициясы «Теңізшевройл» мұнай компаниясының үстінен заңсыз мұнай өндіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген-ді. Шілденің 15-і күні Астанада Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай былай деп хабарлаған болатын.

-Қазақстан бас прокуратурасынан келіп түскен ТШО-ның 212,4 миллиард теңгенің мұнайын заңсыз алу фактісіне қатысты қызметін тексеріс материалдарына сай Қылмыстық кодекстің 190 бабы бойынша, демек аса ірі көлемде табыс алуға ұштасқан заңсыз кәсіпкерлік бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мұрат Жұманбайдың айтуынша, ТШО белгіленген аумақтан тыс, демек Теңіз кен орнында белгіленген 5100 метр тереңдіктен де әрі- төменде 40-тан астам ұңғыма қазған.

-2002 жылғы қыркүйектің 1-інен 2010 жылғы маусымның 1-іне дейінгі аралықта 10 ұңғымадан таулық белгілеменің шеңберінен тыс 3,4 миллион тонна мұнай алынған. Басқа деректер тергеу амалдарының мүддесіне орай жария етілмейді,- деп мәлімдеген еді шілденің 15-і күні Мұрат Жұманбай Азаттық радиосына.

Қазақстанның мұнай және газ министрлігі Теңізшевройл компаниясын контракт шарттарын бұзды деп айыптап, тиісті материалдарды прокуратура органдарына жолдаған.

Компания мұнай өндіру ісінде өздері үшін нақты бір тереңдік көрсетілмегендігін және шектеулі тереңдік турасында контрактіде жазылмағанын алға тартады.

«Теңізшевройл» мұнай компаниясының жұртшылықпен байланыс бөлімінің үйлестірушісі Светлана Қайырғалиева Азаттық радиосына берген сұхбатында компания он жеті жылдан бері Қазақстан үкіметімен арадағы келісімшартта көрсетілген талаптарды орындап келеді деп отыр.

«Біз келісімшартқа сәйкес жұмыс жасап келе жатырмыз, сондағы талаптардың бәрі де орындалуда, республика бюджетіне тиісті төлемдерді төлеп келеміз».

«Теңізшевройл» Теңіз кен орнында мұнай өндіруді Қазақстан мен Chevron арасындағы тең дәрежелі үлестік келісімге сәйкес 1994 жылы бастаған болатын.
XS
SM
MD
LG