23 тамызда ғана 26 жасқа толған Гафурова финалда Қытай спортшысы Танг Линглингті жеңді. Каратэшілер төрт жарым минуттай бір-біріне соққы дарыта алмай жүрді. Тек соңғы сәтте Гафурова қарсыласына бірнеше соққы жасады. Кездесу аяқталуға бес секунд қалғанда қазақстандық спортшының бапкері қызыл қағаз көтеріп, төрешілерден видео қайталау көруді сұрады. Төрешілер Гафурованың соққы жасаған сәтін видеодан қайта қарап, каратэшіге екі ұпай берді – 2:0. Қытай спортшысы бес секунд ішінде есепті теңестіре алмады. Жеңіске жеткен Гафурова Қазақстан туын жамылып, татамиді айналып жүгіріп жүрді.
ТӨРТ ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЙТАЛАНҒАН ФИНАЛ
Екі қарсылас 2014 жылы Инчхондағы Азиаданың финалында да кездесіп, Гузалия Гафурова Танг Линглингті 4:3 есебімен жеңген болатын.
- Жартылай финалда Вьетнам спортшысымен (Ти Нгуен-ред.) кездескенде қабырғамды ауыртып алдым. Сондықтан финал қиындау болды. Инчхондағы финал жеңілдеу болған. Бүгін жартылай финал да қиын болды. Себебі вьетнамдық спортшы техникалық жағынан мықты, - деді Гафурова финалдан кейін.
Ал Қытай спортшысы Танг Линглинг кездесуден кейін Азаттық тілшісіне: “Екі финалда қиын болды. Бұл жеңілісте жіберген қателерімді түзеп, Токиода өтетін олимпиадаға дайындаламын” деді.
Халықаралық олимпиада комитетінің шешімімен каратэ 2020 жылы Токиодағы ойындардың бағдарламасына енгізілген.
“ОЛИМПИАДА ҮШІН СПОРТҚА ҚАЙТА ОРАЛДЫМ”
Гафурова Джакартадағы Азия ойындарына тек қаңтардан бастап дайындалған. Екі жыл уақытша спорттан қол үзген.
- Себебі екі жыл декреттік демалыста болдым. Екінші рет Азия ойындарында жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Алда әлем чемпионатына қатысуым белгісіз болып тұр. Екі жыл үзіліс алғандықтан рейтингтегі ұпайым азайып кетті. Ал әлем чемпионатына қатысу үшін рейтингте ұпай болу керек. 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадаға қатысу үшін де спортқа қайта оралдым, - деді каратэші.
Гафурова қазір 68 келідегі әлемдік рейтингіде 105-орында тұр. Ал Қытай спортшысы Танг Линглинг 24-орында, вьетнамдық Ти Нгуен 39-орында келеді. Ал рейтингіде үшінші орында тұрған жапониялық Кайо Сомея Азия ойындарының екінші айналымында Танг Линглингтен жеңілді.
Гузалия Гафурова каратэмен айналысуды 12 жасында Жамбыл облысындағы Қызыл жұлдыз ауылында бастаған. Каратэші сегізінші сыныпқа дейін мектепті өте жақсы оқығанын, кейін жарыс көбейіп, оқу үлгерімі төмендеп кеткенін айтады.
- Спортқа өзім бардым. Ешкім үгіттеп, спортшы бол деген жоқ. Бала кезде энергиям көп болса керек. Сол энергияны қайда жұмсауды білмей, каратэге бардым, - дейді спортшы.
Гафурова 2015 жылғы Азия чемпионатында, 2016 жылы Роттердамдағы (Голландия) премьер-лига жарысында күміс меальға ие болған. Ал 2016 жылы Линцта (Австрия) өткен әлем чемпионатында 16-орын алған.
ПІКІРЛЕР