Accessibility links

Әзербайжанда жұмыссыз ел толқи бастады


Әзербайжанның Физули ауданында наразылық акциясына шыққандар. 13 қаңтар 2016 жыл.
Әзербайжанның Физули ауданында наразылық акциясына шыққандар. 13 қаңтар 2016 жыл.

Елдің бірнеше аймағында жұмыссыздық пен бағаның өсуіне наразы тұрғындар наразылық танытып, Баку әскер қолдануға мәжбүр болды.

Кем дегенде бір елді мекенге Әзербайжан үкіметі әскер жіберіп, толқыған халықты тыныштандыруға тырысты. Наразы жұрт елдің бірнеше қаласында көшеге шыққан. Жуырда ғана Әзербайжанның ұлттық валютасы манат күрт құнсызданып, елдің экономикасы әлсірей түскен. Бакудің негізгі табыс көзі мұнай экспорты болып саналады.

Қаңтардың 13-і күні Физули, Ақсу, Агджабеди, Сиязан және Ленкорань аудандарында халық наразылық акцияларын ұйымдастырып, ұн мен нан сияқты ең қажет тауарлар бағасының өсуіне алаң білдірді.

Сиязанда демонстрацияны болдырмау үшін халықтың жолын әскер бөгеді. Куәгерлер Азаттықтың Әзербайжан қызметіне кем дегенде екі адамның ұсталғанын хабарлады.

Ленкорань ауданында да бірнеше адам тұтқындалды. Олардың ішінде оппозициялық AXCP партиясының жетекшісі Назим Хасанлы мен Мусават партиясының өкілі Иман Әлиев те бар. Олар "заңсыз митингіге қатысты" деген айып бойынша бір айға қамалды. Төрт демонстрантқа айыппұл салынған.

Ақсу аудандық администрациясы басшысының орынбасары Расим Новрузов бұл аудандағы жиынды наразылық акциясы деп атауға келмейтінін айтты. Оның сөзінше, билік өкілдері демонстранттармен ұн бағасын арзандату бойынша мәміле жасасқан.

Әзербайжанның Ұлттық банкі әлемдік мұнай бағасы арзандап жатқан шақта өткен айда валюта бағамын еркіне жіберуге мәжбүр болғасын, манат күрт құнсызданып кеткен. Банк жетекшілігі "елдің валюта қоры мен ұлттық экономиканың бәсекелесу қабілетін сақтап қалу үшін" осындай шешім жасағанын мәлімдеген.

2014 жылғы ақпанда Әзербайжанның Орталық банкі манат курсын доллардан ажыратып, бивалюталық доллар-евро жүйесіне көшкен. Шикізат экспорты ел табысының төрттен үшін құрайды. Сол себепті де мұнай бағасының арзандауы Әзербайжан экономикасына бірден әсер етті. Елде қымбатшылық пен жұмыссыздық көбейіп, әлеуметтік наразылық күшейе бастаған. Биылғы қаңтарда 63 жастағы әзербайжандық банк несиесін өтей алмаймын деп мәлімдеп, өзін өртеп жіберген еді.

Каспий аймағындағы мұнайлы мемлекеттердің бірі саналатын Қазақстан да былтырғы тамызда теңге бағамын еркіне жіберген соң, ұлттық валютасы "2015 жылғы ең қатты құнсызданған валютаға" айналған еді. Қаңтардың 13-і күні бір доллардың құны 370 теңгеге шықты. Бұл аймақтағы елдерге Ресей мен Қытай экономикаларының соңғы жылы өсуінің баяулауы да теріс әсер етіп тұр.

XS
SM
MD
LG