Өткен эпизодта 1964 жылы Азаттық радиосын қаралаған пьеса жазылғанын айтқан едік. Қалтай Мұхамеджановтың "Жат елде" драмасында Құрбан есімді кейіпкер бар. Зерттеушілер Құрбанды Азаттық радиосы Түркістан редакциясын ұйымдастырған Қарыс Қанатбайдың прототипі деп біледі. Ал Асан есімді кейіпкер "Асан Қайғы" атымен танылған Азаттық радиосының қызметкері Мәулікеш Қайбалды болуы мүмкін. Олардың шығармада аталатын мамандықтары мен жас мөлшері де прототиптеріне сәйкес келеді.
"ШЕТТЕГІ ТУЫСТАРЫНЫҢ ЕСІНЕН КЕТКЕН ЖОҚ"
"Жат елде" пьесасының желісі ретінде 1950 жылдардың ортасында Мюнхендегі оқиға негізге алынғаны айтылады. Бұл драма совет дәстүрімен эмигранттарды біржақты күстаналауға құрылған. Өмірде олар кім болған, Азаттық радиосындағы қызметі қандай еді?
Азаттық радиосы 1987 жылы Қарыс Қанатбайдың қайтыс болғанына бес жыл толғанда мынандай хабар арнапты.
"1982 жылдың қараша айының 25-і күні Батыс Германияның Мюнхен қаласы маңындағы Фюрстенфельдбрук (Furstenfeldbruck) ауданында Қарыс Қанатбай қайтыс болған-ды. Оның жансыз денесі қараша айының 29-ы күні Мюнхен қаласындағы Вальдфридхоф (Waldfriedhof) деп аталатын қабірстандағы мұсылмандарға арналған орынға жерленді. Қарыс Қанатбайдың жерлену салтанатына Мюнхен маңында тұратын қазақтар мен қырғыздар, өзбектер мен татар және түрікпендер, сондай-ақ қарашайлар мен қарақалпақтар, және Түркиелі түріктері мен өзге де мұсылмандар қатысқан-ды. Сонымен қатар, Қарыс Қанатбайдың жерлену салтанатына неміс және орыс тұқымды көптеген кісілер де келген-ді. Қарыс Қанатбайдың жерленуі кезінде барлық мұсылмандарға тән діни дәстүр аяқталғаннан кейін, марқұм жайында қысқа сөз сөйлегендер де болған-ды".
Бұл – 1987 жылғы 22 қарашада Азаттық радиосы эфиріне берілген хабардың жазбаша нұсқасынан үзінді. Онда Қарыс Қанатбайдың жаназасында сөйлеген адамдардың арасында қарашай эмигранттарынан – Ибрагим Қараоғлы, татар-башқұрт эмигранттарынан – Аяз Хәкімоғлының аттары аталады. Осы хабарда Қарыс Қанатбайдың қабіріндегі гүл дестелерінің арасынан "өзіңнің қазақтарыңнан" деген жазуы бар шоқ гүлдің назар аудартқаны айтылады. Бұған қоса Түркелі комитетінің және Түркістандықтар комитетінің атынан да гүлдер қойылғаны суреттелген. Бұл ұйымдар әуелде шетелдегі Орталық Азия халықтары өкілдерінің большевизм идеясымен күресу мақсатында құрылғанымен, кейіннен эмиграциядағы адамдардың қоғамына айналды.
"Міне, содан бері бес жыл өтті. Бірақ Қарыс Қанатбай шеттегі туыстарының есінен кеткен жоқ. Ол бастаған, негізін салған істер де доғарылған жоқ. Оның дәл солай екендігіне Алматыда қазақ тілінде шығатын "Білім және еңбек" журналының жуырдағы соңғы санында басылған Николай Честяковтың мақаласында Батыс Германиядағы "Түркістанды Азат ету орталығының" істері ұласуда делініп шағымдалуы толық кепілдік етеді".
Хасен Оралтай әзірлеген бұл хабарда Қарыс Қанатбайдың Екінші дүниежүзілік соғысқа Совет армиясының артиллерия офицері ретінде қатысқаны айтылады. Кейін тұтқынға түсіп, сонда жүріп Мұстафа Шоқайдың көмегімен босап шығады. Лагерьден босап шыққан соң Берлинде құрылған Түркістан ұлттық комитетіне кіріп, кейін оның бас хатшысы қызметін атқарады. "Сол орында отырып, ол марқұм Мұстафа Шоқайдың ізімен соғыста тұтқын болған түркістандықтарға қамқоршы болу үшін арпалысады. Талай қатерлі күндерді басынан өткізеді" делінген осы хабарда. Бұл хабарда соғыстан кейін Қарыс Қанатбайдың тағы қиындыққа тап болып, қамауға алынғаны жайында да айтылады. Ол әуелде немістермен істес болғаны үшін айыпталады. Кейін Түркістан халқының ұлт-бостандық күресі үшін белсенділігі анықталған соң босатылады.
ҚҰЛПЫТАСҚА ЖАЗЫЛҒАН МАМАНДЫҚ
Қарыс Қанатбай кейінірек Түркелі ұлт-азаттық комитетін құрады. Ол Азаттық радиосын құруды үйлестірушілердің бірі болған. Өзі тікелей радиода қызмет атқармағанмен, осы аталған комитет арқылы Баймырза Хаит екеуі 1953 жылы құрылған Азаттықтың Түркістан редакциясын ұйымдастыруға ат салысады.
Азаттық радиосының 1990 жылғы 9 қарашадағы хабарында кейін неміс тарихшыларының Қарыс Қанатбайдың тағдырына қатысты жазған деректері де келтірілген. Онда 1942 жылы нацистік Германия тұтқынына түсіп, кейін "Ресейді азат ету қозғалысын" басқарған орыс генералы Андрей Власовты Қарыс Қанатбайдың неге жақтағаны талданады. Бұл туралы эпизодта толығырақ айтылады.
Қазақстанда Қарыс Қанатбайдың тікелей ұрпағы болмаса да, аталас туыстары тұрады. Олар – аталарының атын естігені болмаса, көзін көрмеген буын өкілдері. Соған қарамастан Совет одағының тыңшылық мекемелері өз әдетімен оларды үнемі бақылап отырған. Қазір Орал қаласында тұратын Серік Қанатбаев 1980-жылдары осы органның қысымымен Қарыс Қанатбайдың Батыс Германиядағы жанұясына арнап хат жазғанын, оны КГБ-нің өзі немісше аударып жолдағанын айтады. Бірақ кері жауап болмаса керек.
Кейін заман өзгерген соң Серік Қанатбаев туысы Қарыс Қанатбайдың Мюнхендегі зиратына елден топырақ алып барғанын, ал оның қабірінен алған топырақты туған жері Борсы ауылына әкелгенін айтады.
Азаттық радиосында бертінде қызмет атқарып, кейін осы радионың іс-тәжірибесі туралы оқулық жазған Досан Баймолда Қарыс Қанатбайдың соғысқа дейін кен инженері болғанын айтады. Бұл туралы Қалтай Мұхамеджановтың "Жат елде" пьесасында да аталған. Тіпті Қарыс Қанатбайдың Мюнхендегі зиратының құлпытасына да оның мамандығы жазылған.
"ТҮРКІСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚАЙРАТКЕРІ"
Досан Баймолда атаған адамдардың ішінде Мәулікеш Қайбалды – Азаттықтың Түркістан редакциясының алғашқы басшыларының бірі болған. Ол да соғыс тұтқыны. Азаттық радиосының 1995 жылы сәуір айындағы хабарларының бірінде Мәулікештің көзін көрген ақын, өзі де неміс тұтқынында болған Хамза Абдуллин Мәулікеш Қайбалдының Түркістан ұлттық комитетінде беделді адам болғанын айтады.
Хамза Абдулиннің сөзінше, Мәулікеш Қайбалды 21 жасында Ресейде университеттің тіл-әдебиет факультетін "үздік" бітірген соң Алматыдағы жоғару оқу орындарының бірінде орыс әдебиетінен сабақ берсе керек. Кейін соғыста тұтқынға түсіп, соңынан "Түркістан легионына" алынған кезінде 8 айлық аудармашылар курсын 2 айда бітірді дейді Хамза Абдуллин. Азаттық радиосының Мәулікеш Қайбалды туралы хабарына қарағанда, ол Германияда басқа да жоғару оқу орнын тәмамдағанға ұқсайды. Мәулікеш Қайбалды 1969 жылы қайтыс болған. Оның қазасына орай Азаттықтың Түркістан редакциясы мынандай хабар әзірлеген.
"Осы 23 мамыр, яғни өткен жұма күні Азаттық радиосының Түркістан басқармасы өзінің ең талантты эмиграциядағы түркістандықтар, Түркістан халқының ұлттық қайраткерінің бірінен айрылды. Эмиграцияда Түркістанның ұлттық азаттығы үшін күресуші Мәулікеш Қайбалдыұлы қайтыс болды. Мәулікеш Қайбалдыұлы эмиграцияда "Асан Қайғы" делінген атпен белгілі еді".
Бұл – 1969 жылғы 25 мамырда Азаттықтың Түркімен бөлімінің қызметкері Мұрат Ташмұрат әзірлеген хабардың қазақшаланған нұсқасынан алынған үзінді. Хабарда оның қысқаша өмірбаяны келтірілген.
"Абзал ағамыз Мәулікеш Қайбалдыұлы 1915 жылдың 20 маусымында Орал бойында дүниеге келген-ді. Ол 1931 жылы Солтүстік Қазақстанда орта мектепті бітіріп, Ленинградтағы университеттің орыс әдебиеті және тарихы факультетіне түсіп оқиды. 1936 жылы Ленинград университетін бітіреді. Бұдан кейін туған елі Қазақстанның астанасы Алматыға оралған Мәулікеш ағай бұл жерде СССР ғылымдар академиясының Қазақстандағы бөлімшесінде қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеумен шұғылданады. Бұл игілікті ісін 1941 жылға дейін ұластырады. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен Мәулікеш ағай әскерге алынады. Өз елін билеп-төстеуші зомбылық жүйенің мүддесі үшін емес, туған халқының ұлт-азаттығы үшін күресуді мұрат етеді. Түркістан халқын отарлаушы советтік қызыл қосындардың қатарында күресуді тілемей, өз еркімен неміс қосындары жағына өтеді. Сонымен Мәулікеш ағай 1942 жылдың аяғында Берлиндегі Түркістан Ұлттық Азаттық комитетінде өзінің ұлы арманы – Түркістан халқының ұлттық азаттығы үшін күреседі. Мәулікеш ағай 1943 жылдан 1946 жылға дейін Батыс Германияның Хейделберг қаласындағы және Франкфурттағы университеттерінде фәлсафа факультетінде оқиды. Сол кезде Мәулікеш ағай немістің көрнекі классиктерінен Гетенің және Шиллердің кей еңбектерін қазақшаға аударды".
Мәулікеш Қайбалды әйгілі "Қырық өтірік" ертегісін де неміс тіліне аударса керек. Оның неміс тілінде "Жұмақтан жеткен жансауға" деп аталатын роман жазғаны туралы дерек бар. Азаттық радиосы қазақ бөлімін басқарған Жәкебай Бапыш Мәулікеш соғыстан бұрын Жамбыл Жабаевтың хатшыларының бірі болса керек деп топшылайды.
АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ
Азаттық радиосы Түркістан редакциясы қазақ бөлімін кейін "Уәли Зүннүн" атымен басқарған Абдолла Төлегеннің Берлиндегі Түркістан комитетінде журналист болып қызмет атқарғаны айтылады. Жәкебай Бапыштың сөзінше, Азаттық радиосының қазақ бөлімінде басшылық еткен Дәулеткерей Тағыберлі де соғыс кезінде тұтқынға түсіп, кейін босағанда түркістандықтардың ұйымдарында қызмет атқарған.
Дәулет Тағыберлі басқарған кезде Азаттықтың қазақ тілінде хабар тарататын бөлімі "Түркістан-3" редакциясы аталып, жеке бөлініп шығады.
Ал Жәкебай Бапыш кім еді? Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшілерінің бірі болған Саясат Бейісбай 1990-жылдардың басында Мюнхенге тәжірибеден өтуге барғанда, бұрын радиода "Абдолла Дүсіпов" атымен қызмет атқарған Сұлтанқабыл Жүсіпов пен Жәкебай Бапышты көргенін айтады. Сұлтанқабыл Жүсіпов туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының өткен аптадағы эпизодында айтқанбыз.
Саясат Бейісбай соғыстан кейін Германияда қалған Жәкебай Бапыштың қатты ауырғанын айтады. Екі жыл емделген соң барып, денсаулығы түзелген ол Нюрнбергтегі радиотехника мектебін бітіріп, кейін Азаттық радиосында жұмыс істейді. Кейінірек Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің басшысы болады. Саясат Бейісбай Жәкебай Бапыштың Қызылорда облысы Қармақшы ауданында туып-өскенін айтады. Ол пединституттың 2-курсында оқып жүргенде соғысқа алынып, тұтқынға түскен.
Азаттық радиосының қазақ бөлімін Жәкебай Бапыштан кейін басқарған, биыл 90 жылдығы аталып өткен Хасен Оралтай туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасының 2023 жылғы 6 мамырдағы эпизодында арнайы тоқталғанбыз. Ол – 1960-жылдардың аяғында Азаттық радиосы қызметкерлерінің қатарына қосылған жаңа толқын өкілі.
Кейін 1970-1980 жылдары радиоға Түркиядағы, Еуропадағы диаспора өкілдері тартыла бастады.
Әбдіқайым Бірғазыұлы, Талғат Қосжігіт, Мұқабай Енгін, Өмірхан Алтын, Әлихан Жаналтай, Ісмет Бичер, Нұркамал Пынар, Әбдіуақап Қара, Гүлхан Ғайретолла сынды шеттегі қазақтармен қатар сирек те болса осы радиода жұмыс істеді делінген Еркін Алыптегін, Саттар Чобанның аттары да аталады.
"ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН ШЫҚҚАН ДАРА ДИССИДЕНТ"
Қазақстан тәуелсіздік алар қарсаңда радионың Қазақстандағы алғашқы тілшілері Қиял Сабдалин мен Саясат Бейісбай, кейінірек Батырхан Дәрімбет Алматыдан жұмыс істей бастайды. 1993 жылы Азаттықтың Алматыдағы бюросы ашылды.
Азаттық радиосының орталық кеңсесі 1995 жылы Германияның Мюнхен қаласынан Чехияның Прага қаласына көшкеннен бастап, эмиграция және диаспора өкілдерінің орнын тағы бір жаңа толқын, қазақстандықтар басады.
Ал 1970-жылдардың аяғында Совет одағынан Батыс Еуропаға бассауғалап барғаннан кейін көп жыл Азаттық радиосында қызмет атқарған Махмет Құлмағамбетті мамандығы тарихшы Әбдіуақап Қара "Орталық Азиядан шыққан дара диссидент" деп бағалайды. 1930 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданында дүниеге келген Құлмағамбет 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітірген соң Түркіменстандағы Чарджоу педагогика институтында, кейін Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласының жоғары оқу орындарында маркстік-лениндік философиядан сабақ берген. 1958 жылдан бастап Алматыдағы философия және құқық институтында істеген.
Жұмыс істей жүріп маркстік-лениндік идеологияны сынағаны үшін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) қудалауымен қызметінен шеттетілген. 1963 жылы "антисоветтік үгіт-насихат" жүргізген деп айыпталып, сот үкімімен жеті жыл қатаң тәртіптегі лагерьде жазасын өтеуге және оны өтегеннен кейін үш жылға жер аударылуға кесілген. Өмірінің 10 жылын советтік лагерьлерде, бұрынғы ГУЛАГ-та өткерген Құлмағамбет 1979 жылы Австрияға көшуге рұқсат алған. 1980-1995 жылдар аралығында Азаттық радиосының Мюнхендегі орталық редакциясында жұмыс істеді. Советтік баспасөзде оны "қой терісін жамылған қасқыр" "радиодиверсант" деп айыптайтын мақалалар жарияланған.
1991 жылы Қазақ ССР Жоғарғы сотының шешімімен ақталған диссидент Махмет Құлмағамбет 2008 жылы Германияның Мюнхен қаласында өмірден өтті. Ал тәуелсіздігін жариялағанына отыз жылдан асқан Қазақстан билігі қиын-қыстау заманда тағдыры тәлкекке түсіп, эмиграцияда өмір кешуге мәжбүр болсада да туған елімен рухани байланысын үзбеген қайраткерлерді қашан толық ақтайтыны белгісіз.
74 ЖЫЛДЫҚ СОВЕТ РЕЖИМІНЕН СОҢ
Қазір Қазақстан қоғамында Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, Еуропада қалып, шетте жерленген адамдардың сүйегін елге жеткізіп, бір қорымға қайта жерлеу туралы ұсыныс-пікірлер айтылып жүр. "Әділет" тарихи-ағарту қоғамының басшысы, "Жаңалық" саяси қуғын-сүргін музейінің аға ғылыми қызметкері Ғарифолла Әнес бұл туралы былай дейді:
– Шетте қалған адамдардың сүйегін, ең болмағанда топырағын алып келейік деген мәселені айтып жүрміз. Бірте-бірте әкелеміз деп отырмыз. Қарыс Қанатбайдың Оралда тұратын туысы Серік Қанатбаев "бұған қарсылығым жоқ" арызын жазып берді. Бұл – үлкен процедура. Мюнхенде алты адам қалса керек. Біз "Жат жерде жерленген қазақтар" деген кітап шығарып жатырмыз. Сонда олардың көбі қамтылған, – дейді ол.
Азаттық радиосының қызметкері Өмірхан Алтын 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздік алғанын эфирден жариялап, алғашқы құттықтау лебізін білдірген. Ал Қазақстанның тәуелсіздік алуы Совет одағы біржола ыдырағанының дәлелі еді. Большевиктер жазалау және репрессия жолымен құрған саяси режимнің дәурені 74 жылдан соң осылай аяқталды. Бірақ одақ құрамынан шыққан елдерде орнаған авторитар билік жүйесі совет кезінде қалыптасқан саяси тәсілді әлі де ұмыттырмай келеді...
"Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасының алдағы эпизодына Азаттық радиосы қазақ бөлімінің бұрынғы директорымен сұхбат ұсынылады.
Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға және жүктеп алуға болады.
ПІКІРЛЕР