Accessibility links

Тбилисидегі арнайы операцияда төрт адам қаза тапқан


Қарулы топқа қарсы операция өтіп жатқан жердегі арнайы жасақ сарбаздары. Тбилиси, 22 қараша 2017 жыл.
Қарулы топқа қарсы операция өтіп жатқан жердегі арнайы жасақ сарбаздары. Тбилиси, 22 қараша 2017 жыл.

Грузия астанасында сәрсенбіде "террорлық топқа" қарсы қауіпсіздік күштері жүргізген операция барысында арнайы жасақ қызметкері мен үш күдікті қаза тауып, бірнеше адам жараланған.

Грузия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қарашаның 22-і күні Тбилисидің Исани ауданында болған террорға қарсы арнайы операция аяқталғаны туралы хабарлады. Сол күні таңертең басталған операция 20 сағатқа жуық уақытқа созылған.

Қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, күдікті топтың үш мүшесі қаза тауып, біреуі бұған дейін тұтқындалған.

"Алдын ала ақпарат бойынша, олар Грузия азаматы емес және бұлар террорлық топ мүшелері. Олар соңғы бірнеше апта бойы бақылауда болды. Қазіргі уақытта кімдер екені анықталып жатыр. Ықтимал қылмыстық байланыстарын анықтау үшін Грузияда және елден тыс жерде шаралар жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады сәрсенбіде қауіпсіздік қызметінің өкілі.

Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили бұл оқиғаға байланысты комментарий берді.

"Арнайы операция тым ұзаққа созылды деген қаңқу сөзге жауап берсем деймін. Әрине, басқадай әрекет жасауға да болатын шығар, бірақ басты мақсат – бейбіт тұрғындарды қорғау еді, және біздің арнайы мақсаттағы топтың қызметкерлері оны қамтамасыз ете алды", - деген ол.

Оның сөзінше, терроршылар деген күдікке ілінгендердің қай елдің азаматтары екені маңызды емес. "Анық нәрсе: бейбіт түрде беріліңдер деген талапқа олар оқ атып жауап қатты, бұдан соң арнайы топ толық заңды әрекет жасады", - деді премьер-министр.

Тбилисидегі арнайы операция туралы видео:

Қарашаның 22-і күні Тбилисидің орталығындағы қасиетті Гавриил көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің пәтеріне бекінген күдіктілерге қарсы Грузия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Ішкі істер министрлігі күштерінің жасағы арнайы операция жүргізген.

Арнайы қызмет өкілдері мен оқиға куәгерлерінің айтуынша, қарашаның 22-і күні таңертең билік өкілдері күдіктілерге қаруларын тапсырып, өз еріктерімен берілуді ұсынған. Талапқа бағынбаған қарулы топ оқ атқан. Кейін күдіктілер бекінген пәтер орналасқан үйде жарылыс болған.

Арнайы қызмет өкілдері пәтерде барлығы қанша қарулы адам болғаны туралы хабарламады. Оқиға болған үйге таяу жерде тұратын адамдар күдіктілердің санына қатысты әртүрлі дерек келтіреді: біреулер олар екі-үш адам ғана болған десе, өзгелері кемінде он адамы бар қарулы топ болды дейді. Сонымен бірге тұрғындар күдіктілердің автомат қаруы мен гранаттары болғанын айтады.

Қарулы топқа қарсы арнайы операция өтіп жатқан жердегі әскери техника мен қауіпсіздік күштері өкілдері. Тбилиси, 22 қараша 2017 жыл.
Қарулы топқа қарсы арнайы операция өтіп жатқан жердегі әскери техника мен қауіпсіздік күштері өкілдері. Тбилиси, 22 қараша 2017 жыл.

Күдіктілер бекінген үйді төрт беренді әскери техникамен қоршауға алған арнайы жасақ 20 сағатқа жуық уақыттың ішінде кемінде үш рет шабуыл жасаған. Пәтер ішіндегілер оларға оқ жаудырып, гранаталар лақтырған. Операция барысында қауіпсіздік күштерінің бір қызметкері қаза тауып, төртеуі жараланған.

Күдікті топқа қарсы операция жүргізілген тұрғын үй кешенінен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірген. Сәрсенбінің кешінде арнайы мәлімдеме жасаған Тбилиси мэрі Каха Каладзе арнайы операция барысында мекен-жайы бүлінген тұрғындарға уақытша баспана ұсынылатыны туралы хабарлаған.

Қарулы топ бекінген көпқабатты үйдің сыртқы көрінісі. Тбилиси, 22 қараша 2017 жыл.
Қарулы топ бекінген көпқабатты үйдің сыртқы көрінісі. Тбилиси, 22 қараша 2017 жыл.

Билік орындарының хабарлауынша, қарулы топ бекінген пәтердің иесі – Грузияның Панкиси аймағының тумасы этникалық кистин, қазір Еуропада жүрген ол пәтерін әлдекімдерге жалға берген.

Грузияның шығысындағы Панкиси аймағында негізінен этникалық кистиндер тұрады. Грузияның ең кедей аймағы болып саналатын бұл өңірден шыққан бірнеше ондаған адам Сирия мен Ирактағы соғысқа радикалды исламшылдар жағында қатысқаны белгілі. Мәселен, "Ислам мемлекеті" эктремистік тобы әскери басшыларының бірі болған Әбу Омар әл-Шишани (Тархан Батирашвили) осы аймақтың тумасы.

XS
SM
MD
LG