Accessibility links

Македония Соросты неге жақтырмайды?


"Ашық қоғам" қорының негізін қалаған америкалық миллиардер Джордж Сорос.
"Ашық қоғам" қорының негізін қалаған америкалық миллиардер Джордж Сорос.

Жақында екі чех азаматы Македония астанасы Скопье қаласында тарихи монументті қиратып, вандализм жасады деген айыппен бұл елден шығарылды. Мұндай ақпаратты Македониядағы ақпараттық агенттіктердің бірі таратты.

Ақпарат құралының жазуынша, «аты-жөнін атамаған македониялық полиция шенеунігінің айтуынша, қолға түскен екі күдікті вандализм жасау үшін өздерін АҚШ миллиардері филантроп Джордж Соростың «Ашық қоғам» қоры жалдағанын мойындаған».

«СЫРТҚЫ КҮШТЕРГЕ» ЖАБУ

«Скопьедегі ескерткіштерді талқандаған адамдарға жергілікті және шетелдік жалдамалылар ақша төлеген, олар ертең жұмыс берушісі таңдаған жерге, басқа жаққа жіберіледі» дейді полициядағы дереккөз. Мақалада екі чехтың төлқұжаты көрсетілген.

Бұл шағын ақпаратқа мен Чехияда тұрған соң ғана мән бердім деп айта алмаймын. 1992-95 жылдары Боснияда соғыс болған кезде қоршауда қалған Сараево халқының рухын көтеру үшін Соростың қандай әрекет жасағанын жақсы білемін.

Журналист ретінде шиеленістен кейін ес жинап жатқан әлсіз азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-қа оның тигізген көмегі мен қолдауын ұмытқан жоқпын. Сондықтан жан-жақты бағдарлау керек. Чехия сыртқы істер министрлігіндегі баспасөз хатшысының айтуынша, Прагадағы Македония елшілігі Македониядан вандализм жасағаны үшін шығарылған чехтар туралы естімеген.

Македония ақпарат агенттігінің жазуынша, «елден шығарылған екі чех азаматы Еуропа аумағындағы шетелдіктер қаржыландырған бірқатар «төңкерістерге» қатысқанын мойындаған» көрінеді. Бірақ айыпталған чехтардың бірінің Facebook парақшасын қарасаңыз, әлдебір елде «төңкеріс жасағаннан» гөрі музыкаға көбірек қызығатынын байқайсыз.

Оның Соросқа немесе «Ашық қоғам» қорына қатысы туралы ешқандай белгі жоқ. Соңғы бірнеше апта бойы Скопьеде наразылық шерулері өтті. Енді билік бұл наразылық акцияларын «шетелдік астыртын келіссөздің нәтижесі» деп көрсеткісі келетін сияқты.

Өздері лауазымды пайдаланып жасаған қылмысы үшін жауапкершіліктен жалтару мақсатында айыптың бәрін шетелдік «жауларға» жаба салу – ескі қулық. (Ал шын мәнінде халық «сайлауды бұрмалады, жемқорлыққа қатысы бар және телефон әңгімелерін заңсыз тыңдады» деп айыпталған 55 саяси қайраткер мен олардың сыбайластарының рақымшылықпен бостандыққа шыққанына наразы).

СОРОС ҚОРЫ

Македониядағы билікшіл БАҚ Соросқа шүйліккенді жақсы көреді. Кез келген авторитарлық режим үшін Соростың «Ашық қоғам» қорлары жау көрінеді. Соростың тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғам ұйымдарын қолдауы Македониядағы мемлекеттік мекемелердіғ мазасын қашырады.

Бұл ретте 1990-жылдары Босниядағы соғыс кезінде Соростың нендей әрекет жасағанын еске алған жөн. Соростың көмегі арқасында Сараево халқы ұзаққа созылған қоршау кезінде қалыпты өмір сүрді.

Гуманитарлық көмектен бөлек, Сорос бұл қалаға суретшілер, жазушылар, әншілер, режиссерлер әкелді және тағы басқа жәрдем түрлерін ұйымдастырып, күн сайынғы атыстан шошыған, ұнжырғасы түскен халықтың көңілін көтеруге тырысты.

Менің бір танысым сол кезде Сорос қорында жұмыс істеп жүрді. Ол бір күні маған АҚШ халық әндерін орындаушы (фолк әнші) және саяси белсенді Джоан Баэз ханымның Сараевоға келуін ұйымдастыруға тиіс екенін айтты, бірақ өзі оған еш қуанбады. Әншіні әуежайдан күтіп алу үшін Босния армиясын қоршап тұрған серб жасақтары арасынан өтіп, қауіпті сапар жасау керек еді.

Америкалық фолк-әнші Джоан Баэз Сараевода концерт қойып тұр. 1993 жыл.
Америкалық фолк-әнші Джоан Баэз Сараевода концерт қойып тұр. 1993 жыл.

Бұл 1993 жылдың сәуірі болатын. Қалада су желісі мен электр қуаты болмады. Дегенмен де ол Баэз ән шырқауына болатын қауіпсіздеу орын табуға міндеттелді. Дыбыс жүйесінің генераторын орнатуы керек еді. Сондай міндеттер жүктелгендіктен, ол Баэз бен оны тыңдайтын қауымның қауіпсіздігі үшін қатты алаңдады.

ДЖОАН БАЭЗ

Бірақ мен Баэз сияқты шетелдік танымал адамның келуі Сараево халқы үшін нан немесе басқа дүниелерден артық екенін түсіндім. Ол бізге сыртқы әлемнің бар екенін және оқшауланып қалған Сараевоны басқалардың ұмытпағанын білдіретін өкіл сияқты болды.

Баэз керемет жан екен. Ол бүкіл қала тұрғындарымен бірден достасып кетті. Жергілікті музыкант Ведран Смайловичпен жақын қарым-қатынас орнатты. Оны жұрт Сараеводағы виолончель шебері ретінде жақсы білетін. 1992 жылдың мамырындағы «нан кезегінде тұрған жұрт қырғынынан» кейін сол орынға күн сайын келіп, Томазоның Адажио Альбинонидің соль минорын ойнайтын.

Баэздің оның әдеттегі орнына отырып, Amazing Grace капелла нұсқасын орындағаны керемет болды. Ресми ән шырқауға дейін Баэз «Sarajevo, ljubavi moja» (Сараево - махабатым) деген жергілікті әнінің сөзін жаттап алды. Ол соңғы кешін өткізетін кезде досым әншіге қатты ғашық болып қалған еді.

Ол әншіні кез келген жерге апаруға дайын болды, тіпті әуежайға майдан шебі арқылы алып өтуден де тайынбайтын. Содан бері мен Соросты әлемнің жараларын емдеуге арналған жан деп ұқтым, жұртқа үміт сыйлаушы деп білдім. Сондықтан да Македония қазір оның сондай көзқарасын қабылдамайды деп ойлаймын.

Гордана Кнежевичтің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG