Accessibility links

"Ұйықтап жатқанда трактор басып кетті". Мақта алқабындағы қаза


Өзбекстан қарулы күштері сарбаздары мақта тиелген трактор тіркемесінің үстінде тұр. 2019 жыл.
Өзбекстан қарулы күштері сарбаздары мақта тиелген трактор тіркемесінің үстінде тұр. 2019 жыл.

Өзбекстанның Сырдария облысында мақта теруге жіберілген екі сарбазды трактор басып, мерт қылған. Биліктің берген уәдесіне қарамастан, елде азаматтарды мақта алқабында жұмыс істеуге мәжбүрлеу тыйылмай отыр.

"ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАНДА МЕРТ БОЛҒАН"

Өзбекстанның Сырдария облысы Баяут ауданына мақта теруге жіберілген екі сарбазды қазанның 13-і күні трактор таптап кеткен деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы). Ферғана облысынан әскерге шақырылған жас жігіттер сол жерде көз жұмған. Азаттықтың Өзбек қызметіне оқиға куәгерлерінен түскен ақпаратты Сырдария облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар растады. Басқарма өкілінің сөзінше, әскери қызметте жүрген екі сарбаз "оқыс қазаға ұшыраған".

- Қолымыздағы ақпарат бойынша, жасы 20-дан енді асқан, әскери киім киген екі сарбаз мақта арасындағы арықта ұйықтап жатқан. Мақта тиеген трактор оларды байқамай басып кеткен. Ешкім күтпеген оқыс жағдай болды, - деді ол Азаттықтың Өзбек қызметіне.

Мақта алқабында жұмыс істеп жүрген адам. Жизақ облысы.
Мақта алқабында жұмыс істеп жүрген адам. Жизақ облысы.

Сырдария облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлімшесінің меңгерушісі мақта алқабында мерт болған екі сарбаз алдымен облыстық мәйітханаға, одан кейін туған жері - Ферғана облысына жеткізілгенін хабарлады.

- Кеше әскерилер келіп, марқұмдарды Ферғана алқабына алып кетті, – деді ол.

Басқарма өкілі қаза болған сарбаздардың аты-жөні туралы ақпаратты жариялауға хақы жоғын айтты.

Баяут ауданындағы орталық аурухананың бас дәрігері Олим Бемурадов Азаттықтың Өзбек қызметіне бұл оқиғадан хабары барын, сарбаздардың қауіпсіздігіне мақта штабында отыратын әскери дәрігер жауап беретінін айтты. Оның сөзінше, бұрын Баяут ауданында мақта терімі кезінде адам қазасы тіркелмеген.

ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕ

Биыл Өзбекстанның көп өңірінде мақта теру науқаны қыркүйек айында басталған. Биліктің "азаматтарды еркінен тыс жұмысқа жегуге жол берілмейді" деген мәлімдемесіне қарамастан, Озодлик радиосына мемлекеттік мекеме қызметкерлерін мақта теруге жұмсағаны туралы хат-хабарлар түсіп жатыр.

Редакцияға ақпарат бергендер облыстық мекеме қызметкерлерінен "мақта теріміне ерікті түрде баратындары" туралы қолхат алып жатқанын айтады. Олардың сөзінше, мемлекеттік мекеме басшылары қызметкерлерін "жұмыстан айрылғың келмесе мақта теруге барасың" деп мәжбүрлеген.

Биыл Өзбекстанда мақта теруге әскерилер мен ішкі істер органы қызметкерлерін, тіпті тұтқындарды жұмылдырғаны туралы ақпарат тарады. Осыған дейін Ұлттық гвардия, ішкі істер министрлігі мен кеден қызметі оқу орнының курсанттары әскери дайындықтан өтудің орнына мақта теріп жүргені туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне айтқан.

Төрткөл аудандық зейнетақы қорының қызметкерлері мақта теріп жүр. Қарақалпақстан, Өзбекстан, қазан, 2019 жыл.
Төрткөл аудандық зейнетақы қорының қызметкерлері мақта теріп жүр. Қарақалпақстан, Өзбекстан, қазан, 2019 жыл.

Өзбекстанда жыл сайын студенттер, мұғалімдер мен дәрігерлер еріксіз мақта теруге жұмылдырылады. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемде мақта экспортынан алғашқы бестікке кіретін Өзбекстан 2018 жылы 170 мың тұрғынын еркінен тыс мақта теруге салған. Өзбек мақтасын сатып алуға бойкот жариялау туралы түрлі ұсыныс көбейген кезде, халықаралық қауымдастықтың қысымымен 2015 жылы Ташкент ресми түрде мақта индустриясы үшін ендігәрі бала еңбегін пайдаланбайтынын мәлімдеген.

Өткен жылы мамырда Өзбекстан үкіметі мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлер және мемлекеттік оқу орындарының студенттерін көше тазалау немесе мақта теру сияқты жұмыстарға жегуге тыйым салу туралы декрет қабылдады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2017 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Өзбекстандағы мәжбүрлі жұмысқа жегу мәселесін қозғап, бұл тәжірибені жоюға уәде берген еді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің (Озодлик) материалынан аударылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG