Accessibility links

«Арменияда бұрын мұндай болған емес»


Армения полициясы бастығының орынбасары Унан Погосян полиция учаскесін қарулы топ басып алғаннан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Ереван, 18 шілде 2016 жыл.
Армения полициясы бастығының орынбасары Унан Погосян полиция учаскесін қарулы топ басып алғаннан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Ереван, 18 шілде 2016 жыл.

Ереванда полиция учаскесін басып алған қарулы адамдармен келіссөз жүріп жатыр.

Ереванда «Құрылтайшы парламент» оппозициялық қозғалысының қарулы белсенділері жексенбінің таңынан бері полиция учаскесінде бекініп отыр. Шілденің 18-і күні таңертең олар үш адамды босатқан, бірақ олардың қолында әлі үш кісі бар. Олардың арасында Армения полициясы басшысы орынбасары Вартан Егиазарян мен Ереван қалалық полициясы басшысы орынбасары Валерий Осипян бар. Полиция учаскесін басып алғандар абақтыда отырған әріптестері, «Құрылтайшы парламент» қозғалысының жетекшісі Жирайр Сефилянның босатылуын және президент Серж Саргсянның отставкаға кетуін талап етіп отыр.

Жексенбінің таңында ұзын-ырғасы 25-30 болатын бір топ қарулы адам Ереванның оңтүстігіндегі Эребуни ауданында полиция учаскесін басып алды. Оқиға кезінде бір тәртіп сақшысы оққа ұшып, төртеуі жараланған. Түрлі деректер бойынша, қылмыскерлердің қолында 6-8 адам болған. Ұзақ келіссөзден кейін дүйсенбі күні таңертең қарулы топ екі адамды – бір полицей мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін босатты. Сол күні түс қайта олар тағы бір адамды жіберді. Армения Қауіпсіздік қызметі арнайы мәлімдеме таратып, «үміт күттіретін мұндай эпизодтар қалаған нәтижеге қол жеткізуге кепіл бола алмайды және мұның соңы қайғылы аяқталуы ықтималдығын жоққа шығармайды, ал жауапкершілік шабуыл жасағандардың мойнында болады» деп мәлімдеді. Мұның алдында осы мекеме полиция учаскесін басып алғандардың қолында «тек кепілдегілерге емес, бүкіл қоғамға қауіп төндіретіндей үлкен көлемде қару-жарақ бар» деген болатын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Еревандағы оқиға (суретті басыңыз)

​Кеше кешкісін Армения Қауіпсіздік қызметі арнайы жасақтың жоғары әскери дайындық жағдайында тұрғанын хабарлаған, алайда ғимаратты шабуылдау немесе басқа да әрекеттер жасау туралы ешқандай бұйрық болған жоқ.

«Құрылтайшы парламент» қозғалысының өкілдері мұны «үкіметті құлатып», «саяси тұтқындарды босату мақсатындағы бүліктің басы» деп қорқытты. Ең алдымен олар өздерінің басшылары, Қарабақ соғысының ардагері, «Жаңа Армения» радикалды оппозициялық ұйымының басшысы, 49 жастағы Жирайр Сефилянның босатылғанын қалайды. Ол биыл маусымның 20-сы күні қарулы төңкеріс ұйымдастырмақ болды және заңсыз қару сақтады деген күдікпен тұтқынға алынған болатын.

«Құрылтайшы парламент» қозғалысы өкілдері жексенбіде бүкіл Армения аумағында жақтастарының тұтқындала бастағанын хабарлады. Қозғалыс белсенділерінің арасында Таулы Қарабақ соғысына қатысқан ардагерлер көп. Бұл ұйым өзін республика деп жариялаған Таулы Қарабақтың Армения құрамына қосылғанын қалайды және Армения басшылығының осы мәселеге қатысты саясатын өткір сынайды.

Владимир Жарихин.
Владимир Жарихин.

ТМД елдері институты директоры орынбасары Владимир Жарихин «Құрылтайшы парламент» ұйымы тым радикал топ екенін айтады. Оның сөзінше, ұйым Арменияның ұстанымына ғана емес, жалпы Таулы Қарабаққа қатысты келіссөздердің өткізілгеніне де қарсы:

– Олар кез келген мәмілені жерді «сату» деп түсінеді. Топтың бұлайша ашулану себебі – жақында Әзербайжан мен Армения президенттері арасында тікелей келіссөз болды. Біраз ілгері жылжу болып, жақын арада келісімге жол ашатын оң өзгерістер болуы мүмкін деген пікірлер айтылды. Шілденің 7-сі күні жақтастары Сефилянның босатылуын талап етіп, Ереван орталығында шеру өткізген. Одан нәтиже шықпаған соң енді кепілге кісі алып жатыр. Билік сәтсіздіктен қорқып, шабуылдан тайсақтап отырған жоқ. Олар Ереванның шет жағында кішігірім ғана оқиға болатынын біліп отыр. Тек кепілде отырғандар – жоғары шенді адамдар. Олар бұл мәселені бейбіт жолмен шешеміз деген үмітпен келіссөз жүргізіп жатыр, сондықтан бәрі осылай созылып кетті.

​– Сіздің ойыңызша, бүлікшілердің талаптарын орындауы мүмкін бе?

– Әрине, ол талаптарды орындау мүмкін емес. Мәселен, президентті отставкаға жіберу – іске аспайтын шаруа. Ал Сефилянды босатса, онда билік дәрменсіздігін мойындағаны. Сондықтан, меніңше өкімет екі шарттың екеуін де орындамайды.

– Арменияда қазір жағдайды ушықтыратын қандай да бір алғышарттар бар ма? «Құрылтайшы парламенттің» жақтастары көп пе? Қазір халық көшеге шығып, оларды қолдауы мүмкін бе?

– Олар шілденің 7-сі күні көшеге шыққан. Халық сонша көп болмады. Бұдан әрі шықпайды да. Халықтың басым бөлігі үкіметті немесе парламентте өкілдері отырған жүйелі оппозицияны қолдайды. Ал бұл – жүйесіз оппозиция. Олардың басшысы – Ливаннан келген адам, кезінде радикал позиция ұстанған «Дашнакцутюн» партиясы құрамында болған. Бірақ бұл партия Арменияда радикал бағыттан айнып, парламенттік партияға айналды. Ал бұл қозғалыстың басшысы партияның демократиялық ұстанымымен келіспеген азғантай топпен бірге бөлініп кеткен, - деді Владимир Жарихин.

Александр Искандарян.
Александр Искандарян.

Еревандық саясаттанушы Александр Искандарянның айтуынша, саяси ұйымның мәлімдемелерден радикал әрекетке көшуі Армения тарихында алғаш болып тұр:

​– Талаптары орындалмайды. Олар өмірден тым алшақ талаптар қойып жатыр. Біріншіден, олар үкіметтің, президенттің отставкасы мен кезекті сайлау тағайындаудан бастап, Сефилян мырзаны түрмеден босатуға дейін әркелкі талаптар қойды. Топ мүшелері түрлі мәлімдемелер жасап жатыр. Олардың талаптарының ешқайсысын орындау мүмкін емес. Бұл – тығырық. Бейбіт жолмен шешуге бола ма? Білмеймін. Тырысып көреді. Келіссөз жүріп жатыр. Менің білуімше, келіссөзшілер, психологтар жұмыс істеуде. Биліктегілер қантөгіссіз шешуге бар күшін салып-ақ жатыр. Іштен тым радикалды мәлімдемелер айтылып жатыр. Олардың арасында өте эмоционалды адамдар бар. Бейбіт жолмен шешу мүмкін болмаса, шабуыл жасалады.

​– Cіздің ойыңызша, бұл жағдай Армения өкіметіне шынымен қауіп төндіріп тұр ма?

Жирайр Сефилян.
Жирайр Сефилян.

– Мұны айту қиын. Билікке қандай қауіп болуы мүмкін?! Қала шетіндегі бір полиция учаскесін басып алу билікке қауіп төндіре амайды. Ал жалпы елде саяси күш қолданудың осындай әдісінің пайда болуы, саяси мәселелерді қарумен шешуге дайын адамдардың шығуы ... Бұлардың түрмеге кететіні анық. Олардың бұл әрекеті жағдайды тұрақсыздандырады. Мұның түпкі себебі тек бұл адамдарда жатқан жоқ. Әлеуметтік жағдайға, саясатқа, саясаткерлерге, елдегі жалпы саяси жүйеге көңілі толмайтындар көп. Әрине, көңілі толмау мен күш қолдану – екі бөлек нәрсе. Бұл наразылық асүйде, митингіде, демонстранцияда және басқа жерлерде айтылуы мүмкін, енді міне, оны саяси күш қолдану формасында да жүзеге асыруға болатыны айқындалды. Әрине, мұның салдары болады. Арменияда бұрын мұндай болмаған. Енді бұл әсерін тигізеді.

– Қалай әсер етеді?

– Радикал дискурс көбейеді. Прецедент болғандықтан, енді басқалар да ең аз дегенде осы радикализм тілімен сөйлеуге тырысады, - деді Искандарян.

Ал Кремль Түркияда, Арменияда және Қазақстанда болған «толқуларға» байланысты алаңдаушылық білдірді. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл елдерде болып жатқан оқиғалар «жағдайды мұқият бақылап, сараптауға мәжбүр етеді» деді.

XS
SM
MD
LG