Accessibility links

Ауғанстандағы сайлаудың машақаты


Саусағынан айырылған Хафизулла
Саусағынан айырылған Хафизулла

Ауғанстандағы екі провинцияда парламенттік сайлау "Талибан" тобының шабуылына байланысты кешігіп өтті. Ал кейбір аймақтарда сайлау тіпті белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды. Елде әділ әрі ашық сайлау өткізуге бағытталған ең қарапайым тәсілдердің өзін іске асыру қиын болып жатыр.

Хафизулла аурухана төсегінде қиналып отыр. Оның сұқ саусағының орны ақ дәкемен томпайта оралған.

Қазанның 20-сында Ауғанстанда өткен парламент сайлауында сайлау құқығын пайдаланғаны үшін ол саусағынан айырылған. Хелманд аймағының сайлау қызметкерлері Хафизулланың қолына ұзақ уақыт кетпейтін көк бояу жаққан (Бір адам бірнеше рет дауыс бермеуі үшін елде осындай әдіс қолданылады). Көп ұзамай “Талибан” жасағы оны ұстап әкетіп, саусағын кесіп тастады.

Ауғанстан сайлау комиссиясы қолға алған басқа әдістерді былай қойғанда, мұнда әділ де ашық сайлау өткізуге бағытталған осындай ең қарапайым тәсілдердің өзін іске асыру қиын болып жатыр.

Бұрынғы сайлаулардағыдай жаппай бұрмалауды болдырмау үшін бұл жолы басшылар 4900 сайлау учаскесінің барлығында дауыс берушілердің комьютерленген тізімін ұсынды. Ең соңғы сәтте сайлаушыны тексерудің биометрикалық жүйесін іске қосты.

Алайда, сайлаудың таза өтуіне көмектесудің орнына жаңа жүйелер жағдайды одан сайын күрделендіріп, сайлауға деген сенімді мүлде азайтып жіберді.

Қарай отырыңыз: Ауғанстандағы парламенттік сайлау (ағылшын тілінде)

Дауыс беру күні көп нәрсе білінбегенімен, қазанның 23-інде басшылар техникалық және ұйымдастырушылық олқылықтардың кесірінен қай дауыстарды санап, қайсыларын жарамсыз деп тануды білмей дағдарып қалғанда мәселенің тым күрделі екені айқындала түсті.

"БАРЛЫҒЫ БЫЛЫҚ"

“Дауыс беруге сайлау учаскесіне барғанымда, нағыз былыққа тап болдым. Биометрикалық құралдар жұмыс істемей тұрды. Тіркелген болсам да, сайлаушылар тізімінде аты-жөнім жоқ болып шықты” дейді ел астанасы Кабулда тұратын саяси белсенді Ежаз Маликзада.

Ақыры дауыс бермей кеткен Маликзада басқа да көп заң бұзушылықты байқаған. Мәселен, бір адамның бірнеше рет дауыс беруі, дауыс беруге құқы жоқтардың қатысуы, сайлау учаскелерінде бақылаушылардың аздығы сияқты олқылықтар болған.

Дауыс беруге келген ауған азаматтары. Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл
Дауыс беруге келген ауған азаматтары. Ауғанстан, 20 қазан 2018 жыл

Жалпы ел бойынша сайлаушылар мен кандидаттардан сайлау ережелерінің бұзылғаны туралы 5 мыңға тарта шағым түскен. “Сайлауға кедергі келтірмек болды”, “нәтижені бұрмалады” деген айыппен ондаған адам тұтқынға алынған.

Кабулдың батысында, хазар қауымдастығы тығыз қоныстанған ауданда тұратын Мухиб Шадан есімді сайлаушы да ұйымдастыру нашар болды дейді.

“Кабулдың батысындағы кей сайлау учаскелерінде басқа аймақтың сайлаушылар тізімі болды. Сайлау учаскелерінің көбінде биометрикалық құралдар жұмыс істеген жоқ. Кей учаскелерде құралдардың батареялары бітіп қалған. Сайлау комиссиясының мүшелері дұрыс дайындықтан өтпеген” дейді Шадан.

Кочи көшпелі қауымының өкілдеріне парламентте он орын бөлінген. Осы қауымның өкілі, депутаттыққа кандидат Мариям Солайманхаилдың айтуынша, Кабулдағы кочи қауымының көп өкілі сияқты ол да дауыс бере алмаған, себебі сайлаушылар тізімінен өз аты-жөнін таппаған.

Қазанның 20-сы техникалық ақауға байланысты 401 сайлау учаскесінде (оның 45-і Кабулда) дауыс беру бір күнге шегеріліп, келесі күні өткізілді.

Бірақ бұл шешімнің өзі жағдайды жақсартудың орнына одан сайын ушықтырып жіберген.

Сайлауды бақылаған “Ауғанстанның транспарентті сайлау қоры” (TEFA) өкілдерінің айтуынша, дауыс беруді созу туралы шешім бұрмалаушылыққа жол ашқан, себебі кей учаскелерде жартылай толы жәшіктер түні бойы ашық қалған.

Тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, “Талибанның” жұрнағы қалған, үкіметтің ықпалы аз, бақылау кемшін алыс аймақтарда проблема тіпті көп.

Ауғанстанның Тәуелсіз сайлау комиссиясы тіркелген 9 миллионға жуық сайлаушының жартысынан азы, шамамен 4 миллион адам дауыс берді деп хабарлады. “Бұл дауыстардың біршама бөлігі – жалған” деген дүдәмал көп.

Ауғанстанның тәуелсіз сайлау комиссиясы қызметкерлері. Кабул, 24 қазан 2018 жыл
Ауғанстанның тәуелсіз сайлау комиссиясы қызметкерлері. Кабул, 24 қазан 2018 жыл

​Тіпті сайлаудан бұрын-ақ, әсіресе беймаза аймақ саналатын оңтүстік пен шығыс аудандарда сайлаушылардың шамадан тыс көп тіркелуі сарапшыларды алаңдата бастаған. Бұл өңірлерде дауыс беруге тіркелгендердің саны сайлау құқы бар сайлаушы санынан асып кеткен. Орталық пен солтүстіктегі кей аймақтарда әйел кісілер дауыс беруге тым көп тіркелген.

Оңтүстіктегі Кандагар аймағында да кемшілік көп болған. Мұндағы жұрт ресми сайлау күнінен бір апта өткен соң, тек қазанның 27-сінде ғана дауыс берді. Бұған қазанның 18-сі күні полиция басшыларына жасалған Талибандардың шабуылы себеп болған. Бұл оқиға салдарынан аймақ басшыларының барлығы дерлік қаза тапты не жарақат алды.

Ал оңтүстік-шығыстағы Ғазни аймағында этностық топтардың өкілдік етуіне қатысты дау шешілмегендіктен, сайлау тіпті белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды.

"ҚАЙ ДАУЫСТЫ САНАЙМЫЗ?"

Сайлау комиссиясы бюллетендерді санай бастағанда жағдай тіпті ушықты.

Дауыс беру қарсаңында сайлау комиссиясының басшылары тек биометрикалық құралдар мен сайлаушылар тізімі арқылы тексеруден өткендердің бюллетендерін ғана санаймыз деген.

Ал бақылаушылардың айтуынша, кей сайлау учаскелерінде биометрикалық тексеру құралы мен сайлаушылар тізімі екеуінің бірі ғана болған, ал кейбірінде тіпті екеуі де болмаған.

“Бізді процестің қалай басқарылатыны, қай дауыстардың саналатыны алаңдатады”, – деді парламенттің төменгі палатасындағы 249 орынға таласып жатқан 2500 кандидаттың бірі Муслим Ширзад.

Ауғанстанның тәуелсіз сайлау комиссиясының өкілдері биометрикалық құқрылғыларды жәшікке салып жатыр. 10 қазан 2018 жыл
Ауғанстанның тәуелсіз сайлау комиссиясының өкілдері биометрикалық құқрылғыларды жәшікке салып жатыр. 10 қазан 2018 жыл

Қауіпсіздік және адам құқықтары мәселесін зерттейтін ауғанстандық сарапшы Ахмад Шужа Жамалдың айтуынша, биометрикалық құралдар мен сайлаушылар тізімі бойынша олқылық көп болғандықтан, жұрттың көбі ережені бұзып дауыс берген.

“Ережелер кітабында бұл мәселелерді қалай шешу керектігі нақтыланбаған. [Сайлау комиссиясы басшылары] “олқылықтардың барлығын әділ түрде қарастырамыз” деп жалпылама уәде бергенімен, мұның қандай техникалық процедура мен стандартқа сай жүретінін ашық айтпады” дейді Жамал.

Қолына операция жасатып, Хелмандтағы аурухананың төсегінде отырған Хафизулла құрбан болған саусақтың бір пайдасы тиер деп үміттенеді.

“Дауыс беруге бардым, себебі бұл – біздің міндетіміз әрі құқығымыз. Дауыс беріп, өмірімізді бәске тіктік. Мұның бір септігі тиер деп ойлаймын”, – деді ол Азаттықтың Ауған қызметіне берген сұхбатында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG