Accessibility links

Әзербайжанда авторитаризм күшейе түспек пе?


Бакудегі қарсылық. Көрнекі сурет.
Бакудегі қарсылық. Көрнекі сурет.

Билік "тұрақтылық пен даму үшін" референдум өткізбек. Оппозиция Ильхам Әлиевтің отбасылық билігі күшейе түседі деп қауіптенеді.

1995 жылы қабылданғалы бері екі мәрте (2002 және 2009 жылдары) өзгерген Әзербайжан конституциясын қыркүйектің 26-сы күні өтетін референдумда тағы 29 толықтыру мен өзгерту күтіп тұр.

Дауыс берушілер жаңа жобаға жалпылама "иә" немесе "жоқ" деген, жоба ішіндегі жеке өзгерістер мен толықтыруларға "қабылдансын" немесе "қабылданбасын" деген белгі қояды.

КОНСТИТУЦИЯ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРМЕК?

Azerbaijan -- cartoon, referendum, Gunduz Aghayev
Azerbaijan -- cartoon, referendum, Gunduz Aghayev

Конституцияға енгізілмек басты өзгерістің бірі – президенттік мерзімді бес жылдан жеті жылға созу. Қазіргі 54 жастағы президент Ильхам Әлиев билікке 2003 жылы сырқат әкесінің орнына келген. Кіші Әлиевтің президенттік өкілеттілігі 2018 жылы аяқталуы керек. Бірақ 2009 жылы өткен референдумда "президент екі мәртеден артық сайлауға түспейді" деген шектеу жойылған.

Бұл жолғы референдумға түскен өзгерістің және бірі – президент өзі тағайындап, өзі қызметінен босататын екі вице-президенттік лауазымды енгізу. Президент ел басқару міндетін атқара алмайтын жағдайда бұл жауапкершілік бірінші вице-президентке жүктелмек. Ал вице-президент мемлекетті басқарудан бас тартса, онда кезек премьер-министрге тиеді. Қолданыстағы қазіргі заңда президент мемлекет басқара алмайтын жағдай туса, оның міндетін премьер-министр атқарады.

Референдумға шығарылған конституциялық жоба бойынша президент кезектен тыс президенттік сайлау жариялай алады, парламент бір жыл ішінде екі мәрте үкіметке сенімсіздік танытса, конституциялық сот, жоғарғы сот, орталық банк төрағалығына президент ұсынған үміткерді қолдамаса, оны таратуға құзырлы болады.

Жобаға сәйкес қазіргі заңнан "президенттік үміткердің жасы кем дегенде 35-те болуы керек" деген шектеу алынып тасталады, депутаттыққа үміткердің де жас шектеуі 25-тен 18-ге түсірілмек.

Конституцияға референдум арқылы енетін өзгерістердің бір тармағы бойынша, жиын өткізу бостандығы "қоғамдық тәртіп пен моральға" тәуелді болмақ. Әзербайжан билігі соңғы жылдары бейбіт жиындарды күшпен таратып, белсенділер мен журналистерді қудалауды әдетке айналдырған.

Жергілікті аймақ басшыларына жекеменшік жерлерді "әлеуметтік әділдік пен тиімді пайдалану" үшін мемлекет қажеттілігіне алу құқығы берілмек.

"ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ДЕМОКРАТИЯ"

Әзербайжан шенеуніктері референдумға шыққан ұсыныстарды "тұрақтылық пен демократия кепілі" деп біледі. Ал оппозиция "авторитарлық билікті одан әрі күшейту" деп қабылдайды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазахир Панахов "ел дамып, азаматтар өмірі жақсарғанда референдум тұрақтылықты қорғау үшін өтетінін" мәлімдеген. Премьер-министрдің орынбасары Али Ахмедов өзгерістер "саяси жүйе мен басқару ісін жетілдіретінін" айтқан. Парламент вице-спикері Зияфет Аскеров "мемлекеттік басқару билігін, адам құқықтарын, бостандығын өте жоғарғы деңгейде қорғауға референдум қажет" деген.

Алайда бұл пікірлермен келіспейтіндер, "конституцияны өзгертудегі мақсат – Әлиевтің президенттік мерзімін ұзарту және оның отбасын билікте қалдыру" деп санайды.

Әзербайжан. Баку. Көрнекі сурет. 18 қыркүйек 2016 жыл
Әзербайжан. Баку. Көрнекі сурет. 18 қыркүйек 2016 жыл

"Халық майданы" партиясының төрағасы Али Керимли бұл ұсынысты "отбасының іс жүзіндегі шексіз билігін конституцияға енгізу және оның авторитарлығын бекітуге талпыныс" деп сипаттайды.

"Референдум президент лауазымын институт ретінде күшейтіп, бүкіл үкіметтің құзырын әлсірету" дейді экс-депутат Игбал Агазаде.

БОЛАШАҚТЫ ӨТКЕН ШАҚТАН БОЛЖАҒАНДА

Кейбір болжам бойынша референдумда қарастырылған бірінші вице-президент лауазымына президент Әлиевтің әйелі, "Жаңа Әзербайжан" партиясының төраға орынбасары Мехрибан Әлиева немесе олардың 19 жастағы ұлы Гейдар Әлиев тағайындалуы мүмкін.

2002 жылы Ильхам Әлиевтің әкесі Гейдар Әлиев президент кезінде референдум өткізіп, президент отставкаға кетсе немесе ел басқаруға жағдайы келмесе, мемлекетті басқаруды премьер-министрге жүктеген. Он шақты жыл билікті ешкімге бермеген үлкен Әлиев референдумнан кейін ұлы Ильхамды премьер-министр қызметіне тағайындаған. Кейіннен Ильхам Әлиев әкесінің орнын басты. Кіші Әлиев 2009 жылы референдум өткізіп, "президент екі мәртеден артық сайлауға түсе алмайды" деген шектеуді алдырып тастады.

Құқық қорғаушылар референдум алдында сын-пікір білдіргендерді Әзербайжан билігінің қудалап жатқанын айыптайды. Соңғы айларда бірнеше белсенді қудаланып, ұсталып, қамалған және әкімшілік жазаға тартылған.

Еуропа кеңесінің Вена комиссиясы Әзербайжан конституциясына қатысты реформаны сынға алды. Комиссия алдын-ала жариялаған есебінде "ешкім сайламай-ақ ел басқаратын вице-президент", "негізсіз бес жылдан жеті жылға созылған президенттік мерзім" туралы қынжыла жазады. Президентке "парламентті тарату құқығын" беруге және конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар парламент пен қоғамда кеңінен талқыланбағанына алаң алаң білдірген.

Қыркүйектің 26-ы күні өтетін референдум қорытындысы қазанның 21-іне дейін жариялануы тиіс.

XS
SM
MD
LG