Accessibility links

Талибан бүлікшісін «тұтқындамай жою» бұйрығы


Кандагардағы тұтқындар
Кандагардағы тұтқындар

Қауіпсіздік басшыларының бүлікшілерді тұтқындамай-ақ, көздерін құрту туралы бұйрығын әскер қуана қарсы алса, құқық қорғаушылар тіксініп қалды.

«Тұтқынға алмаңдар!» Бұл – Ауғанстанның жер-жеріндегі әскер мен полиция басшыларының берген қатаң бұйрығы.

Ауған қауіпсіздік күштеріне бүлікшілерді тұтқындап, сотқа тартпай, майдан алаңында-ақ олардың көздерін құрту туралы нұсқау берілген.

Үкіметті «бүлікшілерге тым жұмсақ шаралар қолданатыны» үшін сынайтын көптеген ауғандар бұл бұйрыққа қуанған сияқты. Алайда адам құқығын қорғайтын топтар «бұл нұсқау халықаралық құқықты бұзуы мүмкін» деп дабыл қақты.

«ЖЕМҚОР» СОТТАН БҰРЫН ҚИМЫЛДАУ

Елдің солтүстігіндегі Бағлан уәлаятының қауіпсіздік қызметінің басшысы Аминулла Амархаил Ауғанстандағы сотты «жемқор» деп сипаттайды. Оның сөзінше, Бағлан уәлаятында бұрын ұсталып, тергелген және түрмеге қамалған бүлікшілер күмәнді себептермен босатылып, олардың көпшілігі майдан алаңына қайта оралған.

«Бүлікшілерді [парақор] судьялар босатып жібермейтініне сенімді болу үшін мен майдан алаңында сарбаздарыма өздерімен соғысып жатқан барлық бүлікшінің көзін жоюға бұйрық бердім. Тозаққа аттанып, тиісті жазасын сол жақта алсын» дейді Амархаил. Ол бұндай бұйрық беруге «өзі шешім қабылдағанын» айтады.

Кабул түбіндегі Пул-э Чархи түрмесінен босатылған Талибан бүлікшілері. 4 қаңтар 2013 жыл
Кабул түбіндегі Пул-э Чархи түрмесінен босатылған Талибан бүлікшілері. 4 қаңтар 2013 жыл

Азаттық радиосына берген сұхбатында Амархаил өзі басқаратын күштердің негізінен шетелдік бүлікшілермен күресетінін айтты. Алайда бірқатар БАҚ оның сарбаздарының барлық бүлікшілермен соғысып жатқанын хабарлаған.

Кандагар провинциясындағы полиция басшысы генерал Абдул Разық – бүлікшілерді ұрыс алаңында қырып тастауға бұйрық бергендердің бірі. Елдің оңтүстігіндегі бұл аймақта «Талибанды» қолдаушылар көп.

«Мен сарбаздарымның оларды қырып тастайтынына ризамын. Себебі сот оларды [пара алып] босатып жібереді. Бір жақсысы – бүлікшілердің бәрінің көзі құритын болды. Сарбаздарымның бәріне бірдей берген бұйрығым – олардың бірде-біреуін тірі қалдырмау» дейді ол.

«СОҒЫСУШЫ МЕН ТҰТҚЫННЫҢ АЙЫРМАСЫ ЗОР»

Алайда бұл басшылардың ешқайсысы бүлікшілерді қандай жағдайда өлтіруге болатыны туралы ашып айтпады. Олардың бұлдыр жауаптарын сан-саққа жүгіртіп жоруға болады. Бұйрық бүлікшілерді майдан алаңында өлтіру жайында ма, әлде оларды қолға түскеннен кейін де құртуға бола ма? Бұл екі жағдайдың заңдық тұрғыда зор айырмашылығы бар.

«Ауған қауіпсіздік күштері Талибанмен күрескенде бүлікшілер соғыстағы нысана болып қарастырылады. Сондықтан бұнда бәрі заңды. Ал жауынгер қолға түсіп қалса немесе жараланып, ары қарай соғыса алмайтын болса, ол жауынгер боп саналмайды. Онда халықаралық құқыққа сәйкес қолға түскен тұтқынды өлтіруге болмайды» дейді Human Rights Watch ұйымының Ауғанстан бойынша аға зерттеушісі Патрисия Госсман.

Кандагарда жанкешті өзін жарып жіберіп, бірнеше полицейді өлтіріп, полиция басшысы генерал Абдул Разықты жаралаған орыннан көрініс. 28 тамыз 2012 жыл
Кандагарда жанкешті өзін жарып жіберіп, бірнеше полицейді өлтіріп, полиция басшысы генерал Абдул Разықты жаралаған орыннан көрініс. 28 тамыз 2012 жыл

Госсман «Амархаил мен Разық сарбаздарына қолға түскен бүлікшілерді тұтқындамай, өлтіруге бұйрық берген болса, бұл – «алаңдатарлық жағдай» екенін айтады. Ол бұл мәселенің әлі ұзақ талқыланатынын ескертеді.

«Бұл командирлердің тұтқындарды соттың араласуынсыз өлім жазасына кескені, азаптағаны, қамауға отырғандарды өлтіргені туралы нақты дәлелдеріміз бар. Мәселе сонда – олардың ешбірі осыншалық сорақы қиянаттары үшін жазаға тартылмаған» дейді Госсман.

Президент кеңсесінен де бұл мәселеге қатысты ешбір ашық түсініктеме берілмеген.

«Разық пен Амархаилдың мәлімдемелері «осындай қиянатқа барғандар жазаға тартылмасын» деген бұйрықпен пара-пар» дейді Крис Роджерс. Ол – Ашық қоғам қорының адам құқықтары бойынша заңгері, әрі Ауғанстандағы қақтығысқа қатысты тұтқындау жағдайларын зерттеуші.

«Мұндай бұлыңғыр мәлімделер шын мәнінде аса қауіпті. Себебі олар әскери басшылар мен олардың қол астындағы сарбаздарға соғыс ережелерін бұзуға берілген рұқсат сынды» дейді Роджерс.

ГЕНЕРАЛДЫ ҚОЛДАУ

Генерал Разық «тұтқынға алмау» туралы бұйрығын жария еткеннен кейін өткен айда Кабулға шақырылды. Ауғанстандық әлеуметтік желілер «ол отставкаға кетуі мүмкін» деген жорамалдар жасаған. Бұған жауап ретінде мыңдаған ауған полиция басшысын қолдайтынын білдірген.

Ауған ұлттық әскерінің Facebook желісіндегі ресми парақшасы тамыздың 14-і күні Разықтың суретін жүктеп, «Талибан бүлікшілерін майдан алаңында өлтіру, не өлтірмеуге қатысты генерал Разық пен президент арасындағы келіспеушілік үшін Разық отставкаға кетуі мүмкін. Құрметті генерал Разықты қолдауға дайынсың ба?» деген хабарлама жариялаған.

Пост 6000 «лайк» жинап, бірнеше күннің ішінде жүздеген комментарий жазылды. Пікір білдірушілердің көбі полиция басшысын жақтаған.

Facebook пайдаланушыларының көпшілігі «Иә» немесе «Талибанның көзі жойылсын» деп жауап берген.

Үкімет үшін адал қызмет еткеннің бәрі не қызметінен босатылады, не өліп тынады. Елімізді түсініп болмайсың.

Тамыздың 16-сы күні Мохаммад Юсуф Мохаммади былай деп жазған: «Ауғанстанның батыл, әрі ержүрек генералдары жасасын!»

Ал Саид Ансари есімді пайдаланушы тамыздың 15-і күні «Бәрінің көзін жойыңдар. Кетіп бара жатқан президент Хамид Карзай сені қозғай алмайды. Тау құсап мызғымай тұр» деп жазған.

Сулайман Акбар деген тағы бір пайдаланушы жазбасында: «Үкімет үшін адал қызмет еткеннің бәрі не қызметінен босатылады, не өліп тынады. Елімізді түсініп болмайсың. Біз бұның бәріне тойдық» деген.

Генерал Разыққа кейбір депутаттар да қолдау көрсеткен.

«Ауғанстандағы қазіргі жағдайды ескерсек, террористерге өз қылғандарын алдарынан шығармасақ, жағдай тіптен нашарлап кетеді» деген осы айдың басында Залмай Моджадиди. Ол – солтүстіктегі Бадахшан уәлаятынан сайланған депутат.

Талибанның қолынан өлген туыстарының денелерін алып тұрған пактиялықтар
Талибанның қолынан өлген туыстарының денелерін алып тұрған пактиялықтар

Елдің батысындағы Герат уәлаятынан сайланған депутат Нахид Фарид (әйел адам) Кабул бұл мәселеге араласпауы керек деп санайды. «Аймақтың жайын түсінетін – полиция басшылары. Олар Талибанның жергілікті халықты қырып жатқанын біледі. Жергілікті халыққа президент сарайындағылардан гөрі жергілікті командирлер жақын» деген ол да тамыз айының басында.

Елдің оңтүстік-шығысындағы Пактия уәлаятын бүлікшілердің мекені десе де болады. Ауған ұлттық әскерінің осы аймақта қызмет ететін офицері Мир Хашим: «Талибан бүлікшілері майдан алаңында өлтірілуі тиіс, қолға тірідей түскен жағдайда да, жазасы тек өлім болуы керек» деп санайды.

«ТАЛИБАН – ЕЛДІҢ ЖАУЫ»

«Әр ұрыста жараланған Талибан жауынгеріне ем-дом жасалады. Олар құдды бір қонақ сияқты күтім көреді. Бір, не алты ай қамалған соң босатылып жіберіледі. Керісінше үкімет оларды өлім жазасына кесуі тиіс, себебі олар – елдің жауы» дейді Мир Хашим.

Хамид Карзай жариялаған амнистия бойынша Джалалабадтағы Нангархар түрмесінен босатылған тұтқындар. 7 қараша 2013 жыл
Хамид Карзай жариялаған амнистия бойынша Джалалабадтағы Нангархар түрмесінен босатылған тұтқындар. 7 қараша 2013 жыл

Хашим президент Карзайдың әрекеттеріне наразы. Карзай соңғы бірнеше жылда жүздеген Талибан жауынгерін түрмеден босатқан. Елдің ең ірі Парван түрмесін АҚШ өткен жылы Ауғанстанның қарамағына тапсырғалы бері одан жүздеген бүлікші босатылған. АҚШ «қауіпті» санатына жатқызған 100 тұтқынның барлығы дерлік шыққан. Карзай халықаралық әскери күштер бұл тұтқындарды тиісті сот процесінсіз, нақты дәлелсіз түрмеге жапқан деп наразылық білдірген.

«Тұтқынға алмаймыз» дейтін қауіпсіздік қызметтерінің басшылары көбейіп жатыр. Себебі оларға қарсы соғысып жатқан Талибанның қимыл аясы кеңіп, қарқыны күшейе түскен. Шолушылардың айтуынша, оңтүстіктегі Гильменд пен Кандагар уәлаяттарына қоса бүлікшілер шығыстағы Нангархар, Кунар, Лагман және Нұрстан провинцияларында соңғы айларда ірі шабуылдар ұйымдастырған.

ҚАНДЫ РАМАЗАН

Бұл жолғы қақтығыс маусымында да қантөгіс толастамаған. Ораза тұтатын Рамазан айында әдетте қақтығыс бәсеңдейтін, бірақ биыл керісінше күшейіп кетті. Бұған дейін Пәкістанның тайпалар басқаруындағы солтүстік-батыс аумақтарында орналасқан бүлікші топтарды Исламабадтың әскери операциялары Ауғанстанға қарай тықсырып тастаған. Содан бері олар елдің әлсіз шекарасынан лек-легімен өтіп кеткен.

Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің қолына түскен Талибан сарбазы деп сипатталған тұтқын. Нангархар, 19 маусым 2013 жыл
Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің қолына түскен Талибан сарбазы деп сипатталған тұтқын. Нангархар, 19 маусым 2013 жыл

Ауған қарулы күштері шабуылды сәтті қайтарған, алайда оларға айтарлықтай күш жұмсап, кері шегінуіне тура келді. Халықаралық әскери жасақтар осы жылы елден кеткелі бері Талибанды тоқтату ауған әскеріне қиынға соғып жатыр.

Кабулда орналасқан зерттеу орталығы – Ауғанстан сарапшылары желісінің қызметкері Фабрицио Фоскини былай дейді: «Майдан алаңындағы маңызды өзгерістің бірі – НАТО бүлікшілерге бұрынғыдай әуеден жиі соққы жасамайды. Бүлікшілер НАТО-ның әскери ұшақтарынан қорықпай, қатарларын көбейтіп шабуылдауға қол жеткізді. Яғни Ауған ұлттық қауіпсіздік күштері үшін тасымалдау, көлік және керек-жарақпен қамсыздандыру мәселесінде қосымша қиындық туды».

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).

XS
SM
MD
LG