Accessibility links

Лукашенко режимі құлағанда, төңкеріс толқыны Қазақстанға жетер ме еді?


2014 жылдың сәуірі. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь лидері Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жиынында.
2014 жылдың сәуірі. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь лидері Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жиынында.

Беларусьтегі наразылық пен қуғын-сүргін постсоветтік автократияларға, соның ішінде Орталық Азия елдеріне қалай әсер етті? Содан бері Ресейдің аймақтағы ықпалы артты ма? Қазақстанға көпвекторлы саясат ұстану неліктен қиындап барады? Азаттық Орталық Азия сарапшысы Темір Омаровтан сұрады.

Былтыр 9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтіп, оның соңы жаппай наразылыққа ұласты. Орталық сайлау комиссиясы елді 1994 жылдан бері басқарып келген Александр Лукашенконы жеңімпаз деп жариялап, оның 80 пайыздан астам дауыс алғанын мәлімдегенде, сайлаушылар көшеге шығып, ресми нәтижемен келіспейтінін айтты, Лукашенкодан биліктен кетуін талап етті. Соңғысы бұл талапқа күшпен жауап беріп, шерушілер жаппай ұсталып, соққыға жығылды, артынан қудаланды. Қудалауға белсенділермен қатар журналистер де ұшырады. Ал оппозиция атынан сайлауға түскен Светлана Тихановская елден кетуге мәжбүр болды.

Александр Лукашенко президент сайлауының жеңімпазы жариялана сала, ресми нәтижемен келіспеген азаматтар бірден көшеге шықты. Минск, 9 тамыз 2020 жыл.
Александр Лукашенко президент сайлауының жеңімпазы жариялана сала, ресми нәтижемен келіспеген азаматтар бірден көшеге шықты. Минск, 9 тамыз 2020 жыл.

Батыс елдері сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартса, постсоветтік елдердің басшылары Лукашенконы жеңісімен құттықтауға асықты. Азаттық Мәскеудегі Карнеги орталығының ғылыми кеңесшісі, Орталық Азия сарапшысы Темір Омаровпен Беларусьтегі оқиғалардың постсоветтік кеңістікке әсері туралы және кей басшылардың Батысқа қарсы мәлімдемелері жайлы сөйлесіп көрді.

"КҮТПЕГЕН ОҚИҒА" ЖӘНЕ "ЭЛИТА БІРЛІГІ"

Азаттық: 2020 жылы тамызда Беларусьте өткен президент сайлауының қорытындысы жарияланғаннан кейін елде жаппай наразылық басталып, оның соңы қуғын-сүргінге ұласты. Минскідегі жағдай постсоветтік елдерге қалай әсер етті?

Темір Омаров: Беларусь дағдарысының Орталық Азия елдеріне әсеріне қарасақ, Өзбекстанда [бұрынғы президент] Ислам Каримов қайтыс болған кез еске түседі. Орталық Азия автократтары үшін Каримовтың өлімі күтпеген жағдай болды. Олар өз режиміне төнген қауіп туралы ойлана бастады. Каримов қайтыс болған кезде басқа басшылар да мәңгілік өмір сүрмейтінін, бір күні олардың да режимі құлайтынын, қандай да бір өзгеріс керегін түсінді. Қазақстанда билік транзиті басталды, Тәжікстан мен Түркіменстанда да дәл осындай ойлар болды, соған сай заңдар қабылданды...

Мәскеудегі Карнеги орталығының ғылыми кеңесшісі, Орталық Азия сарапшысы Темір Омаров.
Мәскеудегі Карнеги орталығының ғылыми кеңесшісі, Орталық Азия сарапшысы Темір Омаров.

Беларусь дағдарысы кезінде автократтар әлеуметтік наразылықтарға, қоғамдағы тыныштыққа көңіл бөле бастады. Сол жақтан бір қауіп келуі мүмкін екенін түсінді. Мысалы, Өзбекстан митинг өткізу туралы жаңа заң қабылдады. Мен мұны Беларусьте болған оқиғалармен байланыстырамын (2020 жылы 18 тамызда Өзбекстанда "Митинг, бейбіт жиын және демонстрация туралы" жаңа заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. ІІМ жаңа заң жобасының Беларусьтегі наразылық акцияларына байланысты дайындалғанын жоққа шығарды – Ред.).

Азаттық: Орталық Азиядағы авторитар басшылардың Беларусьтегі жағдайды бақылап отырғаны белгілі. Наразылықты күшпен басу – қолындағы билігін кез келген әдіспен сақтап қалуға тырысатын автократияларға ортақ белгі. Лукашенко билікте қалды. Саяси тұрғыдан алғанда, бұл Орталық Азия елдерінің билігі үшін тиімді ме?

Темір Омаров: Иә, шынында Лукашенко режимі құласа, бұл басқа елдерде де билікті ауыстыруға болады деген ой туғызар еді. Бірақ бұл тұста ескеруді қажет ететін дүниелер бар.

Біз көбіне сыртқы үлгілердің ел ішіндегі жағдайға әсер ету мүмкіндігін асыра бағалап жатамыз. Мен әр елдің өз ішінде болып жатқан оқиғаларға назар аударуға шақырамын. Ондағы маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларды сыртқы саясатпен байланыстырмай, олардың себебін ел ішінен іздеу керек.

Беларусьте билік ауысса, басқа мемлекеттерде де осы жағдай қайталанып, мемлекеттік төңкеріс болар еді деп ойламаймын. Бұл олай жұмыс істемейді. Қырғызстан билікті қалай жиі ауыстыруға болатынын көрсетіп келеді, бірақ басқа елдерде мұндай оқиғалар қайталанып жатқан жоқ қой.

Ресей Беларусьті ұстап тұру үшін қанша ақша жұмсады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:49 0:00

Мұның себебі саяси режимде жатыр. Беларусь режимі тұрақты, өйткені элитаның арасында бірлік бар. Элитаның арасына жік түскен жоқ. Олай болса, саяси сахнада Лукашенкоға қарсы тұратын бір адам немесе топ пайда болар еді. Қазақстан мен Өзбекстан режиміне қатысты да осыны айтуға болады. Бұл мемлекеттерде де элитаның бірлігі мықты. Әрине, олардың арасында кикілжіңдер мен келіспеушіліктер болып тұрады, бірақ жалпы ресурстар теңдей бөлінген, бәрі өз жағдайына көңілі толады, сондықтан ешкім ештеңені өзгерткісі келмейді.

Қырғызстан Украинаны еске салады. Өйткені ол жақта шектеулі ресурстарға таласқан әртүрлі элиталық топтар көп. Бұл таласта кейде бір топ, кейде басқасы жеңіске жетеді. Бүкіл жүйе осындай бәсекеге құрылған. Тәжікстан мен Түркіменстандағыдай басқа режимдер де бар. Онда да элитаның бірлігі жақсы, өйткені олардың бәрі бір отбасыдан шыққан.

Элита өкілдерінің арасында қандай да бір дау бола қалған күннің өзінде бұл отбасыішілік таласқа жатады. Неше түрлі оқиға болуы мүмкін, бірақ қаны бір туыстар арасындағы байланыс бәрібір оларды бірге әрекет етуге итермелейді. Сондықтан элита бірлігін режимнің тұрақтылығын көрсететін белгі деп түсініп, басқа мемлекеттердің үлгілерін асыра бағаламас едім.

РЕСЕЙГЕ ЖАҚЫНДАУ

Азаттық: Батыс мойындамаған Беларусь басшысы Ресейге жақындай түсті. Александр Лукашенконың Кремльге тәуелділігі артқан сияқты. Беларусьтегі оқиғалардың арқасында Мәскеудің постсоветтік кеңістіктің белгілі бір бөлігіндегі позициясы күшейді деуге бола ма?

Темір Омаров: Ресей үшін Беларусьтегі жағдай күтпеген оқиға болды. Бұл Мәскеуді шекараға көбірек көңіл бөлуге мәжбүрледі.

Ресейдің сыртқы саясатына қарасақ, Мәскеудің сырт көзге көрінетін мүддесі мен шынайы қызығушылықтарының арасында үлкен айырмашылық барын байқауға болады. Бірнеше ай бұрын жарияланған ұлттық қауіпсіздік стратегиясында Ресейдің сыртқы саясатында постсоветтік кеңістікке басымдық беретіні, басты назарда көрші мемлекеттер тұрғаны жазылған. Шын мәнінде бәрі басқаша: Ресейді Батыспен, Еуропа мемлекеттерімен, 2014 жылдан бастап Қытаймен қарым-қатынасы көбірек қызықтырады. Орталық Азия мен постсоветтік елдер екінші, үшінше не төртінші орында тұр.

2020 жылы Мәскеу үшін басым бағыттар өзгеріп, Кремль Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдерімен қарым-қатынасында маңызды сәттерді жіберіп алғанын түсінді деп ойлаймын. Мәскеу күтпеген, болжай алмаған дағдарыстар болды. Кремль бұл дағдарыстардың алдын-алып не оның өзі қалаған сценарий бойынша өрбуіне жағдай жасай алмады. Бұл жерде бірінші кезекте, Беларусьтегі жағдай, Қарабақ дағдарысы, Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шағын соғыс туралы айтып отырмын. Биыл Мәскеу мұндай сценарийлердің қайталануына жол бермеу үшін Орталық Азия мен басқа да постсоветтік мемлекеттерге көбірек көңіл бөледі деп ойлаймын.

Азаттық: Беларусьтегі наразылық кезінде (жаппай шерулер бірнеше айға ұласты) кей постсоветтік елдердің басшылары Минскідегі жағдайға шетелдік державалар араласты, Батыс "түрлі-түсті революция" ұйымдастырмақ болды деді. Кейінгі жылы Батысқа қарсы мәлімдемелер жиілеп, текетірес күшейді деп айтуға бола ма?

Темір Омаров: Мұндай тренд бірнеше жыл байқалып отыр. Бұл Беларусьтегі наразылықтан немесе Путин режимі қартайғаннан пайда болған дүние емес. Бізге Орталық Азияда болып жатқан оқиғаларды бұрын Совет одағының құрамында болған басқа мемлекеттердегі жағдаймен байланыстырған ұнайды. Ресейдің "шетелдік агенттермен" күресіне қарасақ, Орталық Азиядағы осыған ұқсас оқиғалардың міндетті түрде Ресей саясатымен байланысы бардай көрінеді. Бірақ мен Орталық Азиядағы ішкі процестерге көбірек көңіл бөліп, қандай да бір тенденция байқалса, оның себебін сыртқы факторлардан емес, ішкі процестерден іздеген дұрыс деп есептеймін.

Азаттық: Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр күзде шетелдік державалар Беларусьті бір ай бойы соққының астына алды деп, Батысқа екіжүзділік айыбын тақты. Өткен айда ол "Орталық Азия елдерінің бірігуге деген талпынысы Батысқа ұнамайды. Батыс бәрімізді Ресейден алыстатқысы келеді және осы мақсатта жұмыс істеп жатыр" деді. Бұл Қазақстанның көпвекторлы саясаттан алыстап, Ресейге жақындай түскенін білдіре ме? Әлде бұл конъюнктуралық мәлімдемеге жата ма?

2017 жылғы 30 қараша. Александр Лукашенко Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Минскіде қарсы алып тұр.
2017 жылғы 30 қараша. Александр Лукашенко Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Минскіде қарсы алып тұр.

Темір Омаров: Мен Назарбаевтың сөзін барлық елмен бірдей араласу саясатынан ауытқу деп қабылдамас едім. Біріншіден, Назарбаев нақты бір елдерді атаған жоқ, бұл жай ғана әдемі пікір үшін айтылған сөз болды.

Екіншіден, бұл Қазақстанның сыртқы саясаттағы іс-қимылдарымен қиыспайды. Қазақстанның сыртқы саясатта Ресей, Қытай, АҚШ сияқты маңызды державалардың әрқайсысымен белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан аталған елдердің әрқайсысына белгілі бір деңгейде жақындайды, бірақ олардың қарсыластарына қарсы бастамаларына қосылмайды.

Қытай "Шыңжаңда бәрі жақсы" деген мазмұндағы ресми хатына қосылуға шақырғанда, Қазақстан оған қол қойған жоқ. Ресей одақтастарынан Қырымға қатысты саясатын қолдауды сұрағанда Қазақстан бұл бастамадан шет қалды. АҚШ Қытайға қарсы шығуды ұсынғанда, Қазақстан тағы да бейтарап позиция ұстануды жөн көрді.

Қазір аталған мемлекеттердің әрқайсысымен бейбіт мақсатта әріптестік орнатуға мүмкіндік бар, Қазақстан осы мүмкіндігін тиімді пайдаланып отыр. Сондықтан Орталық Азияда Қазақстан – Ресеймен, Қытаймен тығыз байланыс орнатқан, АҚШ-пен және Батыс елдерімен қарым-қатынасы салыстырмалы түрде жақсы саналатын жалғыз мемлекет.

Қазақстан сыртқы саясатын өзгертіп, бір ойыншымен жақын байланыс орнатып, басқа мемлекеттермен қарым-қатынасына нұқсан келтіреді деп ойламаймын. Өйткені қазір барлық мемлекеттен бірдей пайда көруге мүмкіндік бар.

"ҚАЗАҚСТАНҒА БӘРІМЕН ДОС БОЛЫП ҚАЛУ ҚИЫНДАЙ ТҮСЕДІ"

Азаттық: Қазақстанға өңірдегі ірі ойыншылар арасында тепе-теңдік сақтау қиындай бастады ма?

Темір Омаров: Иә, қиындай бастады. Ірі ойыншылар арасындағы талас күшейіп келеді. Бұрын оларды үлкен дағдарыстар біріктіретін. 2000-жылдардың басында Ресей АҚШ-тың "Әл-Каидаға" қарсы антитеррористік күрес науқанына қосылып, бүкіл әлем күш біріктірді. Қазір де пандемия әлемді бір мақсатқа жұмылдыратын ортақ жау болып көрінгенімен, ешкім біріге қоймады. Керісінше, әлем елдері арасындағы қарым-қатынас нашарлап кетті.

Осы күрестің ортасында қалған Қазақстанға бәрімен бірдей дос болу қиындай түседі. Өйткені әр ойыншы оны өз жағына тартқысы келеді. Осыдан жаңа қиындықтар туындайды.

Азаттық: Мұндай жағдайда Қазақстан ресейлік жоғары шенді саясаткерлердің аумақтық талабына көз жұмып қарауға дайын ба? Былтыр Мәскеудің "сыйлығы" туралы агрессиялы мәлімдемелер айтылған кезде Нұр-Сұлтан наразылық нотасын жіберген еді, бірақ осыған ұқсас кейінгі мәлімдемелер назардан тыс қалды. Неге?

Темір Омаров: Кремльдегі шешімдер қалай қабылданатыны туралы тым қарабайыр түсінік қалыптасқан сияқты. Шын мәнінде Ресейге жаңа территория керек емес. Сондықтан Солтүстік Қазақстан Қырымның тағдырын қайталайды деп қорқудың қажеті жоқ. Өйткені екеуі екі бөлек жағдай. Осы пікіріме қатысты "Қырымда да ондай болады деп ешкім күткен жоқ. Не болды?" деген сұрақ жиі қойылады. Тағы да қайталаймын, бұл екі түрлі жағдай. 2013 жылы Украинадағы жағдай қазір Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға мүлде ұқсамайды. Украина Еуропада орналасқан. Ол еуропалық интеграциялық жобаларға, НАТО-ға қосылғысы келді. Осының бәрі Кремльдің шамына тиіп, соңында осындай жағдай болды. Қырым – тарихи, ұлттық және басқа да факторлар бойынша Қазақстандағы бірде-бір аймаққа ұқсамайтын ерекше аумақ.

Қырымды Ресейге қосып алуға Мәскеудің бұл территорияда АҚШ-тың, НАТО-ның ықпалы артуы мүмкін деген қорқынышы себеп болды. Қазақстан НАТО-ға қосылады деудің өзі күлкілі. Елдегі режим өзгерген күннің өзінде Қазақстан НАТО-ға кіруге ұмтыла қоймайды. Сондықтан Қырымның тағдыры қайталануы мүмкін деген қауіп көріп тұрған жоқпын.

Депутаттардың сөзіне келсек… Бұл депутаттар Қазақстан туралы ғана емес, басқа тақырыптарда да көп нәрсе айтады. Олар үнемі даулы мәлімдемелер жасап, қоғамдық талас туғызып жүреді. Ресей Мемлекеттік думасы осындай істермен айналысады. Депутаттар елдің аузында жүруге тырысады. Әсіресе, сайлауалды науқан кезінде Мемлекеттік думаның жаңа құрамына сайлану үшін барын салады. Депутаттар Кремльде қабылданатын шешімдерге ықпал ете алмайтынын түсіну керек. Жалпы сыртқы саясаттағы шешімдерді Владимир Путин немесе оның әкімшілігіндегі бірнеше адам ғана қабылдайды. Олар бірдеңе демейінше, қандай да бір қауіп күтуге негіз жоқ.

Азаттық: Бірақ Путин де осыған ұқсас мәлімдеме жасады емес пе. Мысалы, 2014 жылы ол "Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған. Мемлекетті Нұрсұлтан Назарбаев құрды" деген. Биыл наурызда Путин Ресейдің көршілеріне жасаған "территория сыйлары" туралы тағы да айтты…

Темір Омаров: Бұл импровизация түрінде айтылған сөздер деп ойлаймын. Бір нәрсені айтқыңыз келіп, басқаға кетіп қалатын кездер болады ғой... Ол жерде Путиннің Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстандағы мемлекеттің негізін қалаған тұлға деп мақтағысы келгені анық көрінді. Бірақ ол көшбасшыны мақтаймын деп, Қазақстан халқын ренжітіп алды. Ал территория сыйларына келсек, оның бұл жерде Украинаны меңзеп отырғаны айтпаса да түсінікті. Бірақ "сыйға берілген орыс жерлері" туралы сөз постсоветтік елдердің бәріне тиді.

"РЕСЕЙ ҚОРҚЫНЫШ САТЫП ОТЫР"

Азаттық: АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ауғанстаннан әскерін алып кеткеннен кейін Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалы артуы мүмкін бе? Қалай?

Темір Омаров: Ресейдің ықпалы артуы мүмкін. Өйткені Ресей қазір "Ауғанстан "жарылса", террористер де, босқындар да Орталық Азияға қарай қашады" деген қауіп пен қорқыныш сатып отыр. Бұл қорқыныш жақсы сатылып жатыр. Оның үстіне, Орталық Азияда Ресей пропагандасының ықпалы жоғары екенін ұмытпау керек. Бұл қорқыныштың салдарынан Орталық Азия елдері Ресейдің қарулы күштерімен және барлау қызметімен әріптестігін нығайтып, Мәскеуді ішкі операцияларына араластырып, оған бұрынғыдан да көп мүмкіндік береді.

Ресей мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (Құрамына Ресеймен бірге Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан кіретін әскери одақ. Онда Мәскеудің ықпалы басым – Ред.) Орталық Азияда Тәжікстан мен осыған дейін тәуелсіз ойыншы саналып келген Өзбекстанға ықпалы артуы мүмкін. Қазір Өзбекстан әскери қауіпсіздік саласында АҚШ, Қытай сияқты басқа мемлекеттермен емес, Ресеймен көбірек әріптес болып жүргенін көріп отырмыз.

Ресейге өз ықпалын арттыруға жақсы мүмкіндік туды. Ол осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Орталық Азия елдері қосымша көмек сұрап келуі үшін Ресей Ауғанстандағы жағдайды барынша пайдаланатын болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG