Accessibility links

Ереванда кепілге алынғандарды құтқару операциясы жалғасып жатыр


Еревандағы қарулы топ басып алған полиция бөлімшесі жанында жүрген үкімет жасағы. 17 шілде 2016 жыл.
Еревандағы қарулы топ басып алған полиция бөлімшесі жанында жүрген үкімет жасағы. 17 шілде 2016 жыл.

Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, радикалды оппозицияның қаруланған тобы Еревандағы полиция бөлімшесінде кепілген алған полицейлерді әлі жібермей ұстап отыр. Қарулы топ Еревандағы полиция ғимаратын кеше басып алған еді.

Еревандағы полиция бөлімшесін басып алған қарулы топпен келіссөздердің бүгін де жалғасып жатқанын Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

Шілденің 17-сі күні таңертең Армения астанасы Ереван қаласындағы Эребуни полиция бөлімшесін қарулы топ басып алған еді. Олардың шабуылынан полиция полковнигі Артур Ваноян қаза тапқан. Одан бөлек, төрт полицей жараланған. Шабуылшылар ішінде бір адам жарақат алған.

Армения полициясы бастығының орынбасары Унан Погосян полиция бөлімшесін басып алған «Құрылтайшы парламент» ұйымы өкілдерінің жеті полицейді кепілге ұстап отырғанын айтады. Олардың ішінде Ереван полициясы бастығының орынбасары бар.

Бұл оқиғаға байланысты шілденің 17-сі күні Армения президенті Серж Саргсян полиция және қауіпсіздік қызметкерлерімен шұғыл жиын өткізі. Президент осы шабуыл кесірінен Таулы Қарабаққа ресми сапарын шегерген.

Унан Погосян БАҚ-қа ғимаратты басып алған радикалды топ мүшелерімен келіссөздер жүріп жатқанын айтады. Радикалды топ өткен айда қамалған «Құрылтайшы парламент» ұйымы лидері Жирайр Сефилян мен басқа да белсенділерді босату туралы талап қойған. Унан Погосянның сөзіне қарағанда, олардың Сефилянды босату жайлы талаптары орындалмайды.

Ал ғимаратты басып алған топпен сөйлескен Армения парламентінің оппозиялық депутаты Никол Пашинян олардың "Армения президенті Серж Саргсянның биліктен кетуін, уақытша үкімет құруды да талап етіп отырғандарын" айтады.

БАҚ таратқан ақпаратқа қарағанда, Сефилян полиция ғимаратын басып алған жақтастарымен телефон арқылы сөйлескенде «ары қарай не істейтіндеріңді өздерің шешіңдер» деген. Қарулы топ мүшесі Павел Манукян «Жоговурд» газетіне берген сұхбатында «Жирайр Сефилян біздің не істеп жатқанымызды білмеді, оған не болып жатқанын хабарладым. Ол жағдайдан бейхабар, «өздерің шешіңдер» деді» деген.

Жирайр Сефилян
Жирайр Сефилян

Арменияның негізгі саяси күштері, соның ішінде бірқатар оппозициялық партиялар Еревандағы полиция учаскесін басып алуды айыптайтындарын мәлімдеді. Олар «саяси мәселелер күш қолданбай, конституциялық тәсілдер арқылы шешілуі тиіс» дейді.

Төтенше жағдайға байланысты Армян шіркеуі қарулы шабуыл жасаған радикалдарды сабырға шақырды. Шіркеу жағдайдың бейбіт жолмен шешілгенін қалайтынын, адам шығындарының тағы қайталанғанын құптамайтынын мәлімдеді.

Шіркеу хабарламасында «Мұндай шабуылды ақтауға болмайды. Қазір отанымыздың шекарасы бұзылмас үшін халқымыздың бірлігі, жалпыұлттық келісім керек. Мемлекеттілігімізді қорғайық» деп жазылған.

Ұлттық қауіпсіздік қызметі кеше кешке "оқиға орнындағы арнайы жасақтар жауынгерлік әзірлікке келтірілгенін, бірақ ғимаратты алу немесе басқа шұғыл әрекеттерге кірісу туралы бұйрықтың түспегенін" хабарлады.

Қарулы топ басып алған полиция ғимаратының жанында тұрған арнайы жасақ жауынгерлері. Ереван, 17 шілде 2016 жыл.
Қарулы топ басып алған полиция ғимаратының жанында тұрған арнайы жасақ жауынгерлері. Ереван, 17 шілде 2016 жыл.

Армения полициясы кеше ғимаратты басып алған қарулы топпен байланысы бар деген күдікпен ұсталған 50 шақты адамның босатылғанын хабарлады. Бұл ақпаратты Армения омбудсмені кеңсесі де таратты. Полиция бұған дейін 200 адамның радикалды топқа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Олардың ішінде Еревандағы Еркіндік алаңына жинала бастаған оппозиция өкілдері де бар.

Армения президенті Серж Саргсянға деген наразылық Ереванда былтыр күрт күшейіп, ел астанасында шерулер өткен. Мұнан соң Саргсян конституциялық реформа жобасын жасап, 2015 жылдың соңында елді парламенттік республикаға айналдыруды ұсынған референдум өткізген. Сайлаушылардың 63 пайызы Саргсян жобасын қолдап, ел парламенттік республикаға айналған.

Алайда оппозиция өкілдері «Саргсян осындай амалмен 2018 жылы екінші әрі соңғы президенттік өкілеттілігі аяқталған соң да премьер-министр қызметіне ауысып, іс жүзінде мемлекеттегі бірінші адам болып қала бермек» деп қауіптенеді.

ВИДЕО: Еревандағы оппозиция шеруі (2015 жылдың желтоқсаны)

Еревандағы оппозиция шеруі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:34 0:00

XS
SM
MD
LG