Accessibility links

"Билік арсыз болса, халық көтеріледі"


Cерж Саргсян отставкаға кеткеннен кейінгі Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.
Cерж Саргсян отставкаға кеткеннен кейінгі Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.

Арменияның экс-президенті Серж Саргсян премьер-минитср қызметінде бір апта отырып үлгерместен отставкаға кетті. Арменияның Ереван мен өзге қалаларындағы 11 күнге созылған наразылық акцияларына қатысқан мыңдаған адамның негізгі талабы ақыры орындалды. Олар Саргсянның отставкаға кетуін талап еткен болатын.

Дүйсенбі күні Еревандағы Республика алаңында ондаған мың адам қатысқан жаңа митинг басталды. Наразылық қозғалысының лидері Никол Пашинян мінберге шығып, жиналғандарды Серж Саргсянның отставкаға кетуімен құттықтады. Бұған қоса, ол өзіне Саргсянның билігін 2018 жылғы қазанға дейін сақтау туралы ұсыныстар түскенін, ал ол бас тартқаннан кейін отставка күні 25 сәуірге белгіленгенін айтып берді. Пашинянның сөзінше, ол премьер-министрдің екі сағат ішінде отставкаға кетуін талап еткен.

"Біз барқыт революциясының жеңісін тойлауымыз керек, бірақ мен күн тәртібімізде бір емес, бірнеше мәселе тұрғанын естеріңізге еске салғым келеді" деді Пашинян.

Пашинянның мәлімдеуінше, Серж Саргсянның отставкасынан кейін Армения премьер-министрі міндетін атқарушының өкілеттігі қолына көшкен бірінші вице-премьер Карен Карапетянмен сейсенбі күні Еревандағы "Мариотт" қонақүйінде келіссөз өтуі тиіс. "Билік ауысу процедурасы байыппен жүруі тиіс. Мен биліктегі республикалық партияның жетекшілері "барқыт революцияның" жеңісін мойындап, саналы түрде қабылдайды деп үміттенемін. "Барқыт революция қантөгіссіз бейбіт сипатта өтті, енді қантөгіссіз болып қалуы тиіс. Егер Саргсян немесе республикалық партия өкілдері жаңа жағдайда елді көлеңкеден басқара аламыз деп дәмеленсе, қателеседі" деп мәлімдеді наразылық лидері.

Никол Пашинянның сөзінше, ол өткен демалыс күндері полиция ұстап әкеткен демонстранттардың бәрін босату туралы уақытша премьер-министрмен сөйлесіп, екеуі келісімге келген. "Саяси тұтқындардың бәрі бостандыққа шығуы тиіс. Мерекеміз жаман жағдайға ұласпауы тиіс. Біз қуанып шаттануға тиіспіз, бірақ бір де ағаштың бұтағы сынбауы тиіс. Полиция адамдарды, ал адамдар полицияны құрметтеуі тиіс" деді ол.

Бұған қоса, Никол Пашинян Армениядағы билікті бейбіт жолмен ауыстыру туралы өзі ұсынған бағдарламаның тармақтарын қайталады. Оның айтуынша, әлгі бағдарламаның бірінші тармағы орындалды деп санауға болады, атап айтқанда, Сергей Саргсян отставкаға кетті. Никол Пашинянның бағдарламасының екінші тармағына сәйкес, ел парламенті бір апта ішінде премьер-министр етіп халық өкілін таңдауы тиіс, содан кейін уақытша үкімет құрылатын болады. Пашинянның бағдарламасына сәйкес, бұдан кейін "ақылға қонымды мерзім" ішінде ерте парламент сайлауы өтетін болады.

ВИДЕО: Cерж Саргсян отставкаға кеткеннен кейінгі Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.

В Ереване танцуют
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

Отставкаға кеткен Серж Саргсян премьер болардың алдында екі мерзім президент қызметін атқарған. 2015 жылғы референдумда сайлаушылардың 60 пайыздан көбі Арменияның парламенттік басқару жүйесіне өтуін қолдап дауыс берген. Референдум алдында Саргсян премьер-министр немесе парламент төрағасы қызметін атқару арқылы билікті сақтап қалуға тырыспайтынына уәде еткен. Бірақ әлгі уәдесін орындамай, бұл шағын ел үшін бұрын-соңды болмаған халық наразылығына ұласты.

Серж Саргсянның баспасөз қызметі оның мәлімдемесінің толық мәтінін таратты.

"Қымбатты отандастар! Бұл жолдауым Армения Республикасының барлық азаматтарына, аға буынға және жастарға, әйелдер мен ер адамдарға, "Сержді қу!" деген ұранмен күні-түні көшеден кетпей тұрған және өз парызын орындау үшін жұмыс орнына соңғы күндері қиындықпен барып жүрген жандарға, күні ұзақ тікелей эфирден бақылап отырғандарға, қоғамдық қауіпсіздікті күндіз-түні қамтамасыз етіп жүргендерге, шекарадағы ержүрек жауынгерлер мен офицерлерге, қарулас жолдастарыма, партияластарыма, барлық саяси күштер мен қайраткерлерге арналады. Бұл - ел басшысы ретіндегі соңғы жолдауым. Никол Пашинян дұрыс айтыпты - мен қателесіппін. Қазір қалыптасып отырған жағдайға қатысты әр түрлі шешім қабылдауға болар еді. Бірақ мен ондай әрекеттердің ешқайсысына бармаймын. Ел басшысы, Армения премьер-министрі қызметінен кетемін. Премьерлік қызметті атқаруыма қарсы жандардың қозғалысы, мен сіздердің талаптарыңызды орындаймын. Елімізде бейбітшілік, үйлесімділік орнасын және бәрі жосығымен болсын. Рахмет!".

Армения конституциясына сәйкес, президент Армен Саркисян парламентке жаңа кандидатура ұсынғанға дейін премьер-министр қызметін бірінші вице-премьер Карен Карапетян атқаратын болады. Дүйсенбі күні президент Саркисян үкімет мүшелерін отставкаға жіберу туралы шешім қабылдады. Төрт министрді тағайындау туралы жарлыққа ол мұның алдында бірер сағат бұрын ғана қол қойған болатын.

​21 сәуірде полиция халықтық толқуды басқарған оппозициялық фракцияның бірнеше депутатын ұстап әкеткен болатын. Жексенбі күні Саргсян Армениядағы "барқыт революциясы" лидерлерінің ішінен есімі көбірек аталатын "Елк" оппозициялық фракциясының жетекшісі Никол Пашинянмен келіссөз өткізген. Екеуінің әлгі келіссөзінде Пашинян Саргсянның отставкаға кету шарттарын ғана талқылауға келгенін мәлімдегеннен кейін Саргсян келіссөзден кетіп қалған. Ал екі сағаттан кейін полиция Пашинянды ұстап әкетті. Оны вице-премьер Карен Карапетян араласқаннан кейін дүйсенбі күні күндіз босатты. Жексенбі күні полиция наразыларға қарсы қатаң шаралар қолдана бастағаннан кейін Республика алаңындағы кешкі митингке 160 мыңға жуық адам шықты.

Cерж Саргсян отставкаға кеткеннен кейінгі Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.
Cерж Саргсян отставкаға кеткеннен кейінгі Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.

Оппозицияның дүйсенбідегі күндізгі шеруіне әскерилер - солдаттар мен 2016 жылы Әзербайжан-Армения шекарасындағы Таулы Қарабахта жағдай ушыққан кезде алдыңғы шепте болған бітімгерлік батальонының офицерлері қосылды. Жексенбі күні жүздеген наразы адаммен бірге ұсталып, дүйсенбі күні босатылған армениялық саясаттанушы Степан Григорян наразылық акциясына әскерилердің қосылуы Саргсянды наразылардың талабын орындауға мәжбүрлеген шешуші сәт болды деп есептейді.

- Серж Саргсянның отставкаға кеткені өте жақсы болды. Бұл оппозицияның билікпен тартысы емес, бүкілхалықтық күрес болды. Ол халықты премьер болмаймын деп алдады. Бұл қызметте ұзақ отыра алмады, өйткені билік арсыздыққа барған кезде халық көтеріледі. Мен Саргсянның жеңілетінін қашан түсінгенімді білесіз бе? Мұны "Серж, кет!" деп жазылған плакаттарды көтеріп жүрген кіп-кішкентай балаларды көргенде түсіндім. Қазір бүкіл Армения тойлап жатыр! Саргсян халықтың наразылығын қоздырғаны соншалық, әдетте митингіге шықпайтын адамдардың өздері алаңға шықты. Халыққа қозғау сала білген оппозиция жетекшілерін - Николай Пашинян мен оның командасын, өзге қоғам қайраткерлерін құттықтаймын. Акцияға әскерилердің шығуы түпкілікті бетбұрыс болды. Өйткені олар жай әскерилер емес. Олар бітімгер жауынгерлеріміз. Ауғанстандағы, Ирактағы, Косоводағы соғыста болған адамдар. Олардың саны шамамен мыңға жуықтайды. Олар қаруларын тастап, "біз халықпен біргеміз" деп мәлімдеді. Әрине, бұл түпкілікті бетбұрыс болды. Бірақ саяси бетбұрыс кеше болды. 350-ге жуық адам қамалды. Биліктің репрессиялық амалдарға көшуі Ереванда 100 мың адам қатысқан митингіге ұласты. Саяси мәселе кеше, ал техникалық тұрғыдан бүгін әскерилер халық жағына шыққан кезде шешілді,- дейді Степан Саргсян.

ВИДЕО. Шеруге қосылған әскер.

Протесты в Армении
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

- Серж Саргсянның биліктен бейбіт жолмен кеткені өте жақсы болды. Осылай деп айтуға болады деп санаймын, өйткені ешкім мерт болған жоқ. Енді Арменияда үлкен өзгерістер басталады. Армения тоталитарлық ел бола алмайды. Армян халқының тоталитарлық жүйелер мен диктатуралардың жолымен жүруі мүмкін емес. Бұл Серж Саргсянға, оның елді үшінші мәрте басқаруына қарсы толқу ғана емес. Бұл - бізді тоталитаризмге тартуға қарсы толқу, - дейді Степан Григорян.

Степан Григорян ерте сайлау өткеннен кейін Армениядағы билік наразылық толқудың лидері, парламенттегі "Елк" оппозициялық фракциясы жетекшісі Никол Пашивянға өтуі тиіс деп санайды.

- Меніңше, кейінірек премьер-министрдің міндетін атқарушы қызметін Пашинян атқарады деген келісім қазірдің өзінде бар болуы керек. Қазір уақытша үкімет жасақталып, парламент таратылады. Парламенттің 60 пайызы биліктегі республикалық партия депутаттарынан тұрады, шын мәнінде, олар - бұрынғы коммунистер. Формалды түрде, яғни конституция бойынша процедура былай өтеді. Қазір жасақталатын жаңа үкіметті парламент бекітпейді, содан кейін парламент таратылып, жаңа сайлау өтетін күн белгіленеді. Қазір Пашинян - көш бастап тұрған саяси тұлға. Жұрт менен "ол кісі қандай премьер болар екен? " деп сұрап жатыр. Бізде премьердің функциялары атқару үшін бірінші вице-премьер бар. Елді екі вице-премьер басқаратын болады, ал саяси басқаруды Пашинян өзіне алады. Өзгеше болмауы тиіс. Өйткені бұл адам өзіне осындай үлкен жауапкершілік алып, осындай тартысқа барды. Сондықтан өзге біреудің премьер-министр болғаны дұрыс болмайды, -дейді ол.

Cерж Саргсян отставкаға кеткеннен кейінгі Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.
Cерж Саргсян отставкаға кеткеннен кейінгі Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.

Серж Саргсянды премьер-министр етіп сайлауды Армения қоғамы неліктен алдау ретінде қабылдады? Референдумда парламенттік басқару жүйесіне көшуді қолдап дауыс берген кезде армениялықтар Саргсян конституциялық өзгерісті өз мүддесіне пайдалануы мүмкін екенін түсінген жоқ па? Мұны армениялық саясаттанушы әрі журналист Рубен Меграбян былай деп түсіндіреді:

- Негізі, мұндай күмән болған, бірақ билік партиясының ішінде қандай шешім қабылданғаны, ел премьері кім болатыны соңғы сәтке дейін жарияланған жоқ. Жұрттың көбі депутаттар Саргсянды сайламайтын шығар деп үміттенген еді. Оның үстіне, 2014 жылы, яғни елді парламенттік басқару жүйесіне көшіру туралы конституциялық өзгерістерді талқылау басталған кезде Серж Саргсян егер ел бұл жүйеге көшсе өзін Армения президенттігіне де, ұлттық жиын төрағалығына да, премьер-министрлікке де ұсынбайтынын жария түрде мәлімдеген болатын. Кейін жақтастары жаңа премьер неге Саргсян болмасқа деген "орынды" уәждер келтіре бастады. Биліктегі республикалық партия мүшелері оның кандидатурасын Солтүстік Корея немесе КПСС стилінде бір ауыздан қолдап, дауыс бергені белгілі болған кезде қоғамда "бұл қалай? " деген сұрақ туды. Иә, Серж Саргсян формалды түрде Арменияның қолданыстағы заңдарының бір де тармағын, бір де параграфын бұзған жоқ. Бірақ билікке оралмайтынын оның өзі айтқан болатын. Ал іс жүзінде Серж Саргсян өз мәлімдемесін өзі жоққа шығарып отыр ғой. Халықтық толқуға осы түрткі болды, - дейді Рубен Меграбян.

Никол Пашиняннның қамаудан шыққан сәті. Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.
Никол Пашиняннның қамаудан шыққан сәті. Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.

Оның айтуынша, ел тұрғындары Арменияның жаңа ықтимал басшысы Никол Пашинянды оппозициялық саясаткер ретінде жақсы біледі.

- Никол Пашинян "Елк" фракциясы құрамындағы партиялардың бірі - "Азаматтық келісім-шарт" партиясының лидері. Ол - депутат. Жұртқа 2008 жылғы наразылық кампаниясы кезінен танылған белгілі оппозициялық саясаткер. Сол кездегі митингілер кезінде ең көрнекті ораторлардың бірі болған, постсоветтік жүйеге тән билік құруға үзілді-кесілді қарсы шыққан. Енді халық ескіше өмір сүре алмайды, елге жаңа өзгерістер керек. Биліктің еншісінде 10 жыл болды. Ол қандай жетістік көрсетті? Ешқандай. Халықтың шыдамын тауысатын әрекеттен басқа ештеңе істеген жоқ. Ақыры халықтың шыдамы түгесілді. Енді өткен сайлаулардың қорытындыларына, рейтингтерге құр сілтеуден түк шықпайды. Қазір көшеде Арменияның жаңа сипаты қалыптасып жатыр, енді оны заң және саяси жүзінде бекіту керек, - дейді Рубен Меграбян.

Ресей билігі Еревандағы оқиғаларға тартыншақтай реакция танытты. Серж Саргсянның отставкасын мемлекеттік дума спикері Вячаслав Володин "[Арменияның] ішкі ісі" деп атады. Ертеректе Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та Еревандағы оқиғаларды "Арменияның ішкі ісі" деп атап, оған Мәскеудің араласу ниеті жоғын мәлімдеген. Сыртқы істер министрлігі өкілі Мария Захарованың бағасы ғана эмоцияға толы болды:

Дүйсенбі күні Әзербайжан қорғаныс министрлігі Арменияның "Қарабах жанжалы аймағындағы түйісу жолағында Әзербайжан әскери техникасын апарып жатыр" деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Бұл мәлімдеме Никол Пашинянмен келіссөзінде премьер-министр қызметінен "Таулы Қарабах жанжалын реттегеннен кейін" ғана кетуге әзір екенін мәлімдеген Саргсянның отставкасына дейін жасалған болатын.

Ереван көшелеріндегі Серж Саргсянның отставкасын тойлаған жұрт. Азат Еуропа/Азаттық радиосының арнайы тілшісі Эймос Чэпплдің фотосуреттері:

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Марк Крутовтың мақаласы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG