Accessibility links

Алаш идеяларын насихаттаушы көрнекті тұлға Хасен Оралтай өмірден өтті


1988-1995 жылдары Азаттық радиосы қазақ редакциясының директоры болған Хасен Оралтай.
1988-1995 жылдары Азаттық радиосы қазақ редакциясының директоры болған Хасен Оралтай.

Сәуірдің 14-і күні Мюнхендегі үйінде журналист-зерттеушi, халықаралық “Алаш” сыйлығының иегерi Хасен Оралтай 77 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Хасен Оралтай 1988-1995 жылдары Азаттық радиосының қазақ бөліміне басшылық еткен болатын.

Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында дүниеге келген Хасен Оралтай - 20-ғасырдың орта шенінде еркіндікке жетуді армандаған қазақтың үлкен тобын Шығыс Түркістаннан алып шығып, небір «тар жол тайғақ кешу» арқылы Батысқа бастаған халық батыры Қалибек Хакімнің ұлы.

Кейін Хасен Оралтай әкесінің Шығыс Түркістандағы қазақтарды қытай коммунистерінің қысымынан құтқарудағы қиындықтары мен еркіндік жолындағы күресі жайлы өмір шежіресін «Елім-айлап өткен өмір» деген кітабында баяндаған.

Азаттық радиосы арысынан айрылған Хадиже ханымға қазаның арты қайырлы болсын деп көңіл айтып, хабарласқан болатын.

"Қазан айының 15-інен бері қатерлі ісік дертімен ауырып жатып қалды. Германиялық дәрігерлер оның денсаулығын әбден зерттеді, жақсы болады деген еді. Бірақ рак ауруы миына, жүрегіне дейін әсер етіп, жағдайы нашарлап кетті" деп күрсіне әңгімеледі Хадиже Оралтай.

Хасен Оралтайдың Түркияда тұратын немере қарындасы, халықаралық саясат ғылымының докторы Мәриям Хакім марқұмның өмірлік жолындағы ұстанымы жайлы былай дейді:

"Хасен Оралтайдың өмірі “елім” деп еңіреген едігелер тарихын жазумен өтті. Ағамыз 20-ғасырда Шығыс Түркістан аталатын қазақ жерінде ел үшін, жер үшін, қазақ үшін жүргізілген арпалыс пен қазақтың еркіндікке деген талпынысының нәтижесінде шет елдерге, Батысқа босып барған қазақтардың өмір шежіресін жазған-ды. Хасен Оралтай ғұмырын алты Алаштың ұлтшыл зиялыларының тарихы мен Қазақстанның бүкіл көкейтескен маңызды мәселелерін жазып жариялауға арнады".

Хасен Оралтайдың жазушылық, өз білгенінше тарихшылық рөлі алдымен Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық күресін қолына қалам алып, алғашқылардың бірі болып жариялаудан басталды. Осыдан жарты ғасыр бұрын (1961) алғашқы кітабы “Еркіндік жолында: Шығыс Түркістан қазақ түріктері” еңбегі Түркияның Ізмір қаласында баспадан шықты. Өмірінің соңғы кезеңіне дейін өзі жазған, я ұйымдастырған еңбектердің барлығының көздеген мақсаты - қазаққа пайдалы, қазаққа қатысты, қазақтың өткені мен келешегі үшін өзекті мәселелерге арналды».

1954-1967 жылдары Түркияда тұрған Хасен Оралтай ұлт-азаттық жолында күрескен алаш азаматтарының үлгісімен газет, журнал, кiтап шығарумен айналысты. 1968 жылдан Мюнхендегі Азаттық радиосына қызметке келген Хасен Оралтай 1988 жылдан бастап 1995 жылға дейін Азаттықтың қазақ бөлімін басқарған.

1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының советтік жүйеге қарсы наразылығы туралы күллі әлемге Азаттық радиосы алғашқы болып хабарлаған еді. Кейін Хасен Оралтай қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі жайында Батыс баспасөзінде жарық көрген түрлі мақала, деректерді жинақтап кітап етіп басып шығара отырып, сол еңбекте советтік Қазақстандағы алғашқы толқу турасында өзіндік баға да берген болатын.

Хасен Оралтай Азаттыққа қызмет еткен 27 жылда советтік бұғаудағы қазақтың өзекті мәселелерін ұдайы көтерумен болды. Қазақстан халқына еркін де, бейтарап ақпарат жеткізуге тырысты.

Бұл туралы Мәриям Хакім:

"Қазақ үшін бойын кернеген ой-пікірін жеріне жеткізе айтып, сөзі жеткенше қалам сермеп, тарихта қалдыруға тырысқан жан еді. Азаттық радиосында жұмыс істеген кезден бұрын да, кейін де, қарлығаш қанатымен су сепкендей болса да, қазақтың өзекті мәселелерінің жаршысы мен жыршысы жұмысын атқаруға талпынды. Ол ұлт мәселелеріне қатысты өз ұстаным-сенімдерін ашық танытқанда шен алуды, пайда табуды көздемеген еді" дейді.

Хасен Оралтайдың бүкіл ғұмыры атажұртынан тыста өтті. Туыстары мен достары "ол жүрегі әрдайым «қазақ» деп соққан, әрбір сөзіне «қазақ аман болсын» деген тілегін қосып отыратын қазақ ұлтының шын жанашыры еді" деп еске алады.

Хасен Оралтай 2007 жылы Қазақстан Журналистика академиясының БАҚ саласындағы жалпыұлттық «Алтын самұрық» мәртебелі сыйлығымен марапатталды.

Алаш идеяларын насихаттаумен өткен Хасен Оралтайдың тұтас ғұмыры әкесінің басынан кешкен қанды күндердің жалғасындай болды деп ойлайды Азаттық радиосына пікірін білдірген Еуразия халықаралық жазушылар одағының мүшесі, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының орынбасары Жәди Шәкен. Ол:

"Хасен Оралтай 2008 жылы Еуропа қазақтары көші тарихының көсемдерінің бірі, Алаш ардақтысы Қалибек Хакімнің 100 жылдық мерейтойының Алматыда аталуына да көп еңбек сіңірді. Әрі осы Халықаралық конференция негізінде 2009 жылы «Білім» баспасынан «Қалибек Хакім туралы естеліктер» атты кітап шығаруға ат салысты. Алаш рухын асқақтатушылардың соңғы тұяқтарының бірі болған Хасен Оралтайдың тұтас өмірі әкесінің басынан өткен қанды күндердің жалғасындай елім деп еңіреп өтті" деді Азаттық радиосына.
XS
SM
MD
LG