Агафья әжей біздің заманымызда емес, бағзы ғасырларда өмір сүріп жатқандай көрінеді. Ол тұратын жерге ең жақын деген ауылға жаяулатып екі аптада жетуге болады, ал темір кенішінің маңына қоныс тепкен 23 мың халқы бар Таштагол қалашығына дейінгі аралық – 160 километр.
1930-жылдары Сталин діни топтарды қудалай бастағанда староверлер ағымын ұстанатын Агафьяның отбасы Сібір тайгасының оңтүстік жағындағы адам аяғы баспаған елсіз мекенге қашып кеткен. Олар содан бері бүгінгі өркениет атаулыдан жырақта, мемлекеттен тыс ғұмыр кешкен. Агафья Лыкова осы шаңырақта 1945 жылы дүниеге келіпті.
Қасында қалған соңғы етжақын туысы – әкесі Карп Лыков қайтыс болғалы отыз жылға жуық уақыт өтсе де ол әлі күнге жапан далада жалғыз өмір сүріп жатыр.
Беті-қолы қап-қара болып мүйізденіп кеткен шүйкедей кемпір жерден жаңғақ жинап жүр. Ұстанатын діні оның сіріңке, дәрі-дәрмек сияқты штрих-коды бар заттарды тұтынуына тыйым салады.
СТАЛИН ӨЛГЕНІН КЕЙІН ЕСТІГЕН
Бұрыштары бүктеліп, мүжілген Библиясын оқып, құлшылық жасаған Агафья келген қонақтарын жылы шыраймен қарсы алды.
Өзі туралы кино түсіру үшін қазан айының басында тікұшақпен арнайы ұшып келген британдық режиссерлердің сұрағына ықыласпен жауап беріп отырған Агафья Лыкова арасында әуезді дауысымен ұзақ-сонар әңгіме айтып кетеді.
Сонау отызыншы жылдары әкелері көшіп келіп, ағаштарын отап, тазалаған Абакан өзенінің жарқабағындағы кішкентай жерге Агафья әжей картоп, сәбіз, шалқан, пияз және басқа жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін өсіріп, соны азық етіп, өмір сүреді.
Содан бергі ондаған жылдар бойы бұлар қоғамнан мүлде оқшау ғұмыр кешіп келген. Тек 1978 жылы геологиялық барлау жүргізіп, Саян тауының үстінен ұшып жүрген совет геологтары айдаладағы адамдарға кез болған.
Келген қонақтарды жылы қабылдаған Лыковтар отбасы Сталиннің қайтыс болғанын, қуғын-сүргіннің аяқталғанын, Совет одағының өнеркәсібі дамыған елге айналғанын, екінші дүниежүзілік соғыс болып, онда СССР-дің жеңіске жеткенін алғаш рет естіген.
Тайгада жалғыз тұратын Агафья Лыкова жайлы фотогалерея:
«ЕШҚАШАН ЖАЛҒЫЗСЫРАМАЙМЫН»
Бірақ, арада өткен бірнеше жыл ішінде бұл шаңырақтағы Агафьядан басқа адамдардың барлығы қайтыс болған.
Кино түсірушілермен бірге жүрген журналистің: «Сіз жалғызсырайсыз ба?» деген сұрағына ол «жоқ» деп кесіп жауап берді.
– Христиан адам ешқашан жалғызсырамайды. Әр христианның қасында қорғаушы періштесі, Христос және апостолдар болады. Менің Құдай бата берген иконам бар. Ешқашан жалғыз болмаймын, себебі Иса әрдайым қасымда, - деді Агафья Лыкова.
Он жетінші ғасырда орыс православ шіркеуінен жеке ағым болып бөлінген староверлер ұзақ жылдар бойы көрген қуғын салдарынан өзге қоғамнан оқшауланып қалған.
«Сыртқы дүниемен байланыс болмаған бұрынғы кезіңіз жақсы ма, әлде қазіргі кезіңіз бе?» деген сұраққа Агафья Лыкова: «Бұрын бізде тұз болмаған» деп тіпті қысқа жауап қатты.
«БАСКО» – «ЖАҚСЫ» ДЕГЕНДІ БІЛДІРЕДІ
Агафья әжей «бөтендердің» арасына барып, тұра алмасын біледі, бірақ сырттан келіп жатқан қонақтарды әрдайым қуана қарсы алады.
Көнерген сөздерді, діни терминдерді араластырып сөйлейтіндіктен, оның сөзін тіпті орысша жақсы білетін адамдар да түсіне бермейді. Мысалы, ол «киімді» («одежда») «лопатинха», «жақсыны» («хорошо») «баско», «теріні» («кожа») «имануха», «саңырауқұлақты» («грибы») «путики» дейді.
Агафья 17 жасында аспандағы жасанды жер серігін алғаш рет байқапты.
– Жаздыгүні түнде от жағып, далада аспанға, жұлдыздарға қарап отырғанмын. Арасында біреуі біртүрлі жылжып барады екен. «Мынау қызық екен, жұлдыздар бұлай жылжымайды ғой» деп ойладым. Кейіннен әлденелердің жарылғанын, әуеден бірдеңелердің құлағанын көрдік, - дейді ол.
Шалғайдағы Саян тауының етегіндегі Агафья әжейдің үйі тұрған жер Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан көкке самғайтын зымырандар ұшып өтер жолында жатыр, сондықтан бұл маңайда ғарыш зымыраны қалдықтары көп.
Ресейдің «Протон» зымыранының бөлшектері – ауа тартқышы мен желдеткіші Агафья Лыкованың үйіне жақын жерге, өзеннің жоғарғы сағасындағы құлаған ағаштың түбіріне шаншылып қалыпты.
Агафья әжейдің оңаша өміріне сыртқы дүниенің қайткенде араласатыны күмән тудырмайды. Бірақ ол «туып-өскен үйінен ешқайда кетпейтінін» айтады.
– Өзендегі балық ормандағының бәрін көреді, - деген Агафья Лыкова өзін сол орманның бір бөлігі сезінеді.
(Ник Нолдсуорттың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.)