Accessibility links

Имамдар да жұртты мақта теруге шақырмақ


Мақта теріп жүрген өзбек жастары. (Көрнекі сурет)
Мақта теріп жүрген өзбек жастары. (Көрнекі сурет)

Өзбекстаның Әндіжан облысы әкімі 16 қыркүйекте өткізген жиналыста имамдарға «мешітке келушілер мен махалла тұрғындарынан мақта теруші топтар ұйымдастырып, мақта алқаптарына шығаруды» тапсырған.

Әндіжан облысы Ізбасқан ауданында тұратын имамдардың бірі селекторлық жиналысқа имамдар, отиналар (діни тәлімгер әйелдер), дін істері жөніндегі кеңесшілер, махалла төрағалары және өзге де бірқатар жергілікті белсенділер қатысқанын Азаттыққа аноним түрде хабарлады. Имамның сөзінше, жиналыста талқыланған негізгі тақырып жұртты мақта теріміне жұмылдыру болған.

– Бізге 10-15 адамнан тұратын топтар құруды тапсырды. Ендігі дүйсенбі болып қойды, бірақ мақта теріміне әлі ешкімді шақырған жоқпын. Менен әлі ешкім есеп сұраған жоқ, – дейді әндіжандық имам.

​Оның айтуынша, Өзбекстанда мақта терімі басталған кезде жергілікті билік мақта теруші топтарды ұйымдастыруды имамдарға жыл сайын тапсырады.

– Былтыр қаралы жыл болғанын (Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің қазасын айтады – ред.) білесіз, сондықтан бізге ешкім тиіскен жоқ. Бірақ алдыңғы жылдары мақта алқаптарына өте көп адам шығарғанбыз, – дейді имам.

Мақта теріп жүрген өзбек азаматтары. (Көрнекі сурет)
Мақта теріп жүрген өзбек азаматтары. (Көрнекі сурет)

Әндіжан облысы әкімшілігінің қызметкері Азаттық тілшісінің мақта теріміне арналған жиналыс жайлы сұрағын естіген бетте телефон тұтқасын қоя салды.

Әлеуметтік желілердің өзбекстандық сегментін пайдаланушылардың Азаттыққа хабарлауынша, мақта теруші топтарды ұйымдастыруға имамдарды тарту Өзбекстанның өзге аймақтарында да байқалады.

Бұхарадан «Бұхарада әкімнің дін істері жөніндегі кеңесшісі мешітке келушілерді мақта теріміне шығаруды жергілікті имамдарға тапсырды. Кейінгі кезде имамдарға көп шаруа артып қоятын болып жүр. Олар махалла, мектеп, колледж, мемлекеттік мекемелерде уағыз оқуы тиіс. Байғұс имамдар әлгі тапсырмалардың қайсысын бірінші орындауды білмей дал болады...» деген хабарлама келді.

Өзбекстанда мақта терімі қызатын маусымда жұма намазы кезінде имамдар жұртты мақта теріміне шығуға шақыратынын Азаттық бұған дейін де хабарлаған. Кей имамдар мақта терімін исламның міндетті шарты деп санайды. Ел мешіттерінің көбінде намазға келушілерден мақта терушілердің мұқтаждығы үшін ақша жиналған. Былтыр кейбір ауыл мешіттерінің имамдары мақта теруге өздері шыққаны айтылған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG