Өткен аптада Еуропалық қайта құру және даму банкінің жыл сайынғы жиынында инвесторлар Өзбекстанның мүмкіндіктері мен 35 миллион халықтан тұратын нарығын мақтады. Халқы кедейлікпен күресіп жатқан кезде Ташкент инвестициялық әлеуетін жүзеге асыра ала ма?
47 жастағы Рустам өмірінің көп бөлігін Ресейде құрылыста және басқа да қара жұмыста істеп өткізген. Жақында Самарқандтың іргесінен шағын бизнес ашуға бел буған.
Бірақ жол бойындағы дүкеніне еден салып, алкогольсіз сусындар сақтайтын тоңазытқыш алғаннан кейін тауарға ақшасы қалмаған.
– Мен ойлағаннан да қымбатқа түсті. Енді азық-түлік алуға ақшам жоқ, – дейді толық аты-жөнін көрсетпеуді сұраған Рустам.
Рустамның дүкені кейінгі жылдары сауда мүмкіндігі кеңейгенімен, халқының басым көпшілігінің табысы артпаған Өзбекстан экономикасының жағдайын жақсы көрсетеді.
Рустам Ресейдің Сочи қаласында жұмыс істеп жүргенде ай сайын қарт әкесіне 100-400 доллар ақша жіберетін.
2019 жылы Рустам көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Ресейден депортацияланған. Ол бұл шешім заңсыз болғанын, енді 2024 жылға дейін шетелдегі жұмысына орала алмайтынын айтады.
Қазір ол бұрын жинап жүрген ақшасынан аз табыс табады.
Самарқандқа жақын Нұрабад ауылындағы үйлерді жөндеп, құрылыста істесе, күніне 15 доллар ғана нәпақа алады.
Қалада істесе, бір күндік табысы шамамен 25 долларға жетуі мүмкін. Бірақ Рустамның көлігі жоқ, сондықтан табысының төрттен бірі жолға кетеді.
Кейінгі кездері Рустамның әйелі Израильге барып, қарт адамдарға күтуші болып жұмысқа орналасуды ойлап жүр.
Онда бесжылдық келісімшарт аясында күтушілерге айына 2000 доллар жалақы төлейді. Рустам жергілікті адамдарға Израильден жұмыс тауып беретін делдалдар қызметі үшін 15000 доллар сұрайды деп қынжылды.
– 1999 жылы үйлендік, соның төрт жылын ғана бірге өткіздік. Үйреніп кетеді екенсің, биыл ұлым Ресейге жұмысқа кетті, – деді ол.
Өткен аптада Самарқандта Еуропалық қайта құру және даму банкінің жыл сайынғы жиыны өтті. Оған дейін мұндай жиын Өзбекстанда 2003 жылы ғана өткен.
Президент Шавкат Мирзияев шараны пайдаланып, Ташкент бірінші президент Ислам Каримовтің тұсындағы оқшау саясатын өзгерткенін, қазір әріптестіктің кез келген түріне ашық екенін көрсетуге тырысты. Бұрынғы президенттің бәрін бақылауда ұстауға талпынысы экономиканы тежеп, жеке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірді.
Мирзияев "Қазіргі Өзбекстан – кешегі Өзбекстан емес" деді. Ол Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ұлы қаланың Еуропа, Азия мен Африканың арасындағы шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті байланыстырушы сауда-экономикалық, мәдени, ғылыми-технологиялық маңызын атап өтті.
Қазір Өзбекстан – өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан экономиканың бірі.
2016 жылы Каримов қайтыс болғаннан кейін бұрынғы премьер-министр Мирзияев билікке келді. Ол везде Вашингтондағы Heritage Foundation сараптама орталығы жариялаған экономикалық еркіндік индексінде Өзбекстан 178 мемлекеттің арасында 166-орында тұрған.
Биыл Өзбекстан 176 мемлекеттің арасынан 109-орынға көтеріліп, үкіметтің жекешелендіруге, шетелден инвестиция тартып, мемлекеттік бақылауды азайтуға ұмтылысын көрсетті.
Бірақ туристер ағылып жатқан Самарқандтың айналасындағы елді мекендердің жағдайы мәз емес. Мәселен, Нұрабад ауданында ауызсу тапшы.
Самарқандтан 80 шақырым жердегі 10 мыңға жуық халқы бар елді мекен бір кездері Советобад аталған. Совет Одағы тұсында мұнда уран өндіріліп, аудан экономикасы жақсы дамыған еді.
Қазір мұнда тұратын халықтың орташа жалақысы елдегі орташа жалақыдан әлдеқайда аз. Мемлекеттік статистика комитетінің дерегінше, Өзбекстандағы орташа айлық жалақы 300 доллар болады.
Самарқандтағы қымбат курортта өткен үш күндік халықаралық конференцияда Еуропа қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша өңірлік экономисі Эрик Ливни Өзбекстан экономикасына оптимизммен қарайтынын, бірақ жалақының төмендігі салмақты мәселе екенін айтты.
– Сіздерде өсіп келе жатқан жастар бар, бірақ лайық жұмыс орны аз. Бұл жалақыға үлкен қысым барын көрсетеді. Әрине, біліктілікті қажет етпейтін еңбек тұрғысынан алғанда, Өзбекстанда жұмыс күші көп, бірақ бұл тұтыну мен сұранысты шектейді, – деді Ливни.
"Бірақ бұл – қазіргі сәтті ғана бейнелейтін сурет. Оған қозғалатын картина деп қарасақ, жағдай жаман емес" деді экономист.
– Мәселен, жазда [Өзбекстанда] ыстық болады, көп үйде кондиционер жоқ. Бұл да – өмір сапасының көрсеткіші. Электрониканың бөлшек саудасы артып келеді, – деді Ливни.
Өзбекстандағы жағдайды бақылап жүргендерге “Мирзияев пен оның үкіметі бәсекесіз саяси жүйе мен құбылмалы әлемде өмір сапасын арттыра ала ма?” деген сұрақтың жауабы қызық.
Мирзияев билікке жаңа келгенде мақта алқабындағы мәжбүрлі еңбекті жойып, сомды конвертацияланатын деңгейге жеткізіп, туризм индустриясын дамыту үшін көп елге баруға қатысты шектеулерді алып тастады.
65 жастағы президент 9 шілдеде тағы да жеті жылға сайланғалы жатыр.
Халықаралық валюта қоры қарашада Өзбекстанға жасаған сапары туралы баспасөз хабарламасында Өзбекстанның экономикалық өсімін (6 пайыз) жақсы бағалаған. Бірақ ұйым алда не болары белгісіз екенін, ал 12 пайыздық инфляция қауіпті екенін ескертті.
Өзбекстан халқы шетелден жіберілген ақша аударымдары есебінен күн көріп отыр. Былтыр мұндай аударымдар көлемі екі есе артқан. Өзбекстаннан Ресейге жұмысқа кететін азаматтар саны экономикасы шетелдік қаржы аударымдарына тәуелді Қырғызстан мен Тәжікстаннан көп.
Экономикалық өсімге Ресей рублі әсер етті. Бірақ санкциялардан кейін рубль үмітті ақтамай, құлдырап кетті.
Былтыр жазда рубль долларға шаққанда кейінгі жеті жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп еді. Қазір үш есе құлдырап кетті.
Самарқандта Азаттық тілшісімен сөйлескен такси жүргізушілері Ресейге жұмысқа барайын десе, рубльдің бағамы көңілден шықпай тұрғанын айтқан. Олардың бәрі кезінде Ресейде жұмыс істеген, бірақ қазір мигранттар мобилизацияға ілігіп кетуден қорқады.
Ресейде жұмыс істеп көрмеген 25 жастағы Далер – үйдегі алты баланың кенжесі. Ол ата-анасының қолында қалып, қарт кісілерге қамқор болуға міндетті. Қазір Самарқандтағы теміржол вокзалынан қалаға жолаушы тасиды.
Далердің Санкт-Петербургте автобус жүргізушісі болып істеген бірнеше танысы қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жарияланғанда үйлеріне қашқан.
Өзбекстанға Ресейде жүрген мигранттар мен мобилизациядан қашқан орыстар ағылғанда елде пәтер бағасы шарықтап кетті. Бұрын 200 доллар тұрған екі бөлмелі пәтер жалдау құны 700 долларға бір-ақ жетті.
Мобилизация толқыны басылғанда Далердің достары қайтадан Ресейге кеткен.
– Бұл жақта автобус жүргізушісі 200 мың, көп дегенде 250 мың сом (күніне 17-22 доллар) алады. Қара басың мен отбасыңды асырауға болады, бірақ ақша жинауға артылмайды, – деді Далер.
Азаттық Өзбекстандағы Израиль елшісі Зехавит Бен-Гилельден ақпарат сұрады. Ол Израильде жұмысқа орналастырамын деген адамдардың көп ақша алатынынан хабардар болып шықты. Елші 2022 жылы қос мемлекет арасында келісім жасалғанын, енді жұмысқа орналастырумен жекелеген ұйымдар емес, үкімет айналысатынын айтты.
– Келісім бойынша, бюрократиялық процедуралар тезірек аяқталады, бұл Израильге үйде күтім жасаумен айналысатын уақытша қызметкерлер жіберуге көмектеседі деп үміттенеміз, – деді Гилель.
ПІКІРЛЕР