Accessibility links

"Билікті күшпен басып алмақ болған". Қырғызстанда ұсталғандар кім?


Қырғызстан күш құрылымдары "билікті күшпен басып алмақ болды" деген күдікпен ұстаған адамдар.
Қырғызстан күш құрылымдары "билікті күшпен басып алмақ болды" деген күдікпен ұстаған адамдар.

"Билікті күшпен басып алмақ болды" деген күдікке ілінген 30 шақты адамның аты-жөні белгілі болды. Олардың бірі университет оқытушысы Чолпонбек Сыдықбаев болса, екіншісі – "Чек ара" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Гүлжігіт Исаков. Ұсталғандар қатарында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың бұрынғы жақтасы Роза Нұрматова да бар. Оны көбі "ресейшіл белсенді" деп атайды.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың бұл оқиғаға қатысты пікір білдіруі және ресейлік басылымдарда жарияланған кей материалдар "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс" туралы талқыны одан әрі күшейтті.

"ИНТЕРНЕТТЕ АЗАМАТТЫҚ ПІКІРІ МЕН МАҚАЛАЛАРЫН ЖАРИЯЛАП ТҰРАТЫН"

Қырғызстан арнаулы қызметінің бұл операциясы 5 маусымда белгілі болды. Бірақ ол туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Бір тәуліктен кейін ұсталғандар арасында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті мемлекеттік және муниципалдық басқару факультетінің оқытушысы Чолпонбек Сыдықбаев та бары анықталды.

Әріптестері саясат ғылымдарының кандидатына "билікті басып алмақ болды" деген айып тағылғанына таңғалған.

– Интернетте азаматтық пікірі мен мақалаларын жариялап тұратын. Күмәнді ештеңе байқаған жоқпыз. Билікті басып алмақ болды дегендеріне сенбеймін. Істің ақ-қарасын тергеу ажыратар. Ерсі қылығын көрген емеспіз. Биліктің әрекеті туралы арасында біз де сөйлейміз. Бұл – әркімнің жеке пікірі ғой, – деді факультет деканы Құндызгүл Базакеева.

Чолпонбек Сыдықбаев ұлттық университетте 2010 жылдан бері дәріс оқиды. Көпшілік оны саяси сарапшы деп таниды. Ол Facebook-парақшасында қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты ашық пікір білдіріп отырады.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бішкектегі орталық ғимараты.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бішкектегі орталық ғимараты.

Арнаулы қызмет операциясы кезінде "Чек ара" қоғамдық бірлестігінің өкілі Гүлжігіт Исаков та ұсталған. Ол 2019 жылы Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаров пен оппозициялық саясаткер Өмірбек Текебаевты қолдап, митингіге шыққан. Осыдан кейін белсендінің ата-анасының үйіне полиция барып, ағасын тергеуге шақырған. Гүлжігіт Исаков кейінгі жылдары билікті сынап жүрген, Кемпірабад дауында да өз позициясын білдірген.

– Маған бұл істің бір шеті түсініксіз, екінші шеті бұлыңғыр. Гүлжігіт көптен бері билікті сынап келе жатыр. Билік оған қарсы іс қозғауға сылтау таба алмады. Өйткені мемлекеттік қызметте істемейді, жемқор не алаяқ емес. Дым таппаған соң, осы оқиғаға қатысы бар деп шығарған болуы мүмкін, – деді белсендімен бірге жұмыс істеген Бекназар Айталиев.

Арнаулы қызметке 30-ға жуық адам жеткізілген. Бірақ олардың қаншасы тұтқындалғаны белгісіз. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрт адам кінәсін мойындағанын хабарлап, олардың аты-жөнінің бас әрпін жариялады.

КРЕМЛЬДІҢ РЕАКЦИЯСЫ ЖӘНЕ ӘРТҮРЛІ БОЛЖАМДАР

Бұл істі тергеп жатқан Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті күдіктілер тобын "Элдик кеңеш" партиясының төрағасы басқарған деп есептейді. Әділет министрлігі сайтындағы ақпаратқа сәйкес, "Элдик кеңеш" партиясын Роза Нұрматова басқарады. Ол 2010 жылдан кейін Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаровтың жақтастарының штабын басқарған. Кейін оппозиционер болған. Қырғыз үкіметінде де істеген.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті ғимаратына кіреберісті күзетіп тұрған құқық қорғау органы қызметкерлері. Бішкек, 16 тамыз, 2019 жыл.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті ғимаратына кіреберісті күзетіп тұрған құқық қорғау органы қызметкерлері. Бішкек, 16 тамыз, 2019 жыл.

"Аталған Н.Р.С жетекшілігімен билікті күшпен басып алу жоспары талқыланып, мемлекеттік құрылымдарға қарсы пропаганда жүрген. Тергеудің дерегінше, ұйымдасқан топ қатарына қоғамның әртүрлі тобынан шыққан 100-ге тарта адам тартылған. Олардың әрқайсысының өз қызметі болған. Қолда бар деректерге сәйкес, жақында ұйымдастыру жұмыстары мен маңызды шенеуніктерге жалақы төлеу үшін шетелден қомақты қаржы түсуі керек болған" деп хабарлады Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті.

Арнаулы қызмет дерегіндегі шетелдік қаржы көздеріне қандай тұлғалар мен ұйымдар жататыны белгісіз.

Қырғызстанда "билікті күшпен басып алмақ болған" деген айып кімдерге тағылды? (қырғыз тілінде)

Песков Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті арнаулы операция жүргізген 5 маусым күні Бішкектен алаңдататын жаңалықтар түскенін айтып, "жағдайды мұқият бақылап отырмыз" деді. Бұл туралы Ресейдің ТАСС агенттігі хабарлады.

Осыдан кейін "Московский комсомолец" басылымы Роза Нұрматова туралы көлемді мақала жариялады. Онда Нұрматованы "қырғыздардың санасына Батыс құндылықтарын сіңірушілермен күресіп, Совет Одағындағы ортақ тарихымызды еске салып жүрген тұлға" деп сипаттаған. Журналист 2023 жылы наурызда Бішкекте өткен кездесуді мысалға келтірген. Осындай ақпараттан кейін "Нұрматованың артында Ресей тұр" деген күдік күшейді. Бірақ бұл болжамға қатысты Нұрматованың туыстары мен адвокатынан пікір алу мүмкін болмады.

5 маусымда интернетте Қырғызстанда билікті күшпен басып алмақ болғандар жаппай ұсталып жатқаны туралы видео тараған. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті бұл туралы ресми ақпаратты бір тәуліктен кейін, 6 маусымда бір-ақ жариялады.

Арнаулы қызмет дерегінше, ұйымдасқан топ бір жыл бойы елдегі билікке наразы азаматтарды қатарына тартумен айналысқан. Комитет топтың ұйымдастырушысы азаматтық белсенді, "Элдик кеңеш" саяси партиясының төрағасы Н.Р.С. деп көрсетіп отыр.

5 маусымда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне 30 шақты адам жеткізіліп, олардың төртеуі тұтқындалған. Қазір ұсталған азаматтар уақытша ұстау изоляторында отыр.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Айбек Байбосуновтың материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG