Ауғанстанның ресми үкіметі балаларды шабуыл жасауға дайындады деп тәліптерді айыптады. Тереңірек үңіліп зерттегенде балалардың бомбамен өздерін жару себебі өте күрделі мәселе екені байқалады.
«БІЗГЕ ПЕЙІШКЕ БАРАСЫҢДАР ДЕДІ»
Адамдардың көпшілігі бомбаның жарылысын естігенде ажалдың белгісі деп түсінсе, өзін-өзі жаратын жанкешті балалар бұл әрекетті жәннатқа жеткізетін әдемі қиялдың орындалуы деп біледі.
Жанкешті бола жаздаған 15 жастағы бала сәуірдің 5-і солтүстік Ауғанстанда тұтқынға түскен соң Азаттық радиосының журналистеріне аты-жөнін айтпай сұқбат берді. Оның ұлты - ауған, Пәкістанның Пешавар қаласындағы медреселердің бірінде оқыған. Оны біреулер (кім екенін айтудан бас тартты) Ауғанстанның Құндыз провинциясына барып, қаладағы әуежайды жарып жіберуге үгіттеген.
Тахар уәлаятының губернаторы Абдул Жаббар Такуа жанкештінің шабуылынан жараланып қалды. 29 мамыр 2011 жыл
- Олар бізге "пейішке барасыңдар" деді. Олар пейіштің қандай әдемі екенін айтып берді. Сондықтан келістім. Бұл жолы мен алданып қалдым, енді олай жасамаймын, - дейді бала.
Құндыздың қауіпсіздік өкілдері Азаттық радиосының тілшісіне бұл баланың Мұхаммед Фарид деген жолдасымен және жол көрсетушісімен бірге «шахид кеудешесін» алуға бара жатқан жерінде тұтқындалғанын айтады.
ОЙЫНҒА АЙНАЛҒАН ӨЛІМ
Аймақтағы жанкештілік шабуыл саны соңғы апталарда адам сенгісіз деңгейде өсіп кетті. Бұған Ауғанстандағы 9 жасар баланың өзін-өзі жармақ болған әрекеті мен Пәкістандағы 12 жасар баланың өз өмірін қиған шабуылы қосылды.
Ауған үкіметі бірден Талибанды айыптап шықты. Осы айдың басында Ауғанстанның арнайы қызмет өкілі Латифулла Машал «жас балаларды қатарларына үгіттеп тартып жатыр және Ауғанстандағы өзін жаратын жанкешті істерге жұмсап жатыр» деп тәліптерді айыптады.
Шотландияның Daily Record «Дейли Рикорд» газеті тоғыз жасар Гулам Фарук есімді бала дәл қазір Кабулдағы жасөспірімдерді ұстайтын орталықта қамауда отыр деп хабарлайды. Ол да, қасындағы басқа балалар да «біз тұратын Пешавардың жанындағы Хир Абадтағы Спин мешітінде «шахид белбеуін» қалай жаруды үйретті» деп түсініктеме берген.
Интернеттегі бір бейнеклипте бір топ жас баланың шахид болып ойнап жүргені көрсетіледі. Видеода оны «бомбалы жанкешті ойыны» деп атайды. Бұл клиптің қайда жасалғаны белгісіз, бірақ балалардың киіміне қарап, Ауғанстан немесе Пәкістан деп айтуға болады. Ішіндегі қап-қара киімді біреуі басқаларын бас сала құшақтайды да, топтан бөліне жөнеледі. Ал басқа балалар бомба жарылғандай қылып, аспанға құм шашып, оның айналасын шаңдатып тұрады.
Бомба жармақшы болған, жастары 18-ге толмаған 25 бала қазір Ауғанстандағы жасөспірімдер орталығында қамауда отыр. Ауғанстанның ресми орындары 2010 жылы қарулы топтардың 23 баланы осындай әрекетке тартқанын айтады. Бұл ақпараттың азайтылып жазылғаны көрініп тұр, әсіресе 2011 жылғы мәліметтермен салыстырғанда сондай ой туады.
КІМ КІНӘЛІ?
Жастардың бұлайша өз өмірін қиюына не нәрсе түрткі болатыны анық емес. БҰҰ-ның мамырдың 11-і жарық көрген баяндамасы бұл құбылысқа Талибан жауапты деген ауған үкіметінің тұжырымын бекітіп тұрғандай. Құжатта 13 жасында тәліптердің қолына түскен жасөспірімнің қарулы топқа зорлықпен тартылғаны жазылады. Соғыс кезінде ол қашып шығып, Кабулға жеткен. Бірақ қалада тұтқындалып, ұлттық қауіпсіздік қызметі түрмеге қайта отырғызған.
Жас «шахидтердің» қаптап кетуі ауған үкіметінің назарын Ауғанстан мен Пәкістандағы діни медреселердің қызметіне аударып отыр. Терең зерттеп қарағанда, екі ел арасындағы шекара бойында тұрған босқындар лагерлерінің медреселерінде дайындалған экстремистер ерекше белсенді болып шықты.
Медреселердің қандай категорияға жататынын анықтау қиын. Кейбіреулері гуманитарлық пәндерді көбірек оқытады. Енді біреулері исламистік пропаганданың аз-ақ алдындағы үгіт-насихат айтады.
Ауған үкіметі пәкістандық медреселерді көптеген студенттерін дін оқуы деген атаумен экстремистік идеологияға оқытып жатыр, «джихад» ұғымын қате тәпсірлейді деп айыптайды.
Newsweek («Ньюсуик») журналының сәуірдің 24-індегі санында Пәкістандағы Шамшату деп аталатын ауғандық босқындар лагеріндегі өзін Уәлиулла деп таныстырған 20 жасар жігіттің сөзін келтіреді. Ол: «Алла біздің отбасымызды Шамшатуға алып келген себебі – ол менің «джихадшы» болғанымды қалайды» деп мәлімдеген.
Ауған үкіметінің оқу ісі бойынша Пәкістандағы өкілі Абдул Ғани Хидаят Пәкістанда тұрып жатқан ауғандықтарға радикалды исламның оқытылатынын жоққа шығарады.
- Мүлдем өтірік! Пәкістан мектептерінде оларға джихад оқытылып жатқан жоқ. Олар үнемі бақылауда жүреді. Ондай жағдай жоқ. Болған емес. Болмайды да. Қылмыстың мұндай түрі болған емес, - дейді ол.
Азаттық радиосы Ауған қызметінің тілшісі Нур Мухаммед Шахим осы мәселе жөнінде бірнеше мәрте сұрағанда, шенеунік медреселерді зайырлы «мектеп» деген терминмен атап отырып алды.
Мулла Рахым Дад секілді медресе ұстаздары да жас балалардың өзін жарып өлтіретін қылмысына медресе жауапты деген көзқарасты теріске шығарды. Рахым Дад Пәкістанның Хайбар Пухтунхуа провинциясының Дир ауданында сабақ береді.
- Біз, діни ұстаздар, мұндай өзін жаратындар жайлы естігенбіз. Бірақ бұл ақпараттар бізге үкіметтен келді. Бұл - рухани ұстаздар қарсы тұратын нәрсе. Өзін-өзі жаратындар - осындай әрекетке құрал болатын сауатсыз қараңғы адамдар. Бұларды тоқтату керек. Біз бұған қарсымыз. Олар ислам атына кір келтіріп жатыр және олар шынайы мұсылмандар емес, - деді ол.
ЖАҢА КӨЗҚАРАС
Өзін-өзі жаратындардың күрт көбеюіне радикалды ислам әсер етті деген жалпы көзқарасты жаңа ғылыми зерттеулер өзгерте бастады. 2010 жылы тель-авивтік ғалым Ариел Мерари шығарған «Өлімге итермеленгендер: суицидтік терроризмінің психологиялық және әлеуметтік аспектілері» атты кітабында жанкештілердің көбі басқа да өзіне қол жұмсайтындар сияқты депрессияға ұшыраған жандар дейді.
АҚШ-тың саясаттанушы ғалымы Роберт Пейп шетелдік әскери күштердің басқыншылығына ұшыраған елдер мұндай шабуыл жасаушылардың мекеніне айналатынын жазады.
Көптеген жас балалардың таңдау жасайтын шамасы да жоқ. БҰҰ-ның мамыр айындағы баяндамасында көптеген балаларды қару алып жүруге немесе жарылғыш қалталарды білместікпен тасып жүруге күштеп көндіреді деп сақтандырады. Ал ұсталған жасөспірімдердің көбісі ересектер түрмесінде адам төзгісіз жағдайда отырып шыққан. Сондықтан да рецидивизмге бейім.
Пәкістанның Файсалабадтағы ауылшаруашылық университеті мамырдың 30-ында ауылда тұратын 10 000-нан астам адамнан алған сауалнаманы жариялады. Сұралған жұрттың көпшілігі (79 пайызы) өзін-өзі жарып өлтіруге негізгі себеп – экономикалық қиыншылық деп көрсеткен. Енді басқалары жанкештілердің көбі ата-ананың тым қатал тәрбиесінің құрбаны деп санайды. Жауап бергендердің жартысына жуығы замандастарының қысымы негізгі себеп деп көрсеткен.
Менде ауған үкіметіне қатысты жаман ниет жоқ. Мен бар болғаны шетелдіктерді жек көрем.
14 жастағы Мохаммед Фарид сәуірдің 5-інде Құндыздағы әуежайды жармақшы болды деген айыппен тұтқындалды.
Пешавардың Ехиа-уль-Улум медресесінде сабақ алғандығына қарамастан Фарид өзінің мұндай қатігез жолға түсуіне діннің ешқандай да қатысы жоқ деп жауап берді.
- Менде ауған үкіметіне қатысты жаман ниет жоқ. Мен бар болғаны шетелдіктерді жек көрем. Мен далаға көметін мина жасауды үйреніп алдым, сөйтіп олардың танкісін жармақшы болдым.
Фарид үшін шетелдіктер – кінәлі. Басқалар үшін пейіштің қызығы – басты себеп. Өз еркімен, я күшпен терроризмге бет бұрған мұндай балалар қандай себеп айтса да, олардың бәріне ортақ бір сипат бар. Бомбалы балалардың бәрі дерлік «шықпа, жаным, шықпа» деп, қайыршының күйін кешіп келгендер.