Accessibility links

Азаттықтың Бакудегі бюросын тінтті


Прокуратура тінту кезінде Азаттық қызметкерлерін бір бөлмеде отырғызып қойды. Баку, 26 желтоқсан 2014 жыл.
Прокуратура тінту кезінде Азаттық қызметкерлерін бір бөлмеде отырғызып қойды. Баку, 26 желтоқсан 2014 жыл.

Азаттықтың Әзербайжан қызметінің Бакудегі бюросы кеңсесі прокуратура өкілдерінің тінтуіне ұшырады. Прокуратура бюроны жабу туралы шешім барын айтады.

Баку бюросындағы журналист Натик Зейналовтың хабарлауынша, таңғы сағат 10:30 кезінде кеңсеге кірген прокуратура өкілдері қызметкерлерге орындарынан қозғалмауды және кеңседен кетпеуді талап еткен. Олар кеңседе отырған 20 шақты журналист өздерімен бірге шыққан соң кеңсеге мөр басылып, жабылатынын айтқан. Прокуратура өкілдері қолдарында бюро кеңсесін жабу туралы "сот шешімі барын" мәлімдеген.

Прокуратура өкілдері сайт сервері мен администратор отыратын бөлмеге кіріп, бюро құжаттары мен журналистердің мәліметтері сақталған сейфті ашуды бұйырған. Ішкі телефон мен интернет үзіліп, қызметкерлердің компьютерге отыруына тыйым салынған.

Тінту шарасына прокуратура өкілдері ерте келген куәгерлер де қатысты. Адвокат Ялчын Имановтың талабынан кейін прокуратура өкілдері радионың екі қызметкеріне ол шараға қатысуға рұқсат етті.

Прокуратура өкілдері Баку уақытымен сағат 14:50 кезінде Азаттық бюросы қызметкерлерінің кеңседен кетуіне рұқсат етті. Офисте бюро жетекшісі мен адвокат және екі куәгер қалуға тиіс болды.

Тінтушілер барлық электрондық сақтау құрылғыларын (флеш карта, диск) тәркіледі. Олар кеңседегі сейфті бұзып, ондағы құжаттарды, бланкілер мен мөрді әкетті.

Кешкі сағат алты кезінде тінту аяқталып, прокуратура өкілдері есікті мөрлеп кетті. Тергеуші Сенан Пашаев Азаттық өкілдеріне тінту туралы құжаттың көшірмесін беруден бас тартты.

​Азаттықтың Әзербайжан қызметінің директоры Кенан Алиев Бакудегі бюро жұмысы тоқтап қалғанын мәлімдеп, ел билігінің бұл әрекетін "тәуелсіз БАҚ-қа қарсы кампанияның бір бөлігі" деп бағалады.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы басшыларының бірі Ненад Пейч Әзербайжан прокуратурасының әрекетін айыптап, оны Баку мойындаған халықаралық стандарттарды бұзу деп сипаттады. Ол Азаттық "әзербайжандардың ақпарат алу еркіндігін қамтамасыз ету әрекетін жалғастыра беретінін" айтты.

Азаттықтың Баку бюросы тінтілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:14 0:00

Бұған дейін, 5 желтоқсанда Әзербайжанда Азаттық тілшісі Хадиджа Исмаил (Исмайлова) екі айға қамалған еді. Баку қаласының Сабаил аудандық соты 5 желтоқсанда журналисті қамауға алу туралы шешім шығарған. Исмаил әлдекімді "өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді" деп айыпталған. Журналистің адвокаты Элтон Гулиев оны кәсіби қызметіне бола жазалау үшін қылмыстық іс қозғап, қамауға алды деп біледі. Хадиджа Исмаил - әзербайжандық биліктің басындағы жемқорлық туралы бірнеше зерттеу материалының авторы.

Әзербайжан билігі АҚШ-тың IREX ұйымының Бакудегі кеңсесіне де осындай себеппен тінту жүргізіп, кейін ұйым Әзербайжандағы қызметін тоқтатуға мәжбүр болған.

Азаттықтың Әзербайжан қызметі - халықаралық тәуелсіз Азат Еуропа/Азаттық радиосы редакцияларының бірі. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Таяу Шығыста 22 тілде хабар таратады.

XS
SM
MD
LG