Accessibility links

"Күшім таусылып, үмітім үзілді". Бес баласымен Сириядан оралған әйелдің хикаясы


Ақпан айында "Жусан" операциясының аясында Сириядан Қазақстанға 12 адам оралды. Олардың қатарында алты жыл қақтығыс аймағында, екі жыл босқындар лагерінде болған көпбалалы ана да бар. Азаттық тілшісі бес баласымен елге оралып, бейбіт өмірге қайта бейімделіп жатқан кейіпкермен сөйлесіп, хикаясын тыңдап көрді.

"ҚАЙТЫП ОРАЛМАСАМ, БҰЛ ЖАҚТАН КЕТУГЕ ТЫРЫС"

31 жастағы Жазираның Таяу шығысқа көшу оқиғасы қақтығыс аймағына кеткен өзге қазақстандық әйелдердің хикаясына ұқсайды. Ол да ерте тұрмысқа шыққан. Күйеуі діни насихатқа еріп, сол кезде Сирия территориясының көп бөлігін жаулап алған "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қосылу үшін қақтығыс аймағына кетуге бел буған. Ол әйелі мен екі баласын өзімен бірге алып кеткен.

Қазақстанда Жазира мен күйеуі қарапайым өмір сүрген, жас отбасының өз баспанасы болмаған. Күйеуі табысы отбасын асырауға жетпейтінін түсінсе де, әйеліне білім алып, жұмыс істеуге рұқсат бермеген. Ол бірінші рет Сирияға кеткенде Жазира балаларымен бірге елде қалған. Күйеуі бір айға жуық уақыт байланысқа шықпай, кейін Түркиядан хабарласып, жолға жиналуды тапсырған. Күйеуінің достары шетелге шығатын құжаттар жасап, билет сатып алуға көмектескен. Жазира отбасымен бір ай Түркияда тұрған. Кейін күйеуі отбасын тастап, Сирияға кеткен. Бірақ әйеліне "Египетке бара жатырмын" деген. Бұл 2013 жылы болған.

– Сирияға баратынымызды кейін айтты. "Ол жақта мұсылмандарға қысым көрсетіп жатыр, соларға қарсы соғысу керек" деп көндіруге тырысты. Барғым келмеді, "үйге қайтайық" дедім. Ол "үй шаруасымен айналысып, балаларға қарап, қауіпсіз жерде отырасың" деп уәде берді. "Біраз уақыт тұрып көр, ұнамаса, қайтып кетесің" деді. Сирияға кетерден бұрын Түркияда тұрған кезімізде көп әйелді көрдім. Біз барған қонақ үйде Қазақстаннан келген 15 әйел болды. Олардың бәрі қажет заттарын, дәрі-дәрмегін алып жолға дайындалып жатты. Сирияға бірінші ерлерді, кейін бізді жіберді. "Артқа қайтар жол жоқ" деді. Шекарадан еш қиындықсыз өттік, – дейді Жазира.

Сирияда Жазира мен балаларын басқа әйелдермен бірге бомбадан зардап шеккен үйге орналастырған. Ерлердің бәрін әскери дайындыққа жіберген. Әйелдер үй шаруасымен айналысқан, оларға азық-түлік жеткізіп тұрған. Бір айдан кейін Жазираның күйеуі әскери дайындықтан оралып, олар отбасымен жеке үйге көшкен. Біраз уақыт отағасы бірде соғысқа кетіп, бірде отбасына оралып отырған.

"Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының қаруланған мүшесі.
"Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының қаруланған мүшесі.

– Одан ештеңе сұрамайтынмын. Тірі келгеніне қуанып жүрдім. Екі айға жуық уақыт Отари қаласында бейбіт өмір сүрдік. Кейін қайтадан қаланы қоршауға алу, бомбалау басталды. Әйелдерді бір үйге жинап, ерлерді соғысқа жіберді. Қоштасарда күйеуім "Мен келген соң, Түркияға кетеміз" деді. Бізді Сирияға әкелгені үшін кешірім сұрады. Ол сол кездің өзінде қатесін түсініп, "Оралмасам, бір амалын тауып, бұл жақтан кетуге тырыс" деді, – дейді Жазира.

ҚАШУҒА ТАЛПЫНЫС

Жазираның күйеуі 2014 жылы Сирияға барғаннан кейін жеті айдан соң көз жұмған. Ол кезде Жазира үшінші баласына жүкті болған. Ол күйеуінің қазасынан кейін Қазақстанға оралудың амалын іздей бастаған.

– Күйеуі соғыстан оралған әйелдерді Түркияға алып кетуге тырысқанын көрдім. Олар бұл туралы ешкімге тіс жармады, өйткені біліп қойса, бұл үшін түрмеге жабады немесе жазаға кеседі. Жесірлерге жауапты адам бізге "Шыдаңдар, соңына дейін қалыңдар" деді. Оған үйге қайтқым келетінін айта алмадым, сондықтан қулыққа баруға тура келді. Аяғым ауыр кезде балаларымды алып, уақытша Түркияда тұруға рұқсат беруді сұрадым. Бірақ ол көнбеді, сондықтан күтіп жүрдім, – дейді Жазира.

Бомбалау кезінде әйелдер мен балаларды басқа жерге көшірген. Осындай көші-қон кезінде Ракка қаласына жетіп, интернетке қосылуға мүмкіндік алған Жазира күйеуінің телефонынан Қазақстандағы досына хабарласып, өзі мен балаларын алып кетуді сұраған. Ол көмектесуге уәде берген, бірақ Жазираға өз күшімен Түркияға жетуі керегін айтқан. Жазира осыдан кейін бірнеше рет қашып көргенін, тіпті шекараға да жеткенін айтады. Бірақ әр жолы оны ұстап алып, ұрып-соғып, тамақ пен ақша бермей жазалап, жесірлерге арналған лагерьге қайтарып отырған. Кейінірек күйеуінің Сирияда соғыста жүрген досы келіп, Жазираны Түркияның шекарасына жақын жерге көшіріп, пәтерге орналастырып, өзі ары қарай қақтығыс аймағына кеткен. Ол Жазираны басқа жауынгерлердің зорлығынан қорғау үшін жесір әйел мен балаларын Түркияға жеткізуге уәде берген танысына тапсырып кеткен. Бірақ ол уәдесінде тұрмай, Жазираны үйден шығармай қойған.

Мешіттің қираған үйден түсірілген суреті. Хомс, Сирия, қаңтар 2018 жыл.
Мешіттің қираған үйден түсірілген суреті. Хомс, Сирия, қаңтар 2018 жыл.

– Ол төрт айдан кейін көз жұмды. Тағы да қашуға тырыстым, бірақ мені ұстап алып, жесірлерге арналған үйге жіберді. Ол жақта өмір сүруге қолайлы жағдай болмады. 2015 жыл еді. Ауруханадағы гинекологқа барып, жағдайымды түсіндірдім. Анықтама беріп, Түркияға емделуге жіберуді сұрадым. Әмірге "гинекологиялық ауруым бар екен" деп өтірік айттым. Ол басында сөзіме сеніп, ақша беріп, "Түркияға барамыз" деді. Бірақ оған біреу бәрін әдейі істегенімді, ешқандай сырқаттың жоғын айтып қойыпты. Мені басқа қалаға апарып, бөтен гинекологтарға тексертті. Олар денім сау екенін айтты. Осыдан кейін мені балаларыммен бірге жесірлерге арналған жатақханаға апарды. Көшеге шығуға тыйым салып, отбасыма бөлінген ақшаны алып қойды. Қашуға күшім де, үмітім де қалмады. Сирияда қалуға тура келетінін түсіндім, – дейді Жазира.

Жазира балаларының амандығы үшін басқа жауынгерге тұрмысқа шығуға мәжбүр болғанын айтады. Ол екінші күйеуімен екі жыл тұрып, балалы болған. Күйеуі Жазираға көшеге шығуға тыйым салған, қашып кетпесін деп құжаттарын өртеп жіберген. Бірде жол үстінде ойнап жүрген қызын алып келуге көшеге шыққаны үшін Жазираға "талақ" беріп, үйден қуып жіберген. Балаларының тағдырына алаңдаған әйел күйеуіне жалынып, үйге кіргізуді сұраған.

– Ажырасқан әйелдер көп қорлық көретін. Сирияда ер адамсыз жүру өте қауіпті әрі қиын. Ол кезде балаларды органға сату оқиғалары жиі кездесетін. Жеті-сегіз жастағы балаларды соғысқа дайындау үшін жеке лагерьге алып кететін. Ондай лагерьге түскен баланы қайта көрмеуің де мүмкін. Баланы анасымен айына бір немесе екі рет ғана кездестіреді. Ал бала артық әңгіме айтып қойса, оны мүлде әкелмей қояды. Бірде кішкентай балалар зорлық көретінін білдік. Бұл туралы хат танитын балалардың бірі анасына айтқан. Ол анасына "Анашым, мені бұл жақтан алып кетші, олар әр түн сайын бізді қинайды" деп жазып, жағдайды сипаттап, хат қалдырған. Күйеуім болмаса, менің де баламды лагерьге алып кетер деп қорықтым. Әйелдер де зорлық көретін. Бұған өзім де куә болғанмын. Сондықтан зорлық көрмеу үшін, балаларымды қорлық пен аштықтан құтқару үшін тұрмысқа шықтым, – дейді Жазира.

Жазира күйеуімен әуелі Сирияда, кейін Иракта тұрған. 2016 жылы ол қақтығыс кезінде қаза тапқан. Ол кезде күйеуі жоқ, балалы әйелге Иракта қалу әлдеқайда қауіпті болғандықтан (әйелдер мен балаларды зорлау, өлтіру оқиғаларының көптігіне байланысты) Жазира Сирияға оралуға мәжбүр болған. Сирияда оларға жеке бөлме тауып беріп, азық-түлік жеткізіп тұрған. Осылай тағы бір жыл уақыт өткен. Көп ұзамай "Ислам мемлекетіне" жұмыс істейтін, бірақ әскери қимылдарға қатыспайтын жергілікті қызметкерлердің бірі Жазираға көмектесуге ниет білдіріп, оны Сириядан алып шығатын адам іздей бастаған. Ол кезде әйелдерді алдап, жолай құлдыққа сатып жіберу оқиғалары көп кездесетін. Бірақ Жазираға қол ұшын созған адам оны алдамаған. Бұл 2017–2018 жылдар болатын. Шекара асуға көмектесетін адам 30 мың доллар сұраған, Жазира 10 мың доллар ғана тауып үлгерген. Осылай Жазираның Сириядан қашуға арналған кезекті жоспары тағы да жүзеге аспай қалған.

Әйелдер мен балалар бүлінген үйлердің арасынан өтіп барады. Мосул, Ирак, қазан 2016 жыл.
Әйелдер мен балалар бүлінген үйлердің арасынан өтіп барады. Мосул, Ирак, қазан 2016 жыл.

– Ол бізді Багуз ауылына апарды. Сирияның барлық өңірінде аштық жайлаған кез еді. Багуздағы жағдай тіпті қиын болды. Көше аралап, адамдардан қайыр сұрадым. Азығы бар адамдар кішкене көмек берсе, бірден балаларыма апарып беретінмін. Кебек жедік. Иесіз қалған үйлерді аралап, көгерген нан қоқымдарын тердім. Су болған жоқ, өзен суын іштік. Қала қоршауға түскенде күрд әскері мен "Ислам мемлекетінің" арасында "Әйелдерге, балаларға және жаралы азаматтарға қоршаудан шығуға рұқсат береміз" деген келісім болды. Бізге көмектескен адам "Балаларды алып, қоршаудан шық" деді. Өзі қалып қойды, бізге ерсе, түрмеге түсер еді. Ол – маған көмектескен жалғыз адам. Бірақ кейін оған не болғанын, өлі не тірі екенін, қазір қайда жүргенін білмеймін, – дейді Жазира.

ДЕПОРТАЦИЯНЫ ЕКІ ЖЫЛ КҮТУ

2019 жылы бесінші баласына аяғы ауыр кезде Жазира балаларымен бірге қоршаудан шығып, "жасыл дәліз" арқылы босқындарға арналған лагерьге жеткен. Лагерьде бірнеше айдан кейін Қазақстан өз азаматтарын алып кетеді деген хабар тараған. Бірақ Жазира "Жусан" операциясының бірінші кезеңіне үлгермей қалған. Ол кезде Жазираны қансыраған күйінде басқа қаладағы ауруханаға алып кеткен. Осылай отбасы келесі кезекті күткен. Жазира лагерьде жүріп, көкөніс пен жеміс сатып, тазалық жұмыстарымен айналысып, қосымша ақша табуға тырысқан.

Содырлардың әйелдері мен жесірлері Сирияның солтүстік-шығысында күрдтер бақылайтын аумақтағы "әл-Хол" лагерінде. Желтоқсан 2021 жыл.
Содырлардың әйелдері мен жесірлері Сирияның солтүстік-шығысында күрдтер бақылайтын аумақтағы "әл-Хол" лагерінде. Желтоқсан 2021 жыл.

– Лагерьде Қазақстаннан келген он шақты әйел қалды. Олардың бәрі бірдей елге қайтқысы келмеді. Себебін сұраған жоқпын. Балаларыммен бірге үйге ораламын деген үмітпен өмір сүрдім. Лагерьде айтқанды тыңдамай, ұрыс шығарған әйелдерді жазалайтын. Мені ешкім жазалаған жоқ, өйткені ешкімнің назарын аудармай, тыныш жүруге тырыстым. Ақпанда бізді Қазақстанға әкелді. Бір ай оңалту шарасынан өткізіп, Қарағандыға жеткізді. Қажет заттарымыздың бәрін әперді. Қазақстанға қайтарып, қолдау көрсеткені үшін билік өкілдеріне алғысым шексіз, – дейді Жазира.

Жазираның үлкен баласы – 11, кенжесі – 1,5 жаста. Жақында бомбалау кезінде бетіне снарядтың сынығы тиіп жараланған үлкен ұлына ота жасалған. Қатты қорыққаннан тілі шықпай қалған кішкентай балалардың бірі сөйлей бастаған. Жергілікті билік балалардың құжаттарын реттеп, мектепке тіркеуге көмектесіп жатыр. Әзірге балалар жеке мұғаліммен оқиды. Билік өкілдері Жазираны қысқамерзімді курсқа жіберіп, жұмыспен қамтуға уәде берген.

Жазира бәрінен де "террористің әйелі" деген атақтан қорқады. Бұл өзінің және балаларының бейбіт өміріне кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді. Ол жанын сақтап, балаларды аман алып қалу үшін бірнеше рет тұрмысқа шыққанына ұялады.

– Әлі күнге аштық пен шөлден қорқамын. Уайымға қарамастан, өмірімді жаңа парақтан бастап жатырмын, – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG