Азаттық радиосында ұзақ жыл қызмет атқарған Хасен Оралтайдың туғанына биыл – 90 жыл. Қазақ диаспорасының көрнекті өкілі ретінде танымал ол ең алдымен осы радионың қарапайым қызметкері болатын. Бұл туралы Хасен Оралтайдың қанаттас-әріптесі мен шәкірт-әріптесі ой бөліседі.
Эмиграциядағы қазақ қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысты зерттеуші, журналист, жазушы, халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Хасен Оралтай 1933 жылы Шығыс Түркістандағы Алтай аймағында дүниеге келген. Туған күні арнайы датамен белгіленбеген дәуірдің перзенті. 1946 жылы әкесі Қалибек Хәкім бастаған қауым Гоминьдан билігіне бағынбай, Гималай асып көшеді.
Бертінгі сұхбаттарының бірінде Хасен Оралтай осы кезден бастап тыныштықтан айырылғанын айтады. 1951-1954 жылдары Кашмир өлкесіне аялдаған бұл көш 1954 жылы Түркияға келіп тоқтайды.
Сондағы Салихли қаласына орныққаннан кейін Хасен Оралтай қоғамдық істерге, саяси қозғалыстар жұмысына араласа бастайды. 1968 жылы Азаттық радиосына қызметке алынған ол 1995 жылы зейнетке шыққанға дейін жұмыс істейді. Оның соңғы жеті жылында Хасен Оралтай Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің басшысы болған.
Ол 2010 жылы 14 сәуірде науқастанып қайтыс болды.
Хасен Оралтайдан кейін Азаттық радиосының директоры болған Чарльз Карлсон қазір Бішкекте Орталық Азиядағы Америка университетінде сабақ береді. Ал Хасен Оралтай радио директоры болған кездері (1988-1995) Азаттық радиосында қызмет атқарған Әбдіуақап Қара – қазір Түркияның Мимар Синан университетінің оқытушысы. Екеуі – екі толқын өкілі. Азаттық радиосының қарапайым қызметкері, кейін басшылықтағы Хасен Оралтай туралы олардың өз айтары бар.
ЧАРЛЬЗ КАРЛСОН: ӘЛІ ДЕ РУХЫ БІЗБЕН ЖҮРГЕН ШЫҒАР...
– 1979 жылы Азаттық радиосына жаңа келгенімде бірінші көрген кісім Хасен Оралтай болды. Аз уақыт ішінде жақын араласып кеттік. Кейін Қазақ қызметінің басшысы ретінде ерекше құрметтей бастадым. Бірге жұмыс істегеннен бөлек, жақсы дос болдық. Ол маған қазақ тілін меңгеруге көмектесті. Хасен сөздік жазып жүретін. Сол еңбегі жарияланды ма, жоқ па, білмеймін. Менде сол қолжазба сөздіктің көшірмесі бар.
Сөйтіп, Хасенмен достығымыз нығая берді. Кейін Хасен Азаттықтың Қазақ қызметінің директоры болды. Ол тапқыр, ақылды адам еді. Редакцияның қызметі мен болашағына қатты алаңдайтын. Азаттықтың Қазақстанда хабар таратуына қарсы адамдарды ойлап, күйінетін. Алматыға бірге барып, сапарлас болып жүрдік.
Алматыда Азаттыққа жаңа қызметкерлер іздеген күндер есімде. Сапарлардың бірінде Азаттықтың Алматы бюросын ашу мәселесімен айналыстық. Алматыдағы кездесулерде Хасен Оралтай аудармашымыз болды. Тез сөйлеп, шапшаң аударып отыратын. Сапарымыздың табысты өтуіне көп күш салды. Мені көп адаммен таныстырды.
Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігі Хасен Оралтайды жақсы танитын. Сонда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаевтың да бізге көп септігі тиді. Ол радионы көпшілікке таныстыруға мүмкіндік жасады. Арасында Қазақстанның біраз жерін араладық. Хасен елін маған осылай аралатып көрсетті.
Кейін де талай іссапарға бірге шықтық. Барған жерде халықпен кездесеміз. Бәрінің назары Хасенде болатын. Жұрт Хасеннің аузын бағып, көргеніне мәз. Хасен Оралтайдың қолын алып, көрісу үшін қонақүйге іздеп келетіндер көп болушы еді. Бірде Алматыда біз тоқтаған қонақүйге тұтас делегация болып, көп адам келгені бар. Үлкен адамдар, ақсақалдар...
Хасен Қазақстанға барған сайын құрметке бөленіп қайтатын. Ол кісімен бірге жұмыс істеудің өзі бір ғанибет еді. Сонысына қарамай, Хасен Оралтай өте қарапайым адам еді. Батыста жүріп, өз елінің мәдениетін қолдайтын көшбасшы болды.
Хасен Оралтай Азаттықты басқарған кезінде өзін өте жақсы менеджер ретінде танытты. Ұжымның бірлігін нығайтты. Ол қазақ халқына Азаттық радиосының идеясын, құндылығын жеткізуге тырысты. Хасен радио қызметі мен техникасын жақсартуға шама-шарқынша үлес қосты.
Азаттықтың қызметіне кедергі келтіргендер де, оның директор болғанын көре алмағандар да болды. Олар жаңа басшыны аяқтан шалуға тырысты. Бірақ Хасен еш мойымады, жұмысқа жаңа адамдар алды. Өзі де тамаша адам еді. Көшбасшылық қасиеті көзге ұрып тұратын. Адамдарды соңынан ерте алатын.
Хасен Оралтайдың отбасына көзқарасы да ерекше болды. Отбасын қатты бағалайтын. Қызы, жақындары өмірінің маңызды бөлігі болатын. Отбасы мүшелерін бірнеше рет радиоға әкеліп, әріптестерімен таныстырған. Кейін қызы Нұркамал Пынар Азаттықтың Қазақ қызметіне жұмысқа тұрды, бізбен бірге істеді.
Хасен қашан көрсең, бір тыным таппайтын. Редакторлар жиынында барлық нәрседен хабардар болып отыратынын байқайтынмын. Сондайда күнделікті шығатын хабарларды талқылаймыз, қызметкерлерді жұмыс жоспарымен таныстырады. Ал Қазақстандағы әріптестерімізге ерекше қолдау көрсететін.
Хасен жақсы әріптес болды. Оны радиодағылардың бәрі сағынады. Көшбасшылық қасиеттері есімізден кетпейді. Әкеміз сияқты қамқор адам еді. Ғарип Сұлтан (Азаттықтың Татар-башқұрт қызметін құрған, татар диаспорасы көрнекті өкілдерінің бірі) екеуі тамаша басшы болды. Өз елдерінің мәдени символы сияқты еді.
Хасеннің жанын жабырқатқан бірнеше оқиға болғаны есімде. Соның бірі мынау: 1986 жылы СССР Компартиясының бірінші хатшысы Михаил Горбачев Қазақстанға Геннадий Колбин деген адамды басшы етіп жіберіп, оның соңы Желтоқсан оқиғасына ұласқан. Өте ауыр оқиға еді. Біз сол туралы көп хабар тараттық. Хасен қатты уайымдады. Ол нағыз патриот еді. Елінің шын жанашыры болды. Бүкіл болмысынан қазақылық көрініп тұратын.
Кейін аптасына бір рет кездесетін болдық. Хасен зейнетке шықты. Мюнхенде аптасына бір кездесіп, радиодағы жаңалықтарды талқылап тұратынбыз. Зейнетке шығып кетсе де, радиоға жаны ашып, қолдап жүретін.
Хасен Оралтай өзінен кейін қызметке келген адамдардың бәрін қолдады. Ұжымның құрамында болмаса да, радионың жұмысы жақсы жүрсін деп барын салды. Зейнетке шығып кеткеннен кейін де бүкіл жан-тәнімен, ойымен радиомен бірге болды. Әлі де рухы бізбен бірге жүрген шығар...
Айтуды ұмытып барады екенмін, Совет Одағы тараған кезде Азаттық қиын жағдайда қалды. Бұл радионың ендігі қажеті жоқ дегендер болды. Сондайда радионың жұмысын жалғастыру үшін Азаттық радиосы редакцияларын 1995 жылы Мюнхеннен Прагаға көшіруге тура келді. Бұл Кевин Клаустың (сол кезде Азат Еуропа және Азаттық радиосының басшысы – ред.) идеясы еді. Ол радионы Прагаға көшіріп, жұмысын сақтап қалайық деді.
Бұл дұрыс шешім болды. Прагада радионың қызметі жаңа қарқынмен дамыды. Хасен Оралтай сонда Азаттықтың Қазақ қызметін Прагаға көшірген соң да бір жылдай басқарып, зейнетке шықты.
Ол кеткеннен кейін бірнеше жыл радионың Қазақ, Қырғыз, Өзбек қызметтеріне мен директор болдым. Хасен сондайда мені қолдап отыратын.
Хасен қайтыс болғаннан кейін осы жақсылықтарын жиі еске алып тұратынбыз. Оған арнап мемориал да орнаттық. Азаттық радиосында оның аты ешқашан да ұмытылмайды.
ӘБДІУАҚАП ҚАРА: БАСШЫЛАРДЫ КӨНДІРІП, ӨЗ ДЕГЕНІН ҚОРҒАП ШЫҒАТЫН
Мен Хасен Оралтай ағамызбен жеті жыл бірге жұмыс істедім. Осы аралықта ол кісінің еңбекқорлығына тәнті болдым. Күндіз-түні тынбай еңбектенетін еді. Энергиясы да таусылмайтын. Қашан көрсең, шапқылап жүреді. Қолы қалт ете қалса, кітап, газет-журнал оқып отырады.
Мен алғаш барғанда көргенім мынау еді: Азаттық радиосында әркімнің өз редакторы болады екен. Мәселен, Өмірхан Алтынның редакторы Мұқабай аға Енгін болды. Менің редакторым Хасен Оралтай ағаның өзі болды. Жарықтық мен жазған мәтіндегі қатені көп түзететін. Сондайда мені қасына қатты жақындатпай, алыстан ашулы жүзбен қарап қоятыны есімде. Сонда ол менің мәтіндерімді аямай қызылмен сызып, түзеп беретін. Соның бәрі маған сабақ болды. Ол кісі мені осы арқылы жазуға шыңдады. Сол үшін мен ол кісіні қатты құрметтеймін.
Жақсы қасиеті көп еді. Соның бәрін әлі күнге жоғары бағалаймын. Себебі ол кісі Құдай берген талантын, Құдай берген қазақы рухын қолдан келгенше қазақ халқына пайдаланды. Азаттық радиосына көп еңбек сіңірді. Бір айта кетерлігі – редакцияда ұлттық тақырыптардың эфирге көбірек берілуіне Хасен Оралтай жанын салды деп ойлаймын.
Таңғалатыным – Хасен Оралтай ағамыз жүйелі түрде жоғары білім алмаған, университет бітірмесе де, беделі жоғары болды. Өзіне Құдай берген таланты және қазақи ортаның әсері болар, осындай ел білетіндей биік деңгейге жетті.
Бұл жерде мынаны айта кеткен ләзім: Гималай асқан біздің көштің бір ерекшелігі – жетекшілері жүйелі түрде жұмыс істеген. Соның арқасында біздің арамызда ауылдық өмір салты сақталып қалды. Осы орта Хасен Оралтай ағаның жазушылығына да әсер еткен болар деп ойлаймын. Егер сол қазақтар бытырап, әрқайсысы басы ауған елге кететін болса, Хасен Оралтай жазғандай сүбелі еңбектер туындамас еді. Бұған да бір рух керек. Хасен Оралтай ағамыз Азаттық радиосында осындай рухпен, жігермен жұмыс істеді.
Ол кісінің бір сөзі маған ұнайтын: "Сендер қазақтың тарихы, мәдениеті туралы білгендеріңді жазыңдар. Қағазға түсіріңдер, мақала жазыңдар. Жазған дүние қалады, жазбаған дүние ұшады" деп отыратын. Жазуға мән беріп, біз сияқты жастарға түріктің журналдарына қазақты танытатын мақалалар жазуға үндейтін. "Кітап жазыңдар" деп отыратын. Өзі бастап соған үлгі болды.
Ол кісінің тағы бір қасиеті – қазақтың тарихы мен мәдениетін зерттеймін деген адамның бәріне көмегін аямай, жанашырлық танытатын. Мәселен, сондай шетелдіктер келгенде, оларға тиісті материал, мақалаларды өзі тауып беретін. Немесе қазақша білмейтіндерге қазақшадан аударып жататын.
Бір кезде Түркияда тіл білімі институтын басқарған, Анкарадағы атақты ғалымдардың бірі Ахмет Бижан Әржіласун қазақ зиялылары және Алаш туралы алғаш Хасен Оралтай еңбектерінен білдім дейді. Кейін ол кісі өзінің шәкірттерінің біріне Мағжан Жұмабаев шығармалары туралы докторлық диссертация тақырыбын ұсынып, зерттеуіне ұйытқы болған. Бұл Хасен Оралтай еңбектерінің Түркия ғалымдары мен зиялы қауымы арасында әсер, ықпалы қандай болғанын көрсетеді.
Хасен Оралтай ағамыз – біздің бақытымыз, олжамыз. Түркия қазағының мәдениеті туралы алғаш кітап жазған Хасен ағамыз еді. Одан өзге Түркия қазақтарынан шыққан Халифа Алтай, Қызырбек Хайратолла, Мұқабай Енгін тәрізді тұлғалар – бәрі бір қатардан орын алады.
1986 жылғы Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы Хасен Оралтайға қатты әсер еткен жағдайлардың бірі болды. Өзінен естігенім – ол сол кезде Желтоқсан оқиғасы туралы барлық мәліметті іріктеп, екшеп, жеке файлға, папкаларға жинақтап, әлемдегі белгілі ғалымдар мен орталықтарға жібергенін айтып отыратын. Сондағысы осындай сорақы оқиғадан әлем неғұрлым көбірек хабардар болып, ақиқаттың ашылуына сеп болу еді.
Хасен Оралтай ағамыз талмай еңбектенетін. Редакцияның өз ішіндегі жұмысы шамамен былай өрбитін. Алдымен, ерте келіп, материалдар мен тақырыптарды зерттеп, пысықтайды. Одан кейін редакторлардың таңғы жиналысы болады. Содан шығып келіп, бәрімізге тақырыптарды үлестіріп отыратын.
Ол жұмыстарды өте байыпты, мұқият жүргізетін. Тақырыптардың ішінде қазақтың тарихына, мәдениетіне және діни тақырыптарға баса мән беретін. Алаш тақырыбы, Мұстафа Шоқай, Шығыс Түркістандағы қазақтар тарихы, Оспан батыр туралы реті келген сайын беріп отыратын. Және жұма сайын эфирге Халифа Алтайдың құтпасы берілетін, басқа да діни тақырыптар қозғалатын.
Алашорда, Ашаршылық пен ұлттық тарих та сол кезде өз отанында айтылмайтын заман еді ғой. Бұл жерде айтпағым – Хасекең қазақтың ұлттық, діни тақырыптарына айрықша мән беретін. Қандай тақырыптар болса да, Хасен аға өзінен жоғары басшыларын көндіріп, өз дегенін қорғап шығатын.
Кейде Хасен ағамыз жазда демалысқа кеткенде тақырыптарымыз сәл солғындап қалатынын байқайтынмын. Оның орнында қалған уәкіл басшылар кезінде, мәселен, діни тақырыптар азайып кететін. Демек, бұл мәселеде Хасекеңнің рөлі зор екен ғой деп тұжырым жасап қоятынмын.
ПІКІРЛЕР