Accessibility links

Ауғанстан парламенттік басқару жүйесіне өтпек


Ауған сайлау комиссиясы қызметкері дауыстарды санау үшін сайлау жәшігінің ашылғанын күтіп отыр. Кабул, 17 шілде 2014 жыл.
Ауған сайлау комиссиясы қызметкері дауыстарды санау үшін сайлау жәшігінің ашылғанын күтіп отыр. Кабул, 17 шілде 2014 жыл.

Ауғанстанның қазіргі саяси дау-дамайдан шығатын бірден-бір жолы – парламенттік жүйе орнату болар еді. Бірақ бұл процесс тым ұзаққа созылып, елдің бөлшектенуіне ұласып кетуі мүмкін деген қауіп те бар.

Өзара дүрдараз этникалық топтардың өкілдеріне үкіметтен жоғары қызметтер берген президент Хамид Карзай ұзақ жылдар бойы Ауғанстанда шексіз билік жүргізіп келді.

Ауғанстан президенті сайлауына түскен кандидат Абдулла Абдулла қолдаушыларының нарызылық шеруі. Кабул, 21 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ауғанстан президенті сайлауына түскен кандидат Абдулла Абдулла қолдаушыларының нарызылық шеруі. Кабул, 21 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Алайда оның орнына таласып жатқан қос кандидаттың арасында сайлау қорытындысына байланысты дау-дамай ушығып тұр. Бұл Карзай екі президенттік мерзім бойы құрған жүйені өзгертудің қажет екенін аңғартты. Егер өзгеріс жасалмаса, Ауғанстан мемлекеті этникалық принцип бойынша екіге бөлініп кетуі мүмкін.

Маусымның 14-і күні өткен президент сайлауының екінші кезеңінде Абдулла Абдулла мен Ашраф Ғани бәсекеге түскен еді. Бірақ сайлаудың алдын ала нәтижесімен келіспеген екеуі де «жеңіске мен жеттім» деп отыр. Бұл таққа таласты күшейтіп, тұрақтылыққа қатер төндірді, тіпті елде төңкеріс болып, арты азамат соғысына ұласуы мүмкін деген де қауіп бар.

Ауғанстанның екіге жарылмауын ойлаған ара ағайындар екі үміткерді бітімге шақырып әуре. Кандидаттар бұл дағдарыстан шығу үшін елдің саяси жүйесін түбірімен өзгертуге зорға келісті.

Енді олар Америка үлгісіндегі президенттік жүйе Франциядағыдай парламенттік жүйеге ауыссын деген ұсынысты қолдап отыр. Мұндай жағдайда президент билігі біраз шектеліп, парламент пен премьер-министрге үлкен құзырет беріледі.

Бұл жүйе бірнеше этникалық топтар тұратын Ауғанстанда биліктің әділ бөлінуіне мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ реформа тым ұзаққа созылып кетпей ме деген қауіп бар. Тіпті жүйені өзгерту ың-шыңсыз өткен күннің өзінде оның ойдағыдай жұмыс істеп кетеріне күмән көп.

Вашингтондағы Вудро Вильсон халықаралық ғалымдар орталығының Оңтүстік Азия бойынша маманы Майкл Кугельманның ойынша, «саяси жүйені қайта құрудың жақсы және жаман жақтары бар».

- Билікті бір емес, екі басшыға қатар ұстату арқылы Ауғанстанның бөлшектенуі «заңдастырылып» кетуі де ғажап емес. Егер өзара айырмашылығы көп екі адамға да көп билік берілсе, олардың елді тиімді басқаруы екіталай, - дейді сарапшы.

ЖЕҢІМПАЗ ЖЕКЕ-ДАРА БИЛЕМЕЙДІ

Президент сайлауына түскен Ашраф Ғаниді пуштундар қолдайды, ал оның қарсыласы Абдулла Абдулланы тәжіктер жақтайды. Бұл екі кандидаттың арасында басталған дау Ауғанстанды кім басқаруы керек деген мәселеде мәмілеге келудің қиын екенін аңғартады.

Кабулдағы «Халықаралық дағдарыс» орталығының аға сарапшысы Грэм Смиттің айтуынша, «қазіргі тым орталықтандырылған жүйе бір адамның қолына көп билік береді».

- Сайлауда жеңілген адамға да мүмкіндіктер берілуі тиіс. Ол қол қусырып қалмауы керек. Жеңіске жеткен адамның бар билікті қолына алуы да жақсы емес, - дейді ол.

Ауғанстан президенті сайлауына түскен кандидаттар - Ашраф Ғани (сол жақта) мен Абдулла Абдулла бір-бірінің қолын көтеріп тұр. Кабул, 12 шілде 2014 жыл.
Ауғанстан президенті сайлауына түскен кандидаттар - Ашраф Ғани (сол жақта) мен Абдулла Абдулла бір-бірінің қолын көтеріп тұр. Кабул, 12 шілде 2014 жыл.

Абдулла мен Ғани осы айдың басында мұндай өзгерістерді бастауға келіскен. Ортақ үкімет құру мақсатында жиі-жиі кездесіп жүрген кандидаттар әрі қарай қалай бірлесіп жұмыс істеуге болатынын талқылап жатыр.

Абдулланың екінші вице-президент қызметіне ұсынып отырған серігі Мохаммад Мохакек екі үміткер арасындағы келісімнің жай-жапсарын айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, келісім бойынша сайлауда екінші орын алған кандидат жаңа үкіметтің «атқарушы басшысын» таңдауға мүмкіндік алады.

Екі жылдан кейін конституциялық реформа жасалып, парламенттік билік жүйесі енгізілмек. Содан соң үкіметтің «атқарушы басшысының» орнына жаңа премьер-министр келуге тиіс.

Бұл жүйе Франциядағы билік жүйесіне ұқсайды. Онда президент пен премьер-министр (премьер парламент алдында ғана жауап береді – ред.) билікті теңдей бөліскен.

Ал Ашраф Ғанидің командасы «жаңа реформалар әлі талқыланып жатыр» деп, ол туралы айтудан бас тартты.

ҰЗАҚ ПРОЦЕСС

Мұндай түбегейлі өзгерістерді жоспарлау бөлек те, оны жүзеге асыру бөлек. Ол үшін қыруар шаруа атқарылуы керек. Одан бөлек, тараптар да, қоғам да сабырлы, әрі уәдеге берік болуы шарт.

Билікті бөлісіп, қазіргі дағдарыстан шығу үшін үкіметтің «атқарушы басшысын» тағайындау оңай. Қазіргі конституция президенттің министрлерді тағайындап, орнынан алуына, қаласа жаңа лауазымдарды бекітуіне мүмкіндік береді.

Ал премьер-министр лауазымын енгізу үшін конституцияға өзгерістер жасалуы керек. Ол өзгерісті тайпа ақсақалдарының құрылтайы «Лойя жирга» мақұлдауы тиіс.

"Лойя жирга" жиынында отырған әйелдер. Кабул, 21 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
"Лойя жирга" жиынында отырған әйелдер. Кабул, 21 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Алайда қазіргі жүйе президенттің ақсақалдар құрылтайына ықпал етуіне мүмкіндік береді. «Лойя жиргаға» қатысатын делегаттарды президент өзі таңдай алады. Демек ол өзінің қолайына жағатын делегаттарды көп таңдау арқылы болашақ премьер-министрге қандай құзырет берілетінін айқындауы мүмкін. Ал бұл болашақ премьер-министрдің наразылығын туғызады.

Тағы бір кедергі – «Лойя жиргаға» делегаттар жіберу үшін алдымен аймақтық кеңестердің сайлауы өтуі керек. Ол сайлау өтпегендіктен, дәл қазір құрылтай шақыруға конституциялық негіз жоқ. Жергілікті кеңестер сайлауын алдағы жылы парламент сайлауымен бірге өткізу туралы ұсыныстар бар.

ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖҰМЫС ІСТЕП КЕТЕ МЕ?

Кедергілердің бәрінен өтіп, жаңа парламенттік жүйені құрған күннің өзінде оның дұрыс жұмыс істеп кетеріне күмән көп.

Абдулла жаңа реформадан көп үміт күтеді, оның айтуынша, «Бұл өзгеріс елдегі автократияны түбірімен жоюға мүмкіндік береді. Жаңа реформамен билік бөлінісі іске асады, өзгеріс халық пен үкімет арасын жақындата түседі».

Сарапшы Кугельман да «жаңа жүйе дұрыс жұмыс істеп кетер» деп үміттенеді. Оның айтуынша, «Бұл жүйе демократияның орнығуына, мемлекеттік институттардың нығаюына мүмкіндік тудырып, этникалық және діни алауыздықты тоқтатуға септеседі. Оның үстіне ел ішінде бұған қатысты мәміле бар».

- Осыдан бірнеше жыл бұрынғымен және көршілес Ирактағы қазіргі жағдаймен салыстырғанда, Ауғанстанда парламенттік жүйе орнатуға мүмкіндік көбірек, - дейді Кугельман.

Абдулла Абдулланың жақтастары "Лойя жирга" ғимаратындағы Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың суретін алып тастап жатыр. Кабул, 8 шілде 2014 жыл.
Абдулла Абдулланың жақтастары "Лойя жирга" ғимаратындағы Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың суретін алып тастап жатыр. Кабул, 8 шілде 2014 жыл.

Алайда бұл ұсынысқа наразылық білдіріп жатқандар да көп. Солардың ішіндегі ең басты адам – 10 жылдан астам уақыт осы елдің президенті болған Хамид Карзай.

Биліктен кетіп бара жатқан президент парламенттік жүйе орнатуға қарсылық білдірді. Оның айтуынша, «бұл өзгеріс елді екіге жарады». Voice of America радиосына берген сұхбатында ол «Ауғанстанның мұндай реформаға әлі дайын емес» екенін айтқан.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG