Accessibility links

Өзбек шенеунігі "жексұрын сақал" мен хиджапты сөккені үшін кешірім сұрады


2019 жылғы тамызда Ташенттегі базарға келген милиция өкілдері сол жерде жүрген сақалды азаматтарды көлікке салып әкеткен еді.
2019 жылғы тамызда Ташенттегі базарға келген милиция өкілдері сол жерде жүрген сақалды азаматтарды көлікке салып әкеткен еді.

Өзбекстанда Ферғана облысының басшысы "әйелдердің орамал байлап, ерлердің сапситып сақал қоюы экстремизмнің жайылуына септеседі" деген сөзі үшін кешірім сұрады.

Халық көп тұратын Ферғана облысының басшысы Шухрат Ғаниев қыркүйектің 30-ы күні халық алдында кешірім сұрап, артық кеткенін мойындады.

"[Пікірімді айтқанды] қателік жасағанымды мойындаймын. Ата-анам, туыстарым ұлттық киім киеді. Үйде өзім де ұлттық киіммен жүремін" деді Ғаниев.

Жасы елуден асқан өзбек шенеунігі осыдан бірнеше күн бұрын ғана бұл сөзіне мүлде кереғар зәрлі мәлімдеме жасаған еді.

Өткен аптада үкімет жиынында сөйлеген сөзінде Шухрат Ғаниев Ферғанада орамал тағатын жүздеген әйелге сөгіс берілгені және ұзын сақал қойғаны үшін сонша ер адамға ескерту жасалғаны туралы мәлімдеген.

"Үкімет пен мемлекеттік қызметкерлер діннің атын жамылып жасалып жатқан заңсыз іс-әрекеттерге көз жұма қарап отырмайды. Биылғы жылдың өзінде үгіт-насихатқа еріп, Сирия аттанбақшы болған бірнеше адамның жолы кесілді" деді ол.

Ғаниев мәлімдемесінде "үгіт-насихат жүргізген топтардың ерлерді ұзын сақал қоюға көндіріп, әйелдерді хиджап киюге мәжбүрлеу үшін діни ілімді пайдаланатынын жүргізілген зерттеулер анықтады" де мәлімдеді.

Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озоди) Шухрат Ғаниевтің үкімет жиынында Ферғанада исламның сыртқы белгілері саналатын хиджап пен сақалға қарсы жүргізілген науқан туралы айтқан сөзінің аудио жазбасы түсті. Онда Ғаниевтің дауыс көтере сөйлеп, қоғамдық орындарда "жексұрын сақалмен" жүретін ерлерді cөккен.

Шенеунік өзі басқаратын облыстың қай аумағында сақалды ерлердің көп екенін анықтаған "зерттеу" туралы да айтқан.

"386 ер адам – сақалды жексұрындар. Зерттеу қорытындысы сақал қойғандардың көбі Қоқан, Ферғана мен Марғилон қалалары және Бувайда мен Ферғана аудандарында тұратынын көрсетті" деп мәлімдеді.

"Бұған қоса орамал мен хиджап тағатын 851 әйел мен қыз бары анықталып, олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейін олардың 300-і сырт келбетін өзгертті" деді ол.

Өзбекстанның Ферғана облысының басшысы Шухрат Ғаниев.
Өзбекстанның Ферғана облысының басшысы Шухрат Ғаниев.

Өзбекстанның шығысында орналасқан Ферғана облысында 3,6 миллионға жуық адам тұрады. Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын Ферғана өңірін 2011 жылдан бері басқаратын Шухрат Ғаниев аудан әкімдеріне ескерту жасап, әйелдердің хиджап киюіне қарсы екенін білдірген.

"Егер сіздердің ресми жиындарыңызда мұсылманша киінген әйелді көрсем, мейлі ол махалла жетекшісі, мұғалім, кәсіпкер, қоғам қайраткері я депутат екеніне қарамай, басындағы орамалын жұлып алып, ауыздарыңа тығамын" деп ескерткен облыс басшысы.

Бұға қоса Ғаниев шенеуніктерге Өзбекстанға исламның дәстүрлі киімін әкеліп сатумен айналысатын кәсіпкерлерге қарсы күресуді тапсырды. "Арабтар, түріктер мен сириялықтардың киімдері бізге жараспайды. Өзбектердің өз ұлттық киімі бар" деген шенеунік.

Өзінің дөрекі сөздерімен танымал Ғаниев жиынға қатысып отырған шенеуніктерді "топассыңдар" деп атаған.

Аудио жазбада ол шенеуніктерге Өзбекстан заңдарында мемлекеттік мекемелерде құлшылық орындарын ашқаны үшін жаза қарастырылғанын ескерткен.

Өзбекстан парламенті жоғары палатасының мүшесі Танзила Нарбаева қыркүйектің 30-ы күні Facebook парақшасында Ғаниевтің даусы жазылған аудио әлеуметтік желіде тараған соң оның әрекеті сенат комитетінің отырысында талқыланғанын жазды. Шухрат Ғаниев та сенат мүшесі.

БЕЙРЕСМИ НАУҚАН

Бұл оқиға соңғы айларда Өзбекстанда ислам салт-дәстүріне сай киім мен сақал қоюға қарсы бейресми науқан күшейген тұста назарға ілініп отыр.

Қыркүйектің басында Азаттыққа ақпарат берген азаматтар Қоқандағы мектептерде хиджап киетін оқушылардың тізімі жасалып жатқанын хабарлаған. Оқушылар мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін тізім қала әкімдігіне берілген.

Ташкентте милиция жергілікті базарға тексеру жүргізіп, сақал қойған ер азаматтарды ұстаған. Оларды милиция бөлімшесіне жеткізіп, сақалын қыруға мәжбүрлеген.

Осыған ұқсас тексеру шаралары шығыстағы Наманган қаласында да өткен деп хабарлады жақында Озоди радиосы.

Адамдардың шашы мен сақалының ұзындығын қадағалау Өзбекстанда жиі кездесетін тәжірибе. Бұған дейін Самарқан облысы Ургут ауданындағы мектеп директорының орынбасары өзіне тым ұзын болып көрінген оқушылардың шашын қайшымен күштеп алған кезде бірнеше баланы жарақаттап алғаны үшін жауапкершілікке тартылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG